Әдебиет • 29 Мамыр, 2017

«Құстар қайғысы» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық кітапханасы мен «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті ақын, жазушы, драматург Омарғазы Айтанның дүниеге келгеніне 85 жыл толуына орай «Құстар қайғысы» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.

«Құстар қайғысы» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне ақын Жәркен Бөдеш, «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия, ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы, жазушы Болат Бапай, ақын Алмас Ахметбекұлы, Бабақұмар Хинаят, Бақытбек Бәміш сияқты бірқатар қаламгерлер мен Омарғазы Айтанның дәм-тұздас, сырлас болған замандастары, туған-туыстары қатысып, ақынның өмірі, шығармашылығы жайлы естеліктерімен бөлісті.

1931 жылы Шыңжаңның Тарбағатай аймағында дүниеге келіп, 1957 жылы Шыңжаң университетінің әдебиет факултетін бітірген соң сол өңірдегі бірқатар басылымдарда қызметтер атқарған Омарғазы Айтан Қытайдағы «Мәдениет төңкерісі» науқанында әсіре қызыл саясат салдарынан 1959 жылы  жер аударылып, ауыр еңбекке жегілген. 20 жыл бойы саяси көзқарасы үшін түрмеде отырған ақын тек 1978 жылы Қытай саясатының оңалуына орай ақталып, қоғамдық қызметіне қайта оралады. «Құс жолы», «Түйе», «Сәукеле» сынды жыр жинақтарымен қатар, «Аң шадырын оқ табар», «Таразы» романдары мен көптеген драмалық шығармалар жазған қалам иесінің өмірден өткеніне биыл тура 20 жыл толып отыр.

Ақын Жәркен Бөдеш: «Қытайдағы қазақ әдебиетін жоғары сатыға көтерген аз ғана ақын-жазушылардың бірі Омыкең еді. Ол өмірінде «Мен ақынмын!» деп кеуде ұрып көрмеген жан болды» дей келе, Омарғазы Айтанұлы қайтыс болғанда жазған өлеңін жиналған жырсүйер қауымға оқып берді.

Ал ақынның шәкірті Алмас Ахметбек: «Омарғазы Айтан – Шыңжаң өлкесіндегі қазақ ақындарының маягы тәрізді еді. Бір өкініштісі, ақынның поэзиясы Қазақстанда кеңінен насихатталмай жатыр. Шын мәнінде, бүгінгі жастардың ізденістеріне, сұраныстарына, бүгінгі лириканың талаптарына, жұрттың ішкі көңіл-күйлеріне жауап беретін өлеңдер Омыкеңде көптеп кездеседі» деген пікір білдірді.

Қазақ өлеңінің кеңістігін таңғажайып талантымен кеңейте білген тарлан ақынның туындылары, қазақ поэзиясында ешкімге ұқсамас дара жолын салып кеткен ақынның бұралаң тағдыры мен асқан асулары, биік парасаты мен асыл адамгершілігі, шығармашылығындағы бітім болмысы бөлек өрнектер аталмыш басқосудағы әңгіме арқауына айналды.

Жазушы Қойшыбек Мүбәрак пен ақын Мұрат Шаймаран тікелей атсалыса жүріп жарыққа шыққан «Құстар қайғысы» жыр жинағына Омарғазы Айтанның әр жылдары жазылған терең ойлы, өзгеше сарынды өлеңдері мен айтары салмақты дастандары топтастырылған.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