23 Қаңтар, 2010

БІЗДІҢ ХАЙДЕКЕҢ

1305 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Тарихты адам жасайды. Егер өткен жылдың желтоқсан айын­да 90 жылдық тойын өткізген “Егемен Қазақстанның” тари­хына көз жүгіртер болсақ, оның сарғайған беттерінен екі ға­сырдың жақсы-жаманына куә бол­ғаны өз алдына, сол уа­қыттың тыныс-тіршілігін та­мыр­шыдай дөп басып, халық пен қоғам арасында дәнекер болып, қо­лынан қаламы түспей, бір мекемеде елу жыл тапжылмай қызмет жасаған басылым құрдасы Хайдар ағай Бай­мұ­ха­медов­ті атамай, еске алмай кету әбестік болар. Оның үстіне өмірден көріп жүргеніміздей, қай мекемеде болмасын ұжым мү­ше­лері арасында мінезімен, ақыл-парасатымен, адами қасиетімен ор­тасына сыйлы, ұрпақ жал­ғас­тығына қызмет жасаған жасы үлкен ағай, апайлар болады ғой. Міне, сондай аға буын мен жас бу­ынды, әдемі дәстүрді жал­ғас­тырушы, әрі қара шаңырақта әр жылдары жұмыс істеген ардақты аза­маттардың көзін көрген кө­некөз, олардың аманатын, қа­сиет-пайымын жеткізуші, жа­зылған хаттай қариямыз да еді. Хайдар ағай “СҚ-дағы” жарты ғасырлық қызметінің 30 жылында газеттің облыстардағы өкілі, құлағы мен көзі – меншікті тілшілер бөлімін басқарды. Әсіресе, бұл бөлімнің жұмысы Хайдекең басқарған тұста үлкен беделге ие болды. Өйткені, сол жылдары облыста небір марқасқа жігіттер жұмыс істеді. Қызылордадан “Иран шахы” атанған мінезі де, келбеті де көркем, байсалды, сөйте тұра қалжыңы мірдің оғындай Бай­жігіт аға Әбдіразақов, Көк­ше­тау­дан сал-серілердің соңғы тұя­ғын­дай арқыраған арқалы ақын Еркеш аға Ибраһим, тілшілердің “қара патшасы” атанған Шым­кент­тен аяулы Алтынбек аға Жол­дасбеков, Маңғыстаудан бір жыл бұрын ғана 90-ға келгенін бәріміз атап өткен Саламат аға Хайдаров, Арқалықтан қай жерде де орынды әзіл-қалжыңы тау­сылмай, жұртты күлдіріп оты­ратын Сабыржан аға Шүкіров, Талдықорғаннан екі иығына екі кісі мінгендей алып ағамыз “полтара казақ” Сейдахмет аға Мұ­хаметшин, ол кезде Жез­қаз­ған облысында тілші, қысқа хабар жазудың шебері Өтеген ағай Жаппархан, Қостанайдан мінезге бай Байтұрсын Ілиясов, Оралдан Боранғали Ырзабаев, Гурьевтен Құмарғали Ғабдешев, т.б. әрқайсысының өз орны бар, “сен тұр, мен атайын” деген қаламы қарымды тілшілер, аптал азаматтар болды. Бір ғажабы, меншікті тілшілер жылына бір рет өтетін есеп беру семинар-кеңесіне келгенде редакция ұжымы елден туған бауырлары келгендей бір демалып, серпіліп, мәре-сәре күй кешетін. Сонда ғой, сол жігіттердің көбі қо­нақүйде емес, Хайдекеңнің үйіне тоқтайтын. Өйткені, бір облыста бір өздері жалғыз, ортасы, ұжы­мы жоқ тілшілер тек Хайдекең арқылы байланысып, редак­ция­дағы барлық жаңалық, тап­­сырманы сол кісі арқылы естіп, білетін. Ол кезде бүгінгідей факс, электронды пошта, интернет де­геніңіз жоқ, кейде стено­гра­фист­ка Данабике, Мәриям, кейіннен Күлтай апай екеуіміз күніне 30-40 бет мақала алатын күндеріміз болған. Сонда сол материал­дар­дың нөмірге баратынын және хат­пен келіп түскен тілші мақа­ла­ларының артында жүріп газет­ке дер кезінде шығуын қада­ға­лап, іздеушісі, сұраушысы бо­лумен қатар, сол отбасының мү­ше­лерінің тыныс-тіршілігін, жағ­дайын жасауға да атсалысып, қолдау көрсетіп отырған аға­ла­рындай, әкелеріндей көретін. Ал жиналысқа келгенде жігіттер Хайдекеңнің аңғалдығын айтып, күліп отырары есімде қалыпты. Хайдекең тап­сырма берерде әр тілшіге телефон шалып: “Ал, пәленше, алдымен бері қара” деп алып, тап­сырмасын айта жөнелсе керек. Олар болса “Иә, Хайдеке, сіз жаққа қарап отырмыз” дейтін көрінеді. Хайдар аға редакцияда қай кезде де абыройын, беделін түсірмеген адам. Қашанда бас редакторлар ол кісінің пікірімен са­насатын. Ол басшыларға жа­қын жүргендігі емес, сенетіндігі еді. Сол қасиетінен шығар, ре­дак­цияда жұмыс істеп кеткен бұрынғы қызметкермен, үлкен адамдармен араласып, сыйласып өткен. Мәселен, Мұқан Иман­жа­нов ол кісімен “Хай­дарш­тейн” деп әзілдессе, Ғаділбек Омаров­пен жақсы қарым-қа­тынаста болған, Ғайса Сар­мұр­зинмен өмірінің соңғы күніне дейін бір адамдай достасып, сыйласқан. Ал Қасым Шәріпов кезекші болғанда қашанда жанына Хайдекеңді алып жүрсе керек. – Әкем біздің мақтаны­шы­мыз болды, – деп еске алады бүгінде қызы, Республикалық медицина колледжінің жоғары санаттағы оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Ме­руерт Хайдарқызы, – ол кісі өте ұқыпты, талапшыл, бала­ла­рын қатаң ұстағанмен, мейірімді бо­латын. Әсіресе, немересі Әлия­­ны қатты жақсы көрді, менің қаламымды жалғастырсын деп журналистика факультетіне түсірді. Онысын Әлия ақтады да. Университетті үздік бітіріп, “Фармация” журналында жауап­ты хатшы қызметін ат­қарды. Қазір екінші мамандығымен медколледжде ұстаз. 75 жасына дейін қызметке ара­ласып, қолынан қаламы түс­пеген қаламгер Хайдар ағай 2003 жылы 83 жасында дүниеден озды. Бірақ, бір нәрсе анық, ол кісі басына түскен қиын­шы­лық­ты ақылмен, сабырлылықпен жеңуге тырысып, қалған бар күш-жігерін артында қалған жалғыз қызы Меруерт пен не­ме­ресі Әлияға арнады. Болмаса, 25 жастағы артында қалар тұяғым деп үміт күткен Қанаттан, одан кейін қас-қабағына қарап, жағ­дайын жасап отырған адал жары, мейірімді ана Марғуба-Мә­лайдан айрылып, одан кейін 20 жыл өмір сүруі жасы келген адамға оңай тимесе керек. Сон­дай кезде әкесінің қабағына қа­рап, анасының орнын ал­мас­ты­рып, алақанына салып бағып, өмі­рін арнаған Меруерт қызы мен күйеу баласы Серікке Хай­де­кең екі дүниеде риза болып кетті. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.