23 Қаңтар, 2010

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ СОНЫ СОҚПАҚ

1725 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Атамекеннің әр аймағындағы қасиетті жер­лер мен табиғаты көрікті мекендер туралы соң­ғы уақытта бірталай кітап-альбомдар жарық көр­ген. Олардың қатарынан Ұлытау, Ойыл, Ерей­ментау, Қазығұрт сияқты киелі атауларды кезіктіргенбіз. “Алтай – алтын бесік, ата жұрт” тарихи-танымдық сафари жазбасы да сондай мазмұндағы, өр Алтайдың өрісі мен өңірін түгел шолған, ой жеткен жердің көркемдігі сөзбен кестеленсе, тіл құдіреті жетпеген табиғат тыл­сымдары айшықты суреттермен қатар өрілу арқылы асқақ Алтайдың құздарындай бірін-бірі жалғастыра жетелеген, қазақ әдебиетіне өзіндік үнімен қосылған, соқпағы соны көркем туынды. Ұлттық кітапханадағы басқосуда ақын-жазу­шылар бұл кітаптың оқырман үшін құнды­лы­ғын баяндай келіп, әдебиет мәселелерін тың туынды туралы ойларымен сабақтастыра өрбітті. Тұсаукесер кешін белгілі заңгер Хабыл­саят Әбішев жүргізіп, табиғат бояуларын шына­йы тілмен өрнектеген кітап жайында қысқаша тоқталып өтті. Туған жер деп толғанғанда, әри­не, қазақтың мұндай киелі жерлері өте көп. Бір жерден бір жердің артықтығы, бір-бірінен еш кемдігі де жоқ десек, ендігі кезекте өзіміз туған жердің сондай тамаша бөліктерін, тұрып жат­қан өңіріміздің тарихи тағылымдарын жете зер­де­леп жүрміз бе деген өзекті мәселеге тап болары­мыз анық. Шет елдің ғажайып керемет­теріне тамсанғанда таңдайымыз таңдайымызға жұқпай кетеді. Ал сол сырттың сымбатынан әлдеқайда асып түсетін өзімізде небір көрікті жерлер, көз алмай қарап тұра бергің келетін шұрайлы мекендер қаншама десеңші! Мына кітап өзіңнің қымбатыңды өзгенің арзанына айырбастама деп тұрғандай әсер қалдырады. Асқаралы Алтайдың даңқын аялай аспандата­ды. Қаламгер шығар­машы­лығының ерекшелік­тері туралы белгілі ғалым Бүркіт Аяған кеңірек айтып өтті. Еліміздің шығысындағы келбеті мен өрнегі өзгеше Катонқарағай өңірінен әде­биет көкжиегіне көтерілген белгілі тұлғаларға тоқталды. Алтайдың аяулы ұлдары Қалихан Ысқақов пен Оралхан Бөкей сынды әдебиеттің айтулы өкілдері дүниеге келгені тілге тиек етіл­ді. Жанры жағынан тарихи- танымдық сафари жазбалар деп аталған еңбектің негізгі арқауы Алтай тауларының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Катонқарағай ауданы­нан бастала­ды, тау мен табиғаттың төл үнінен өрілген мұндай еңбектер әлі де жалғасын таба беруі керек, деп түйіндеді ойын. Жазушылар одағы­ның Астана қалалық филиалының жетекшісі, Мемле­кет­тік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази Әлібек Асқаровтың кітабын бір деммен оқып шыққанын, әдемі әзілмен кейіпкерлер мінезін шынайы суреттегеніне сүйсінгенін айтып өтсе, жазушы Дүкенбай Досжан көркемдік деңгейін жоғары бағалайтынын жеткізді. Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков кітап-альбомның, әсіресе, өсіп келе жатқан кейінгі жастарға берер танымдық-тағылымдық мәні зор екенін айтып, туған жердің қадірі мен қасиетін кейінгі ұрпақтың санасына жеткізуде мұндай еңбектер орасан зор рөл ат­қара­тынын алға тартты. Жазушы Төлен Әбдік: “Мен Алтайдың қарлы шыңдарына шығып көр­генім жоқ. Талай рет бара­мын деген сапа­рым бір себептерге байланысты тоқ­тай берді. Бірақ мен мына еңбекті оқып отырып онымен бірге өзім де саяхатқа шыққандай бол­дым”, деді. Ал акаде­мик Рымғали Нұрғали қалам­­гер­мен алғаш жо­лық­қан тұстағы қызықты оқиғаларды баяндаса, ақын Жанат Әскербек­қызы Алтай­дың асқақ­ты­ғын шығармашылығына арқау еткен өңір қалам­герлерінің еңбектері жайында әңгімеледі. Ақын Несіпбек Айтұлы елтану мен жертануда оқырман үшін өте таптырмас құрал болып табылатын кітап туралы қысқаша ой толғай келіп: Шілдеде қалың киім киіп алып, Жүресің Мұзтау жаққа жиі барып, Алтайдың шыңдарына шыққан кезде, Тұрады төбең көкке тиіп анық... деп кеш иесіне арнаған жыр жолдарын ағыта жөнелген. Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Рахымжан Отарбаев кітапты басып шығаруда “Фолиант” баспасының еңбегі айрық­ша екенін айта келіп, Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық академиялық кітапханасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін кітапхана жанашырының тұңғыш төс белгісін жазушыға табыс етті. Жиын соңында кітап авторы келушілерге өз ризашылығын білдіріп, табиғат пен туған жердің мұндай ғажайып қырлары әлі де Алтайдың аясынан молынан табылатынын сөз етті. Кешті Президенттік мәдениет орталығының әншілері әсем әнмен әрлеп отырды. Гүлмира Сарина салған ән туған жерге деген перзенттік сүйіс­пен­шіліктің нәзік пернесін дірілдеткен. Кешке Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты келіп қатысты. Жалпы, кітапсүйер әлеумет қаламгер шығармаларынан әзірленген кітап көрмесімен танысып, бірталай еңбектеріне қанықты. “Алтай – алтын бесік, ата жұрт” кітабы туралы бұған дейін де әдебиетшілер өз пікір­лерін айтқан. Мәселен, ақын Қадыр Мырза-Әлі: “Әлібек бұл кітабында Алтайды, туған Алтайын жырлаудайын-ақ жырлап баққан. Елтіп оқисың. Ғашық болдым. Алтайға. Түс көр­гендей сезіндім. Оған себеп – әйгілі Алтай­дың айтып жеткізе алмайтын, жырлап тауыса алмайтын сұлулығы мен соны жанын салып суреттеген Әлібек інімнің туған жерге деген ұлы махаббаты. “Алдымен Құдай болу қиын, Құдай болсаң жаңбыр жаудыру боқтан оңай”, деген екен бір атамыз. Әдебиетке, көркем сөзге келген адам алдымен талантты, тіптен талантты болуға тиіс. Ал талантты, әсіресе, аса талантты адамға әдемі кітап жазу – проблема емес екен!” десе, Тұрлыбек Мама­сейітов: “Аталған толғау-эсселердің көркем әдебиет пен көркем публицистика арасындағы айрықша жаңа дүние екендігін баса айтуымыз керек. Өйткені, ел тарихы мен жер тарихына саяхат жасай отырып, танымдық мәні мол деректермен әдіптелген, кестелі тіл, кесек бейне­леулермен өрнектелген, көркемдік талап­тарға толық жауап беретін бұл шығармаларды қазақ әдебиетіндегі тың жанр деп таныған орынды”, деген