Әдебиет • 30 Мамыр, 2017

Ақын Айнұр Әбдірәсілқызының шығармашылық кеші өтті

458 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада ақын, дінтанушы, Айнұр Әбдірәсілқызының «Тағдырым бар тоқырлық тасқа баян» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында автордың «Қош бол, аспан!» және «Менің махаббатнамам» атты кітаптары таныстырылды.

Ақын Айнұр Әбдірәсілқызының шығармашылық кеші өтті

Айнұр Әбдірәсілқызы мен Маржан Ершудің әдемі әзіл, айшықты жырмен  өрілген сұхбаты көпшілікті бірден баурап алды. Кеш тізгінін ұстаған Маржанның Айнұрға арнаған әрбір  ұтқыр сөз,  ұтымды әзілі, Айнұрдың оған жауабы,   өлең өлкесіндегі қос аққудай жарасымдылықпен тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.

Шығармашылық кешке Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев,   қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, белгілі қаламгерлер Жолтай Әлмашұлы, Жұманазар Сомжүрек, Камал Әлпейісова, Қуандық Шамахай, сондай-ақ, Төлемырза Балтабаев, Нұргүл Қарағойшина Алма Түсіпбекова және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты. Аймақтардан дін істері басқармасы өкілдері, діни университеттің  студенттері қатысты. Студенттер мен  оқушылар ақынның жырларынан шашу шашып кеш көркін қыздыра түсті.

Айнұрдың шығармашылығымен, қызметімен, ғылыми еңбегімен таныс тұлғалар айтқан ақжарма тілектер мен лебіздер әсерлі шықты. Аға-апаларымыздың  сөздерінен Айнұрдың  ұлт мүддесі  жолындағы  күрескерлік рухын, кесек əрекеттерін, тереңдігін, кеңдігін мойындау, тәнті болу  аңғарылды.

...Сонау Түркістаннан келген  бірге оқыған құрбы-құрдастары, жерлестері айтқан әңгімелердің де жөні бөлек.  Студенттік партадан басталған достықтың  көрінісі, әдемі әзіл, риясыз пейілді аңғартқан  достар да Айнұрдың ешкімге ұқсамайтын, дара  болмысынан  сыр шерткендей.

  Кеште Айнұрдың өзіне арналған ән шырқалып, өлең де оқылды. Өрелі өлең, тағылымды әңгімеге  сусаған қауым осы жолы бір жасап қалғаны анық.

«Құйылып көктен жырым,

 Арылып айға жаным,

 Пәниден өткен күні

Мен саған айналамын», − деп ақын кітабын қолға ала күбірлеп бара жатқан бозбала-бойжеткендерге қарап жылы жымидық. Иә, расында кеш  әсерлі өтті.

Әтіргүл ТӘШІМ,

 «Егемен Қазақстан»