Рефик Туран, Түрік тарихы құрылымының басшысы, профессор (Түркия):
– Әлем ғалымдары бас қосқан алқалы жиынның тақырыбы Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына арналып отыр. Мақалада қоғамдық сана жаңғыруының негiзгi қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, заман сынағына лайықты төтеп беруге қажеттi нақты жобаларды жүзеге асырудың міндеттерін ұсынды. Қазақстанда түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің жаңа мүмкіндіктері алдыңғы орынға шығып отырғанына куәміз. Бүгінгі форумда бүкіл әлемдегі түркі халықтарының тілі мен өзара мәдени байланыстарының ең маңызды мәселелері талқыланып, оның болашақтағы дамуы жайлы сөз болуы форум тақырыбының мән-мағынасын кеңінен ашып берді. Ғалымдар түркі әлемінің тілі, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты соңғы жаңалықтарымен бөлісіп, келелі шешімдерге келеді. Себебі, қазіргі күнде түркі халықтарының тілі, сан түрлі этникалық мәдени әлемі жайындағы мәселелердің ғылыми және саяси жақтан оң шешімін табуы өте маңызды. Ортақ тарихымызды және мәдениетімізді әлемге таныту, келер ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен мұндай ауқымды шаралар алдағы уақытта басқа да Түркі мемлекеттерінде жалғасын тапса дейміз.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»