Өткен жылдың 28 маусымында БҰҰ Бас Ассамблеясында КК-нің тұрақты емес бес мүшесін сайлау өткені белгілі. Сол сайлауда Қазақстанға 138 мемлекет дауыс беріп, Отанымыз аталған ұйымның 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі деп танылғаны тағы мәлім. Жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікті орнықтыруда негізгі тетікті ұстап отырған ұйымға Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанның алғаш болып мүшелікке өтуі әлем жұртшылығының назарын аударған оқиға ретінде есте қалмақ.
Осы орайда, біз БҰҰ-ның Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самекпен әңгімелескен едік.
Властимил мырза, саясаткер ретінде Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып қабылдануын қалай бағалайсыз?
– Қазақстанның 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кіруі өте маңызды қадам болды деп есептеймін. Бұл тарихи маңызы зор оқиға. Тарихи дейтін себебіміз, осы айтулы оқиға 25 жыл бұрынғы кезді еске түсіреді. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. Сол оқиға тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл дүние жүзі үшін тарихи және саяси тұрғыдан маңызды болғаны сөзсіз. Бұл Еуразия кеңістігіндегі өзгерістердің нәтижесі еді. Міне, содан бері 25 жыл өтіпті. 25 жыл ішінде Қазақстан биік белестерден өтіп, халықаралық зор беделге ие болды.
Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің қатарына қосылуы туралы айтсақ, бұл да оңайлықпен келе қалған жоқ. Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде Қазақстанды 138 мемлекет қолдады. Бұл додада басты қарсылас Тайланд болғанын білесіздер. Тайландтың АСЕАН-ға мүше, саяси аренада өз орны бар мемлекет екені белгілі. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ену жолындағы бәсекеде 55 дауыс жинаған Тайландтан басым болуы республиканың халықаралық деңгейде саяси беделінің жоғары екенін білдірсе керек. Біз ауқымды жұмыстардың басталғанына куә болудамыз. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне қабылданудың алғашқы жемістері де жоқ емес. Мәселен, Астана қаласында Сирия жөніндегі келіссөздердің бірнеше кезеңі өтті. Олар «Астана процесі» деген атауға ие болды. Бұл жайт дүние жүзінің назарын өзіне аударды.
Қазақстан – Орталық Азия елдерінің арасында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып енген алғашқы республика. Осы орайда Қазақстан Орталық Азия республикаларының мүдделерін ескере отырып, өз қағидаттарын ұстанады. Бұл өте маңызды қадам. Ғаламдық саяси кеңістікте ұсақ нәрсе болмайды. Бейбітшілікке бағытталған Қазақстан тарапының ұсыныстары әлемде тұрақтылық орнықтырудағы ауқымды да маңызды дүние екені сөзсіз.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы ұсыныстары мен Қазақстанның осы бағыттағы ұстанымы туралы не айтасыз? Орталық Азия мемлекеті ретінде Қазақстан әлемдегі қақтығыстарды доғару мен тараптардың келісімге келу мәселесіне қаншалықты үлес қосады деп ойлайсыз?
– Қазақстанның заманауи тарихына көз жүгіртсек, республика 26 жыл бұрын жаһандық маңызды қадам жасады. Ол Семей ядролық полигонының жабылуы еді. Осы арқылы Қазақстан дүние жүзіне жаһандық бейбітшілікті сақтап қалуда өзіндік үлес қоса білетін, саяси тұрақтылықты қолдайтын мемлекет екендігін көрсетті. Бұл тұрғыда Қазақстан 25 жыл ішінде өте көп іс атқарды деп айтуға болады. Ең маңыздысы, Қазақстанның атом қаруынан бас тарту жөніндегі ұсыныстары. Атом қаруынсыз, бейбіт әлем құру адамзат баласы үшін басты қажеттілік. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атом қаруына тыйым салу, адамзатқа аса қауіпті жойқын қару түрінен толығымен бас тарту, ядролық сынақтарды болдырмауға қатысты ұсыныстары Қауіпсіздік Кеңесінің басқосуларында айтылатын ең көрнекті идеялар екені күмәнсіз.
Қақтығыстарды тоқтатып, бейбіт әлем құру ұстанымы тұрғысынан қарасақ, Қазақстанның бұл жөнінен белгілі бір тәжірибесі және танымалдығы бар. Қазақстан ядролық қарусыз әлемде көшбасшы ретінде көрінуге лайық биік дәрежеге ие. Қазақстаның әлемдік саяси аренадағы орны туралы айтқанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы БҰҰ-ның 47-ші сессиясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құруды ұсынғаны белгілі. Қазақстан басшысының Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, ЕҚЫҰ саммитін өткізу, т.б. салмақты ұсыныстары сәтті жүзеге асқаны белгілі.
