Республикамызда жүргізіліп жатқан реформаларда тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғау маңызды міндеттердің қатарынан саналады. Бұл ретте әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсететін «Өрлеу» жобасының жүзеге асырылуы да сондықтан. Ол әрбір азаматтың, тіпті қоғам мүддесін қозғайды.
Жалпы алғанда, бүгінгі таңда Қазақстан тұрғындарды әлеуметтік қорғаудың жоғары деңгейіне жетуге талпынған елдердің қатарында. Ел Президенті Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысы маңызды мақсаттардың бірі ретінде қарастырылған. Осы тұрғыдан келгенде қаржылай көмек көрсетуді ендіру жөніндегі «Өрлеу» жобасы осындай міндеттерді шешуден туындағаны анық. Мемлекет қашанда тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге айрықша маңыз беріп келеді. Ақмола облысында да әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға бағытталған «Өрлеу» қанатқақты жобасы осымен төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаның басты мақсаты – отбасындағы нақты кірісті арттыру.
Негізінен «Өрлеу» жобасы – еңбекке жарамды отбасы мүшелерінің жұмыспен қамту жөніндегі іс-шараларға және қажетті жағдайда отбасы мүшелерінің әлеуметтік бейімделуге белсенді араласуына қажетті қаржылай көмек көрсету бағдарламасы. Ал туындаған ақшалай көмек – мемлекеттің жеке тұлғаларға немесе әр адамға шаққандағы айлық кірістері күнкөріс деңгейінен 60 пайызға төмен болған жағдайда тағайындалады. Бұл өз кезегінде отбасы мүшелерінің белсенділігін арттыруға тиіс. Осылайша отбасы белсенділігін арттыратын келісімшарт бойынша туындаған ақшалай көмек ай сайын төленіп отырады. Жұмыспен қамтуға ықпал етудің белсенді шаралары отбасының еңбекке жарамды мүшелерін инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, сондай-ақ, оқыту және ерікті түрде басқа жаққа көшіруді қарастырады. Ай сайынғы ақшалай көмек түріндегі қаржылық қолдаудан өзге «Өрлеу» жобасы оған қатысушыларға бірқатар мүмкіндіктер береді. Біріншіден, ол жұмысқа орналасуға көмек көрсетеді. Екіншіден, таңдап алған мамандығы бойынша оқыту немесе қайта оқытуды қарастырады. Үшіншіден, қажетті жағдайда аз қамтылған отбасы мүшелеріне әлеуметтік бейімделу жөніндегі іс-шараларға қатысуға мүмкіндік туғызу. Атап көрсеткенде, мемлекет өз азаматтарын қолдауға ерекше маңыз беруде: егер жұмыссыз қалса жұмыспен қамтиды, мамандығы болмаса оқытады, ал ақшасыз болса бастапқы кезде жәрдемақымен қамтамасыз етеді. Ең бастысы, отбасы мүшелерінің ширақ қимылдап, жұмыс істеп, дамуға деген ынтасы болса болғаны. Бұл өз кезегінде кейбір қатысушылардың өз кәсібін өрбітуіне серпін беруі де ғажап емес, ал отбасының жағдайын қалай түзеймін дейтін өзге біреу үшін ол барлық әлеуметтік мүмкіндіктерді қарастыратын толыққанды өмір екеніне еш күмән жоқ. Отбасы мүшелерінің әлеуметтік бейімделуі қолданыстағы арнайы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамаға сәйкес олардың жеке қажеттіліктерін, сондай-ақ, өзге де жергілікті бюджеттен төленетін қаржы мен өзге де әлеуметтік қолдау шараларын қарастырады.
Жалпы, туындаған ақшалай көмек отбасына оның еңбекке жарамды мүшелерінің жұмыс қамтылымына және қажет болғанда отбасы мүшелерінің әлеуметтік бейімдеуден өтуіне белсенді араласқанында ғана төленеді. Отбасы белсенділігінің әлеуметтік келісімшарты және туындаған ақшалай көмек көрсету кезінде адресті әлеуметтік көмек тоқтатылатындығын айта кеткен жөн. Туындаған ақшалай көмекті тағайындау туралы өтініш беру үш айда алынған ортақ кірісті жан басына шаққандағы орташа табысқа бөлумен есептеліп, отбасы белсенділігі әлеуметтік келісімшарты мерзімінің аяқталғанына дейін қайта қаралмайды. Туындаған ақшалай көмекті төлеу алты ай бойында жүзеге асырылады. Осылайша отбасы кірістерін арттырып, қиындықтан шығып, еңбек нарығында өзін көрсете алады. Тарқатып айтқанда, 2014 жылдан бастап құрамында 6865 адам бар 1748 отбасы жобаға қатысты. Отбасының бір мүшесіне төленетін орташа ақшалай көмек 3376 теңгені құрағандығын айта кету керек. Осы кезең ішінде жұмыспен қамтудың белсенді формасына ықпал ету үшін 1767 адам немесе «Өрлеу» жобасына жалпы қатысушының (2058 адамның) 85,9 пайызы бағытталды. Соның ішінде 1227-сі тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілсе, қоғамдық жұмыстарға және әлеуметтік жұмыс орындарына – 401 адам, ал 120 адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының қатысушысы атанса, соның ішінде 19-ы қайта даярланып, біліктілігі арттырылды және мамандықтар бойынша оқытылып, кәсібі бойынша жұмысқа орналастырылды. Тұрақты табыс, жұмысы мен балаларға төленетін жәрдемақы және туындаған ақшалай көмек отбасының аяқтан нық тұрып кетуіне өзіндік септігін тигізетіні анық.
Төрт жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Өрлеу» қанатқақты жобасы өзінің нәтижелі екендігін және әлеуметтік маңыздылығын дәлелдеді. Оған қатысқан отбасылар өздерінің материалдық жағдайын жақсартып алды. Қазіргі таңда «Өрлеу» жобасына қатысуға ынта білдіргендерді тіркеу жалғасын табуда.
Асқар Тұрапбайұлы,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы