Жиынды ашқан Жоғарғы сот төрағасы Қ.Мәми биылғы жылы Жоғарғы соттың жалпы отырысының қаулысына сәйкес Кеңестің құрамы 15 адамға жаңарғанын атап өтті. Төрағаның мәлімдеуінше, Кеңес құрамына Ресей мемлекеттік сот төрелігі университеті Қылмыстық сот ісін жүргізу бөлімінің меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Оксана Качалова, Англия және Уэльс (Ұлыбритания) жоғарғы соттарының адвокаты, «Стратегиялық бастамалар орталығы» серіктестігінің серіктесі Кирилл Зенин, Таллинн округтік сотының және Еуроджаст қадағалаушы сотының судьясы Павел Гончарев қосымша мүше болып кірген.
«Бұл Кеңес Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Жұмыс істей бастағанына бір жылдан астам уақыт өткеніне қарамастан Халықаралық кеңес институт ретінде қалыптасты. Оның қызметі халықаралық практика тұрғысынан сот төрелігін жүзеге асыру жұмысына ұсынымдар мен тұжырымдар беруімен маңызды», – деді Қ.Мәми.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Кеңес мүшелерінің белсенді қызметінің нәтижесінде алғаш рет инвестициялық дауларды қарау бойынша әдістемелік түсіндірулер әзірленген. Әсіресе, инвесторлардың қатысуымен болатын даулар бойынша белгілі бір ұсынымдар дайындау мақсатында мемлекеттік органдар өкілдері мен инвесторлардың қатысуымен кездесулер өтіп, нақты сот істері бойынша процестік заңнама шеңберінде қорытындылар жинақталған. Сондықтан биылғы жұмыс жоспарында сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізудің өзекті мәселелері енгізіліп отыр.
Жиында Жоғарғы соттың Мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева Кеңес жұмысының өткен жылғы нәтижелері мен алға қойылған жоспарлары туралы баяндады. Сонымен қатар, «ҚазБар» Қазақстандағы коммерциялық заңгерлер қауымдастығының басқару кеңесінің төрайымы, Халықаралық кеңестің мүшесі Айгүл Кенжебаева да сот жүйесін жаңғыртумен қатар, реформалау сотта мүдделерге өкілдік ету институтына ықпал етуі тиістігі жөнінде сөз сөйледі.
Орайы келгенде өз ойын білдірген Жоғарғы сот төрағасы құқықтық мемлекеттердің рейтингі заң үстемдігі индексі, соның ішінде, қылмыстық сот төрелігінің көрсеткіштері бойынша анықталатындығына тоқталды.
«Өздеріңізге мәлім, Қазақстанның қазіргі таңдағы қылмыстық саясаты ізгілендіруге және қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыруға бағытталған, соның ішінде шын мәніндегі бас бостандығынан айыру жазасы айыппұл салу жазасына ауыстырылуда», – деді Қ.Мәми.
Жиын соңында Жоғарғы сот Төрағасы Кеңес мүшелері А.Кенжебаева мен Й.Пуделька, К.Мастерс пен Ж.Елубаевты Халықаралық кеңес жұмысына белсене қатысып, қызметте көрсеткен кәсіби шеберлігі үшін және республиканың сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен марапаттады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»