ой айтқан. Сауытбек Абдрахманов “Әдебиетке келу қиын, орнығып қалу одан да қиын. Ал әдебиетте белгілі бір бағыттың басында тұру, сол бағытты арнаға айналдыру, жанр ретінде тұрақтандыру тіпті қиямет-қайым. Әлібек Асқаровтың маңдайына қазақ сөз өнерінде сафари жанрының ізашары болу жауапкершілігі жүктелді, осы бақыт қаламгерлік тағдырына бұйырды. Бұл туындылар қазақ қаламгерлерінің өмірді танып-білуі әлемдік сөз өнері өкілдерінің үйренерлік үздік үлгілері арнасында дамуға ауысқанының айшықты айғағы ретінде де қымбат” дейді қаламгердің жазбасы туралы. Кітапқа пікір айтқан өзге де қаламгерлер Әлекеңнің кіндік кескен жеріне деген махаббаты мен сағынышын, жанартаудай атқылаған жүрегіндегі сүйіспеншілік отын ерекше бағалап, аса сирек талант иесі ретінде құрметтейді. Төр Алтайдың қасиеті мен қасіретін дәл мұншалық шынайы қалыпта перзенттік сезіммен өрнектеген жан некен-саяқ болар деген тұжырым түйеді. Алтай аясы аңыздар мен түрлі қиял-ғажайып әңгімелерде ғана кездесетін бейнелер бедеріне тұнып тұр. Осы бедерлерді қағаз бетіне суретімен де, суреткер үнімен де нанымды түсіре алған кітап қайсы десе, біз сөзсіз осы кітап деп ұғынар едік. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. БІЛІМ ЖӘНЕ НӘТИЖЕ Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің тетігі ұтымды ұйымдастыруда екенін байқау қорытындысы дәлелдеді Облыстық білім департаментінің ұйымдастыруымен өткен байқауға өңірдегі 16 аудан, 3 қаладан 30 мұға­лім қатысты. Олар аудандық, қала­лық осындай бәсекеде іскерлі­гімен танылып, өз пәндерінің майталман іс­керлері екенін шы­найы дәлелд­е­ген­дер. Көпшіліктің көкейіндегі мем­лекеттік тілдің мәртебесін арт­ты­руға бағытталған екі күнге созылған бәсеке нәти­жесінде “Өзін-өзі таныс­тыру” сыны мен екінші шартта бел­гіленген панорамалық сабақ үлгісін көрсету­ле­ріне мүмкіндік туғызылды. Сонымен қатар байқау шарты бой­ын­ша мұға­лімдер педагогика мен пси­хология, пәнді оқыту әдістемесі негіздерінен тест сұрақтарына жауап берді. Ұстаздардың білім деңгейі мен кәсіби шеберлігін, педагогикалық белсенділігін қазылар саралады. “Қызыл тіл жанның мияты, абырой ердің қуаты” дегендей, қазақ тілі пәнінен дәріс беретіндер арасынан кәсіби біліктілігі мен тілінің шешендігі, озық тәжірибесімен да­ра­ланған Алматы қаласындағы Ш.Сма­ғұлов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орын­басары Бақытнұр Әділов бірін­ші орынды жеңіп алса, Көксу ау­да­ны, Амангелді орта мектебінің ди­рек­торы Шеризат Сапарғалиева да әріптестері арасынан озып шық­ты. Екінші орынға - Талдықорған қала­сындағы №14 мектеп-гимна­­зия­­ның мұғалімі Айгүл Нұрсейі­това, Іле ауданы №19 орта мектеп­тің мұғалімі Ақбаян Ержанова, ал үшінші орын­­ды талғарлық Салтанат Терлікбаева мен панфиловтық Клара Құрабал­диева еншіледі. Байқауда орыс, ұйғыр сыныпта­ры бойынша да тіл мамандары өза­ра бәсекеге түсіп, білім деңгей­ле­рінің жоғары екендігімен танылды. Қуанарлығы, қазақ тілі мен