Осы күннің көз шоласы «социалистік реализмнің» томаға-тұйық қалпынан шығып кеткен қазақтың бейнелеу әлеміне түскен кезде, оның айналасы жиырма жылдың ішінде мың түрлі құлпырма бояуға қанығып үлгергенін байқар еді. Суретшілердің айтар ойынан тартып, көрерменге жеткізер әдіс-тәсіліне дейінгі аралықтың түрлене түскенін сезер еді.
Әйтсе де біздің әлі төл тарихымыз, жер-суымыздың көріністері, осынша жерді аманат еткен ата-баба бейнелері толық кенеп бетіне түсіп болған жоқ. Иә, Әбілхан ағаның бүкіл акварель пейзаждары, айлап-жылдап жазған пленер-этюдтері, Орал ағаның қазақ жеріне қатысты пейзаждары, Құрманғазы Ақашевтың «Жайлау» серияларымен көз жұбатсақ та, болашақ үшін көңіл алаң. Досбол Қасымовтың «Күлтегін» картинасы тұрпатты жүздеген картиналар өмірге келсе, тақиямызға еш тарлық етпес еді. Мақсат Бексұлтанов салған «Аңырақайдан» асырып ондаған полотно жазсақ, кәнеки?! Мұзарттың қарлы шыңдарын, Баркөрнеуді, Көкшетеңізді, Ұлытауды, Бетпақ даланы, Шерқаланы, Қаройды салмақ түгіл, оған арнап кенеп те керген жоқпыз.
Өткен жылдары бір этнограф ғалыммен сапарлас болдық. Суретші екенімді білген соң:
– Осы сендер неге пейзажды кемеліне келтіріп бір жазбайсыңдар? – деп сұрақ қойды. «Анау ғой, мынау ғой, пейзаж бүгінгі көрерменге таңсық емес», деген тәрізді жауаптарыма қанағаттанбаса керек, әлгі кісі:
– Мамандығыма орай, талай экспедицияға шығып жүргенімізде, бір жолы қосымызды Ертіс өзенінің бойына тігуге тура келді. Бір күні таң бозынан ояна кетсем, өзеннің бетінен буы көтеріле, әдеттегіден тым өзгеше, қарабарқынданып ағып жатыр екен. Арнасынан биіктеп кеткендей ме. Маған бу емес, Ертістің рухы көтеріліп келе жатқандай, арқам шымырлап кетті. Содан жатып алып: «Шіркін-ай, мына көріністі салар ма еді?! Қазақтың даласын, өзен-көлін мыңдаған жылдар бойы алаш жұртын асырап келе жатқан киелі рух ретінде кенепке түсірсе ғой», деп қиялдайын. Ал сен қайдағыны айтасың. Сендей қазақтың баласы салмағанда қазақтың жерін кім салады? – деп кейігені жадымда қалыпты.
Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беру де тым артық болар. Олай дейтінім, реалистік бағытты берік ұстанып, қазаққа «Атажұрт», «Отырар шайқасы», «Күлтегін», «Сарыарқа сазы», «Салт атты», «Нәзіктік аурасы» сияқты картиналарды берген суретшілердің жолын жалғап жүрген жастардың қатары да бүгінде аз емес. Сондай-ақ Дәркембай секілді зергер-ұсталардың жолын жалғап жүрген Берік Әлібай, Сержан Баширов, гобелен, шым ши, киіз, тері бұйымдарымен (құшкөн) Бапановтар отбасы, Райгүл Ахметжанова, Жаннұр Әлімбаев, Пернегүл Омарова, Жәңгір Үмбетов, Алмагүл Иханова, Темірші Құлманов, кестеші Зейнелхан Мұхамеджан тәрізді шеберлер қазақтың төлтума өнерін белгілі бір дәрежеге көтеріп, ауқымын кеңейтті.
