Жекпе-жек • 29 Мамыр, 2017

Дзюдодан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын төртінші орынмен аяқтады

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Гонкенгте дзюдодан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Құрлықтық біріншілікті Қазақстан ұлттық құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 3 қола мед иеленп, жүлде саны бойынша жалпы есепте 29 ел ішінде 4-орынмен аяқтады. Бірінші орында Жапония (8 алтын, 1 күміс, 3 қола), екінші орында Оңтүстік Корея (3 алтын, 4 күміс, 7 қола), үшінші орында Моңғолия (1 алтын, 3 күміс, 5 қола) құрамалары тұр. 

Дзюдодан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын төртінші орынмен аяқтады

100 келіге дейінгі салмақта белдескен балуанымыз Максим Раков ел намысын абыроймен қорғады. Ол финалға дейін қарсылас шыдатпай, финалда кореялық Ким Хуеншеолды вазари ұпайымен ұтып, екі дүркін Азия чемпионы атанды. Бұған дейін, Максим Раков 2009 жылы Тайваньда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанған болатын, деп хабарлайды дзюдо федерациясының баспасөз қызметі. 

Азия біріншілігінің алғашқы күніндегі қыздар арасындағы бәсекеде Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг)  финалға дейін жетіп, Моңғолия құрамасының спортшысы Мунхбат Уранцэцэцгке «Голден скорде» жол берсе, финалға дейін жеткен тағы бір дзюдошымыз Елдос Жұмақанов (66 кг)  шешуші белдесуде әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері кореялық Ан Баулға есе жіберіп, екеуі де күмісті қанағат тұтты. Жарыстың екінші күнінде ел қоржынына тағы бір күміс медаль қосылды. 90 келіде татамиге шыққан Ислам Бозбаев финалда тәжікстандық  Комроншох Устопириенмен белдесуінде ескерту қағазының (шидо) көптігінен жеңіліп, Азия чемпионатының күміс медаліне ие болды. 

73 келіде белдескен Жансай Смағұлов шешуші жұбаныш белдесуінде Иран балуаны Мохаммади Баримонлоу Мохаммадты иппон ұпайымен жеңіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Қазақстан қыздар құрамасынан Зере Бектақызы (70 кг) және Гүлжан Исанова (+78 кг) жүлдегерлер қатарынан көрініп, Қазақсанға қос қола әкелді. 

Сондай-ақ, командалық сайыста Қазақстан ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы чемпионатты 5-орынмен аяқтады.  

Естеріңізге сала кетсек, Құрлықтық чемпионатқа Азияның 29 елінен 244 спортшы бағын сынады. Қазақстан ұлттық құрамасынан 18 дзюдошы қатысып, 7 медаль иеленді.