Жақында ғана Алматы облысы Алакөл ауданы Ынталы ауылының 38 жасар тұрғыны Рысбек Бұғыселұлы тұтқиыл ұстаған жүрек талмасынан қайтыс болған еді.
Қолында кәрі анасы бар, табан ет, маңдай терімен еңбек етіп, үлкен бір шаңырақты асырап отырған арыстай азаматтың аяқ астынан келген қазасы әрине ауылымызға, әсіресе марқұмның отбасы, туыс-туғандарына оңай тиген жоқ.
Торқалы той болып, топырақты өлім шыққан отбасына тайлы-таяғы қалмай жиналып, шаруасына көмектесіп, көңіл жәрдем, қол жәрдемін аямайтын ауыл адамдары бұл жолы да жосыннан жаңылған жоқ. Тірі адамға тіршілік. Қасиетті Рамазан айының алғашқы күндерімен араласа келген егін егу, жер жырту жұмысы кезінде Мәденбек, Бұлғынбек, Мұқият бастаған ауыл азаматтары бас болып темір техниканы ең алдымен Рысбек марқұмның жеріне салды. 30-дан аса адам мен 20 шақты техниканың күші жұмылдырылып, жерін жыртып, тұқымын сеуіп берді. «Тірліктің диірменін бірлік тартады» деген осы.
«Біз ежелден қаралы үйге қарайласқан қазақпыз ғой, кімнің басында қандай жағдай болады, Алла біледі. Осындай жағдайда бір-біріміздің қасымыздан табылып, септеспесек бір ауыл болып отырғанымыздың қандай пайдасы бар?» дейді ауыл тұрғыны Бұлғынбек Қожақапанұлы.
Бұл – береке! Енді бір жағынан жылағанды жұбатып, жығылғанды сүйейтін ата дәстүр, ардақты салтымыз. Ешқандай әкімшіліктің арнайы ұйымдастыруынсыз-ақ аптап ыстықта атыз басына келген ауыл адамдарының көпшілігінің ауыздары ораза. Қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет жасап жүретін ақ көңіл, ашық жарқын азаматтың ағайын туысының басына түскен қара таудай қайғысын бөлісіп, тірлігіне септескен бұл қайрымдылық шара, сауапты істері көпке үлгі болса керек.
Қадырсұлтан Нүсіпқан
Алакөл ауданы Ынталы ауылы