Бұл азаматтар құқығын қорғайтын және мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, әкімшілік кедергілерді жоятын «қоғамдық обудсмендер» қызметі еліміздегі үшінші Мамандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында ашылып отыр. Арызданушылар омбудсмендерге өздерінің құқығын жүзеге асыруда кездескен проблемалық мәселелерді, сондай-ақ өзге де жағдайларды айтып, сұрақтарына жауап алуына болады. «Қоғамдық омбудсмендер» қызметін ашу еліміздегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық пен Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлескен жобасы болатын. Қоғамдық дертке қарсы күресті жандандыруды, адамдарды оған төзбеуге үйретуді басты мақсат етіп қойған олар елміздегі барлық халыққа қызмет ету орталықтарына мониторинг жүргізіп отырады.
«Барлық облыс орталықтарындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына ортақ бір кемшілік бар. Олардың барлығындағы бағдарламада Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті мен облыстық ішкі істер департаментінің жұмысы бір арнаға тоғыстырылмаған. Мысалы, көлік иелері техникалық тексеруден өткендігі туралы құжатын алып, халыққа қызмет көрсету орталығына келеді, ал олардың аты-жөні мұндағы базада жоқ болып шығады. Содан көлік иесі техникалық тексеру мен ХҚО арасында шапқылайды.
Бұл бір шикілік. Екіншісі салыққа байланысты. Мысалы ауданнан сататын көлігінің салығын төлеген адам Халыққа қызмет ету орталығына келіп машинасын есептен шығарайын десе, мұнда компьютер оны көрсетпейді. Біз жүргізген мониторинг бойынша, Қостанайдағы проблема –мұнда полицейлер халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарымен бір ғимаратта отыр. Ал бұл жүргізуші куәлігін алатын кезде оған қызмет көрсетуші екі ведомсатв қызметкерлерінің бір бірімен байланысуына, одан әрі сыбайластыққа бастайды. Көзге ұрып тұрған құбылыс» дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық төрағасы Төлеген Байғұлов. Ең бастысы «Қоғамдық омбудсмен» қызметі көрсетілетін мемлекеттік қызметті алу кезінде заңсыз «делдалдарды» аулақтатуға күш салатын болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталықтың «Қоғамдық омбудсмен» қызметі туралы бұл бастамасы «Жолдарда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге 10 қадам» жобасы шеңберінде жүзеге асып жатыр. Қостанайдағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы «қоғамдық омбудсмен» қызметінің басталуын сапар барысында Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев келіп көрді. Ол тұтынушылармен әңгімелесті, олардың пікірін білді.
Нәзира Жәрімбетова
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