Қазақтың бейнелеу өнері батыс Еуропа сурет ағымдарымен шығыс мәдениетінің қосындысы, синтезі болып келеді десек, шығармашылығы, шамамен, пуантилизм үрдісін еске салатын Қалиолла Ахметжанов, метафизикалық кескіндеме әдісін бағыт еткен Айтбай Құлбай, абстракциялық модерн жолына дендеп кірген Бақытнұр Бүрдесбеков қазақ көрермендеріне аса бағалы туындыларын берді. Пайымы Анри Матисстің фобизміне ұқсайтын Ғалым Қаржасов, Вазарелидің оп-артын көз алдыңа әкелетін Бақытбек Талқамбаев, Пикассоның кубизмін «қазақшалаған» Сәдір Кәрібай еңбектері де санаулы жылдар ішінде өз көрермендерін тауып, санаға сіңіп үлгерді. Керекулік Өскенбай Шорановтың, қарағандылық Айбек Бегалин, шымкенттік Ералы Оспан шығармаларының түскен жолдары қандай екенінен гөрі, олардың «қазақ, міне, осындай талантты халық» дейтін лепесті сан рет қайталатқанымен құнды. Болат Түргенбай, Ботагөз Ақанаева, Асқар Есдәулет дейтін аты-жөннің арғы жағында жүздеген картина, қазақ суретіне қосқан мол үлестер жатыр. Қазақ бейнелеу кеңістігіне соны, тың серпінмен келген Манат Қаспақовтың «Күту», «Қансонар», «Кездесу» картиналары сөз жоқ, алтын қорға қосатын сом дүниелер. Телжанов, Мәмбеев, Шаяхметовтің «қазақ бояуы қалай жағылуы керек» дейтін ұлы мұратын жалғап, бейнелеу алаңына Мейіржан Нұрғожин, Қазыбек Әжібекұлы, Досбол Қасымов, Талғат Тілеужанов, Шахмардан Айдосовтың шығуы бек қуанышты.
Осы ғасырдың сурет өнері десе, көз алдыма қазақтың бейнелеу өнеріне сонау сақтардың, түркілердің балбалын, таңбалы тасын, ою-өрнегін рухани концепция етіп алған Бақыт Бапышев, Өмірбек Жұбаниязов тұрпатты әріптестерім келеді. Гүлжан Тагенова, Рашид Нұрекеев, Әділ Мазақов, Нұрлан Қилыбаев, Қасымбек Мелдехан, Асқар Қуат, Серік Тайнов, Гүлнар Сүйінбаева сынды суретшілер және бар.
Суретші болған соң, алып та жығатын, шалып та жығатын балуандайын әмбебап болғанға не жетсін?! Әдетте «график» деп бағаланатын Қайырбай Зәкіровтің ілгері жылдары майлы бояумен жазған «Жанкет» атты керемет сериясын тамашалағанымыз бар. Махамбеттің бүкіл өлеңдерін «құм жазуы» деп аталатын өзі ойлап тапқан шрифпен көркемдеп шыққан графика маманы Табылды Мұқатовтың осы жақында алпысқа жуық «живопись» картинасын сүзіп шықтық. Әсері тап Салихитдинше! Бақытхан Мырзахметовтің екі жанрды теңдей ұстап отырғанын да айтқан жөн.
Қазақстандағы өзге жұрттың, қазақпен салыстырғанда, бір қайғысы кем. Оларда ұлттық рух, сана, тіл мәселесі ушығып тұрған жоқ. Күшігін салса да, мысығын салса да, лала гүлдерін бейнелесе де өз көрермендеріне рауа. Ендеше, Қазақстанның жақсы атын шығарып, Жаратқаннан келген пәрменді адал атқарып жүрген Т.Баринова, Е.Ралина, П.Белов, А.Ророкин, М.Ведерников, Е.Те, Е.Фридлин, А.Тазиев, И.Устьянцев, К.Юлдашев секілді әріптестерімізге де әманда құрмет.
