31 Мамыр, 2017

Тарихи ескерткіштер шаһары бой көтерсе

376 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

​​​​​​​Сонау келмеске кеткен Кеңес Одағы кезінде сол кеңістіктегі адам­дар­дың шет елге баруы бір үлкен жаңалық болатын. Онда да әрісі социалистік қоғамға беті бұрылған елдерге ғана сапарлау жүзеге асы­рылатын. Барған елдерінің өзіндік ерек­шеліктерін көрген қазақ­стан­дықтар аузын ашып, көзін жұматын.

Тарихи ескерткіштер шаһары бой көтерсе

Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алыс-жақын шет елдермен арадағы перде сыпырылып, бөгет жойылған соң қай елмен болсын достық ниеттегі ашық барыс-келіс жанданып сала берді. Әлемнің іргелі елдеріндегі өзгешеліктер мен небір кереметтерді танып-білуге мүмкіндік туды. Мұндай жақсылықтың куәсі болғанымызға да ширек ғасыр өтті.

Енді байқасаңыз, сол бір күндері біз тамсанатын шет елдерден еліміз бүгінде еш кем емес. Әсіресе, мына қазақтың маңдайына біткен бағындай болған Астанамыз бар арманымыздың орнын толтырды десек, қателеспейміз. Елордамыздағы қайсыбір сәулеті мен дәулеті жарасқан ғимараттарға кірсеңіз, шық­қыңыз келмейді. Тіпті, сау­да орын­дарының іші де, сырты да шет ел­дер­дікінен аумайды, асып түседі. Иә, солай.

Астанамызда көз жауын алатын небір керемет ғимараттар бар. Қала­да әкімшілік, әлеуметтік-мәдени, ғылыми, білім беру нысандары және іскерлік орталықтар, тұрғын үй кешен­дері, алдыңғы қатарлы мемлекеттер астаналарының стандарттарына сай келетін құрылыс нысандары бой көтеруде. Елорданың әлем елдеріндегідей іскерлік орталықтарында кеңселер, сауда орталықтары, мейманханалар, ал әлеуметтік-мәдени орталықтарда театрлар, мұражайлар, демалыс орындары, спорттық нысандар, ойын-сауық орталықтары орналасқан. 1998 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Астана қаласы «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танылып, медальмен марапатталды. Оған қоса, Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бо-
йынша 12 жас қаланың ішінен Астана жоғары атақты иеленді. Мұның бәрі орасан жетістік.

Біз де мұның бәрін текке айтып отырған жоқпыз. Өйткені, шет елден келетін туристер үшін Қазақстанда серуендеу, қыдыру, әсіресе, елордамызда жүріп-тұру еш қиындық тудырмайтыны анық. Еуропа бағытында дамыған мемлекеттердегі бар дүние алдарынан шығады. Бірақ шетелдіктерді сол өздерінде бар дүние қызықтыра қояр ма екен? Орталық Азиядағы, ТМД елдерінің ішіндегі Қазақстанның өзіндік өрнегіне сай қызықтырар, таңдандырар дүниесі көп қой. Бірақ әлемнің жеті кереметіне теңестіре алар асыл құндылықтарымыз, тарихи ескерткіштер мен табиғат тамашалары елдің әр түкпірінде орналасқан.  Соны олар көріп, біле ала ма? Нағыз Қазақ елінің кереметіне тамсана ала ма? Өйткені, елордамызға келетін қонақтардың, шетелдік туристердің бүкіл Қазақстан аумағын аралауға мүмкіндіктері болмайтыны түсінікті. Осындайда елімізге атбасын тіреген туристердің шамалы уақыт ішінде Қазақстанның бар кереметімен танысуына мүмкіндік тудырылса ғанибет емес пе?  Қалай дейсіз бе?

Бұған, мысал үшін, елордамыздағы «Атамекен – Қазақстан картасы» этно­мемориалдық кешені салыстырмалы түрде келер еді. Бірақ оның «Атамекен» деген асқақ аты болғанымен, еш табиғи көрінісі жоқ екені белгілі. Демек, бұл үшін кең-байтақ еліміздің бар тарихи-мәдени ескерткіштері мен жауһар жәдігерлері айқын көрінетін, соның жиынтығын бір жерден табиғи түрде ұсына алатын арнайы «Қазақстан аймағы» қалыптасса деген ізгі ой бар.  Осы аталған аймаққа шетелдік туристер келуі арқылы Қазақстанның, қазақ халқының нақты ерекшеліктері мен озық мәдени-тарихи жетістіктерін көзбен көріп, қолмен ұстап, танып-білетіндей болса екен дейміз.

Сонда  еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің, тарихи жәдігерлердің бар нобайы аталған аймаққа түсірілсе, оны аралаған жұрт еліміздің бар өңірін шарлап шыққандай нақты әсер алатындай болса, нұр үстіне нұр емес пе?! Суяб, Баласағұн, Тараз, Сайрам (Испиджаб), Отырар (Фараб), Жанкент (Янгикент), Сауран, Сығанақ (Сунақата), Сарайшық және Имақия, т.б. секілді небір құндылықтарымызды жиып, олардың о бастағы қалыптарын бір аудан төріне өріп, ежелгі шаһарлар ретінде туристер алдынан шығарса, қандай ғанибет. Ал мұны көріп, қызығу­шылығы туған турист осы сезіммен еліміздің бар аймағын аралауға бет бұрары да сөзсіз. Демек, елдің атын шығарудың, туризмнен мол пайда табудың бір жолы осы болмақ. Ал бұған еліміздің мүмкіндігі жеткілікті.

Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»