Аймақтар • 31 Мамыр, 2017

Жол таңдамайтын көлік құрастырды

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Николай Шаңдақ ауылындағы шаруашылықта жүргізуші болып істейді. Жүргізуші болғандықтан ол Федоров ауданы маңайындағы жолдың барлығын да жатқа біледі. Жеңіл машиналар шабындықта жүре алмайды. Техниканы бес саусақтай білетін ол ойқы-шойқы жолдардан кідіріссіз жүретін техника құрастыруды бір жарым жылдан бері қолға алған болатын. Оның гаражында техника бөлшектерінен табылмайтыны кемде-кем. Ескі техникаларды ол быт-шытын шығарып бұзып, бөлшектеп жинап қоя беретін. Міне, соның барлығы да кәдеге асты.

Жол таңдамайтын көлік құрастырды

– Жол таңдамайтын ма­ши­на­­ның әлі де жетілдіретін тұс­та­ры бар. Оның кейін қуа­тын мо­лайтып, жүк ти­ей­тін қорап жа­сауымызға бо­­лады, ал мына күйі­нде ол аң­ға, балық аулауға, та­­­биғат ая­сында де­малуға мі­ну­ге жа­­райды, – дейді Николай Ев­ге­нь­евич. 

Оның ай­ту­ын­ша, жол таң­да­май­тын ма­­шинаны құрас­ты­ру аса қи­ын ша­руа көрінбейді. Оған ВАЗ-2103, 2106, 2101 ав­то­мо­бильдерінің бөл­­­­­шектері негіз бол­ған. Шын­жыр табанының іші­не осы ма­шиналардың доң­ға­лақ­тарын, алдыңғы жағына «Жи­гулидің» дисксін сал­ған. Кабинасының шынылары ескі «Нивадан», жүргізу бө­­лік­терінің бөл­шектері ВАЗ ма­шинасынан бұйы­рып­ты.

Николай Евгеньевич жұ­мыс­тан келген соң, түрлі кі­­тап­тарды ақ­тарады, ин­тер­нет­­тен іздейді, одан қалды, аза­­мат болған екі ұлы да әке­­сінің осы талпынысына де­меу болады. 

– Әкем үйде қарап отыр­ған емес. Қора-қопсыдағы еңбекті қалай жеңілдетуді ойлайды да жүреді. Біз қазір картопты әкемнің қолдан құрастырған құрылғысын пайдаланып, тұқымды трактормен бір мезгілде жерге сіңіріп шығамыз, – дейді Николай Ев­ге­нь­е-
вичтің кіші ұлы Николай. 

Әкелі-балалы Безбабныйлар құрастырған техникасын наурыз айының аяғында «сынақтан» өткізіпті. Ауыл сыртына шығып, қар үйілген жолдарға салған. 

– Ешқандай кідіріссіз же­ңіл өт­тік, расында, әкем құ­растырған ма­шинаға қан­дай жол болса да бәрібір еке­нін көрдік. Енді, кабина­сын су кірмейтіндей, шу өт­­пейтіндей етіп жетілдіру, сыр­­тын бояп, әрлеу, модельге ат беру се­­кіл­ді жұ­мыс­та­ры қалды, – дейді кі­­ші Николай Безбабный.

Үлкен Николай Без­баб­ный мұ­нымен тоқ­та­май­тынын айтты. Ол «ауыл­дас­­тардың еңбегін же­ңіл­де­те­тін та­ғы не ойлап табуға бо­лады?» деген ойдың же­те­гін­де жүр. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,
Федоров ауданы, 
Шаңдақ ауылы