Орталық Азия өңірі ядролық қарусыз аймақ болып табылады. Қазақстанның осы өңірдегі рөлі де орнықты. «қандай үлгі көрсетсең, бәрі соған ұмтылады» деген мағынадағы «Exempla trahunt» деген көне мақал бар. Сол сияқты, атом қаруынан бас тартуды ұсынып, бейбітшілікті ту еткен Қазақстан бұл тұрғыда көпке үлгі болуда. Республиканың сыртқы саясаттағы қызметіне қарап, оның бейбіт болашаққа үндеген ұстанымы басқаларға үлгі екенін бағамдауға болады.
БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының сәтті жүзеге асуына Қазақстанның белсенді үлес қосып келе жатқаны үшін де алғысымызды білдіреміз. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан шараның барлығы жаһандық деңгейде екені белгілі. Мәселен, Климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі де маңызды құжаттың бірі. Бұл келісімге 2016 жылдың тамыз айында қол қойған Қазақстанның ұстанымы дұрыс екенін бүкіл әлем көріп отыр.
– Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше бола отырып, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты қандай мәселелерді шешуге ұйытқы бола алады?
– Жаһандану дегеніміз бір жерде өндірілген тауарды басқа бір аймақтың сатып алуымен шектелмейді, қазір қажетті тауардың барлығы кез келген өңірден табылады. Әлем экономикалық тұрғыдан біртұтас жүйеге айналған. Жаһандық экономика тұрғысынан қарағанда Қазақстанның өзіндік басымдықтары бар. Мұнай, газ тәрізді пайдалы кен түрлеріне қатысты сөз қозғаудың өзі артық. Бұл мемлекеттің өзіндік байлығы. Бірақ мемлекеттің бас-
ты байлығы халқы, адам ресурстары екенін ұмытпаған жөн. Адам ресурстары дегеніміз білімді азаматтары. Бұл – мемлекеттің мәңгілік байлығы. Ал сауда айналымына келсек, Қазақстан әлемдік нарыққа агроөнімдерін ұсыну арқылы экономикалық өрісін кеңейтуде.
Қазақстан астық экспорттаудан әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр. Экономикалық алыс-берісті тек қазба байлықпен өлшеуге болмайды. Білімді азаматтар ел экономикасының іргесін кеңейтуде тиімді жолдарды таба біледі. Дүниежүзілік картаға көз салсаңыз, ауқымды территориясы бар Қазақстанды көресіз. Еуроодақ елдерінің картасына қарасаңыз, шағын мемлекеттермен қатар, жері кең елдерді де көруге болады. Бірақ олар адам ресурстарына бай болғанмен, табиғи қазба байлығы тапшы. Ал Қазақстан қазба байлық жөнінен де, адам ресурстары жөнінен де озық тұр.
Қазақстан бүгінде экономика өресінде, тұрақты даму жолында өзіндік ұстанымы бар, дербес мемлекет ретінде дүние жүзіне танылды. БҰҰ-ның деңгейінен қарасақ та Қазақстанның тұрақты дамып келе жатқан мемлекет екенін көреміз. Сан-алуан мәселелерді шешу тұрғысынан да басқаларға қол ұшын созып келе жатқан ел. Қазақстан басқа республикаларға саяси тұрғыдан ғана емес, экономикалық жағынан да көмек көрсетіп келеді. Осы тұрғыдан да республика өзінің өрісін кеңейтуде. Қазір республикада сырт елдерге гуманитарлық көмек көрсететін «Kaz aid» агенттігінің құрылып жатқанынан да хабардармыз.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы 1948 жылдан бері жетпіске жуық бітімгершілік операциясын жүзеге асырған. Қазақстанның бітімгершілік операцияларына қатысқанына он бес жылдан асыпты. Жер бетінде бейбітшілік орнату мақсатындағы осындай шаралардың маңызына тоқталсаңыз.
– Бүгінде әлем бойынша бейбітшілікті сақтауға арналған 16 операция жүргізілуде. Бітімгершілік операцияларының қатарында нәтиже көрсеткен Кипрдегі бейбітшілік орнатуға бағытталған шараларды айтуға болады. БҰҰ-ның бітімгершілік операциясының арқасында 1974 жылы екіге бөлінген Кипрге қайта бірігу мүмкіндігі туып отыр.
БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына Қазақстанның білікті мамандарының атсалысуы құптарлық іс. Оңтүстік Суданда Қазақстан мамандары бітімгершілік операциясына қатысып, Ирак, Батыс Сахара, т.б. өңірлердегі бейбітшілікті орнату шараларында қажырлылық көрсетті. БҰҰ-ның бастамасын қолдап, әлемде бейбітшілік орнатуға үлес қосу мақсатында өз мамандарын жіберген Қазақстанға алғыс айтамыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА
АЛМАТЫ