Қазақстанның бейнелеу алқабының гүлдене беруіне тәуелсіздік жылдарымен келген арт-галереялардың да үлесі мол екенін айта кетуіміз керек. Алматыдағы бой көтерген арт-галереяның ішінде дүркін-дүркін көрме өткізумен қатар, суретшілердің жуан елі каталог-альбомдарын басып шығарып жүрген Гүлмира Шалбаева бастаған «Ою», Астана суретшілерін шетелге танытуға атсалысып жүрген Ләйлә Махат жетекшілік ететін «Құланшы», елордада сан мәрте суретшілер симпозиумын ұйымдастырған, Тәуелсіздік сарайының сурет-галереясын басқаратын Ақтоты Көлкеқызы, «Хас санат» атқарған істер суретші қауымының ғана емес, ең әуелі көрерменнің ықыласына бөленгенімен құнды.
Шетел демекші, Түркия жерінде бой көтерген «ТҮРКСОЙ» бірлестігінің де Қазақстан суретшілерінің өзге жұртқа танылуына өз үлесін қосып отырғанын айта кету ләзім.
Осы жетістіктерімізден кейін қазақ бейнелеу әлемінің алақайы әттегенайынан артық екен дейтін ұғым қалыптаспауы керек. Әр нәрсенің бағы салыстырумен ашылатын болса, кеңестік идеологияның сызып берген шекарасының ішінде отырып сурет салған уақытпен еш тежеусіз, шексіз мүмкіншілік кезеңін безбендеп барып пікір білдірсек, бүгіннің салмағы белгілі болып қалмақ. Қазақстанның сурет әлемінің бағасы әлі әлемдік бейнелеу деңгейінде өз бағасын алған жоқ. Ол үшін суретшілер биенналеге, яғни халықаралық көркемөнер көрмелеріне қатысуы тиіс. Үкімет арнайы қаржы бөліп, қазақтың сурет механизмін әлемдік айналысқа түсіруі керек. Ал бұл мәселе, өкінішке қарай, тіпті құзырлы орынның күн тәртібіне қойылған да жоқ.
Кенеп пен қағазға сурет салу өнері қазақ мәдениетінің кенже туған баласы іспеттес болғандықтан, оны жүздеген ғасырлық ғұмыры бар батыс суретшілігімен шендестіру әбестік. Десе де қазақ халқының бойындағы дәстүрлі қолөнері суретшіліктің бір формасы-тұғын. Керек десеңіз, әрідегі таңбалы тастардан бастап, құлпытас бетіндегі бедер-бәдіз, Дешті Қыпшақ даласындағы тас балбалдар, Үйсін қағанатының даңқты баласы, бүгіннің мақтанышы Мұхамед Хайдар Дулати жазбаларындағы суретшілер, оның ішіндегі Камалатдин Бекзақ миниатюралары, Сердалы Бекшорин, Шоқан Уәлиханов шығармаларына дейінгі ұшан-теңіз бәдізші, зергер, шебер, ұсталардың еңбектері өз алдына бір әлем. Тек, біздің ел жасаған бұйымына арнайы отау тігіп, мұражай жасап әспеттемеді. Жақсысын құнттамайтын ел «мұны жасаған пәленшекең» деген дабыраға да нәумез болатын. Ал өзің қадір тұтпаған дүниені өзге қайдан көрсін. Біздің халқымыздың зергерлері мен шеберлерінің сыртқа танылмай келуінің бір себебін осыдан іздеген жөн.
Сөйтіп, жиырмасыншы ғасырмен бірге қазақ даласына келген сурет өнері бізге Қастеев сынды аса дарынды ұлды берді. Эйферт, Черкасский, Индкинд тәрізді таланттар келіп, Алматыға тұрақтады. Елу-алпысыншы жылдар қазақтың өз сурет мектебін қалыптастырды.
Әсіресе, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Әли Жүсіповтің бейнелеу кеңістігі, өзгелерге әсері, ұлтына қалдырған рухани байлығы ұшан-теңіз.
Күні кешеге дейін қолынан палитрасы түспеген марқұм Әбдірашит Сыдыхановтың салған берідегі картиналары, игерген тақырыптары, кинодағы, режиссурадағы істеген еңбектері әрідегі көшпелі халықтың әлеми көзқарастарымен, пайымдарымен астасып, бітісіп, көрерменіне жетіп отыр. «Темекі жинау», «Нұрмұхан Жантөрин Шоқан рөлінде» деп келетін картиналардан «Қазақ халқының таңбалары» серияларына дейін тынбай жазылған картиналар – қазақтың рухани кеңістігінде қалатын өлмес шығармалар.
Тәуелсіздік ұғымын санаға сіңірген суретшілер кеңестік реализмнің «темір пердесін» сырып тастап, ата-баба жолын іздеп, оның айтар ойын, асқақ арманын кенепке түсіруге тырысты. Осы тұрғыда сан түрлі әдіс-тәсілді меңгеруге бел буған Ақанаевтың, Мадановтың, Мазақовтың, Бапышевтің, Бектасовтың, Хайруллиннің ізденістері ересен екендігін де айта кеткен жөн.
Ал енді сол тоқсаныншы жылдармен келген, жыл сайын артып, шығандап бара жатқан мүмкіншілікті қазірдің дизайнерлері қайтіп игеріп әкетті дейтін болсақ, ол басқа әңгіменің жүгі. Қазір баспа, шағын полиграфияларды жаулап алған біраз «дизайншылардың» тірлігіне қарап қарның ашады. Кезінде газет-журнал, әсіресе кітап көркемдеу ісінде біздің график-суретшілер қазақтың бейнелеу әлеміне, графикасына соншалық мол қазына қосып еді ғой! Ол қазынаға мол үлес қосқан Мақұм Қисамединов, Меңдібай Әлин, Әділ Рахманов, Хасен Абаев, Үкі Әжиев, Арсен Бейсенбинов және Темірхан Ордабаев, Ағымсалы Дүзелханов, Қайырбай Зәкіров, Қадырбек Қаметов, Ғали Мырзашев, Ералы Оспанұлы секілді қылқалам иелері болатын.
Ол кезде журналға кететін әрбір материалдың жолын есептеп шығарып, макет жасалатын. Журнал бір өңкей жазулармен шықпас үшін қолдан иллюстрация, фото, коллаж, шрифт, штрихтармен көркемдеп, әрбір айқарма бетке «жан салуға» күш салушы едік.
Сөз жоқ, 80-90-жылдарғы газет-журналдар қол еңбегімен суарылған, нағыз графика бұйымдары еді. Сол кездегі «Балдырған», «Зерде», «Арай», «Жалын», «Қазақстан әйелдері» журналдарында суретші болған Еркін Өксікбаев, Нұран Айымбетов, Марат Сапа, Әлібек Сәдуақасов, Рүстем Жұмекенов сынды мықты иллюстраторлардың әрқайсысы өз алдына бір мектеп еді.
Әрине, сурет өнерінің бағасын қазақ рухы кеудесін кернеп тұрған қазақ тілді өнертанушы берсе, қане! Бірақ амал қанша?! Суретші бола тұрып, арагідік публицистиканы да жаза білетін Өмірбек Байтұрсынов, Қалиолла Ахметжанов, Қайырбай Зәкіров, Саламат Өтемісұлының жазғандарын місе тұтпасқа шара жоқ.
Сондықтан да еріксіз орыс тілді өнертанушылар пайымын малданамыз, қазақшаға аударып басамыз... Олардың дені Ресейде білім алып келгендіктен, бояудың жағысын, композицияның шешімін тап басып айта алғанымен, қазақтың жанын түсінуге келгенде кемшін соғып жатады. Иә, қазақ суретшісінің жүрегінен ағып келіп, қолымен қылқалам арқылы кенепке түсіретін жанын сезінуге келгенде кемтар. Қазақша ойлап, жаза алмағаннан соң пайымдары да өзге таразыға лайықталған.
Қазақ көрерменінің әлі де сурет тану мүмкіншілігінің шектеулі екені ескерілсе, оны музей-галерея соқпағымен жетелеп шығуға мүмкіндігі бар өнертанушыға қашанғы сусар екенбіз?!
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, суретші.