әде­биетін оқытуда топ жарған жоға­ры­дағы қос ұстазға арнайы біржылдық материалдық көтермелеу гранты та­ғай­ындалды. Оның мөлшері аталған пән мұғалімдерінің төменгі жала­қы­сы мөлшерінде ай сайын төленетін болды. Міне, көп сөзден нәтижелі жұмыс қайтарымды екеніне көз жетті. Әрине, оны үздіксіз жалғас­тыру маңызды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. СТУДЕНТТЕР ІСКЕ КІРІСТІ Еліміздегі алдыңғы қатарлы жастардан құрылған Қазақстан Студенттері альянсы жұмыс істей бастағалы да 4 жылдың жүзі болып қалыпты. Білім ала жүріп ел да­муына өз үлесімізді қоссақ, қоғам­дық жұмысқа араласу арқылы өзімізді шыңдасақ деген ниеті алдыңғы толқынның көңілінен шығатыны сөзсіз. Шынында, тәуелсіз еліміздің өркендеп өсуінде жастардың алар орны бөлек. Олардың өмірге құш­тарлығы, алдыңғы толқынның жал­ғасы болуға, ісін ілгері апаруға талпынуы, Отаншылдық рухының мықты да мығым, елім дегенде жас жүректің жанып тұруы – мұның бәрі өсер елдің ұл-қызына тән қа­сиет десек, Студенттер альянсының бір топ қыз-жігіттері журналистер қауымымен жүздесіп, өздері ат­қар­ған жұмыс­тарының нәтижесімен таныстырды. Еліміздегі 90-ға жуық жоғары оқу орнының студенттік жатақханала­рын “Қалай тұрып жа­тырсың, студент?” атты рес­пуб­ли­калық акция аясында тексергенде­рін айтты, оның нәтижелерін нақты дәлел-дәйек­тер­мен алға тартты. Сол оқу орында­рын­дағы жатақханалар­дың 36-ы пайызы 1950-1980 жылдар аралығында салын­ғанына көз жет­кі­зіпті. 74-іне соңғы 2 жылда жөндеу жүргізіліпті. 92 жатақ­хананың 77-сінде кір жууға арналған бөлме, 89-ында асхана бар екен. Сол секілді 79-ында оқу залы болса, 51-інде спортзал жоқ болып шыққан. Компьютерлік сыныптар 57-сінде болғанмен, 64-інде WІ-FІ интернет желісі жоқ көрінеді. Қазақстан Студенттер альянсы­ның көшбасшысы Тахан Ғизза­товтың айтуына қарағанда, студент жатақханаларының көпшілігі за­ма­науи талаптарға сай емес. Күрделі жөндеулерді, уақыт өлшеміне қарай жарақтандыруды қажет етеді. Жо­ғарыдағы келтірген деректерге қа­рап отырып, жатақханалардың ин­тернет желісіне қосылмауы, ком­пьютер сы­нып­тарының болмауы, оқу залының кемшіндігі студенттің білім алуына кері әсер ететіні анық. Біз акцияның қорытындысын шы­ғарғанда, жақсы оқу орындарының, оң өзгерістердің бар екенін айтумен қатар, олқы­лықтардың да орын алып жатқанын назарға салғымыз келеді. Мұндай акцияны біз бірінші рет емес, альянс жұмыс істеген уа­қыт­тан бері жалғастырып келеміз. Жалпы, жақсы жағынан танылған жатақханалардың оң тәжірибесін өзге оқу орындарына үлгі етіп таратып отырсақ жөн болар еді. Кей жағдайларда жатақхана­лар­дың бүлінуіне студенттердің де қаты­сы бар екенін мойындауымыз керек. Әр студент өзі білім алып жатқан жоғары оқу орнының барлық мүл­кіне көздің қарашығындай қа­рау, соны кейінгі ізбасарларына дәс­түр етіп қалдыру жағын ойлас­тыр­са деген тілегіміз бар. Отаны­мыз ортақ болған жерде – сол Отан­ды құрай­тын барлық құн­ды­лықтар да ортақ екенін естен шы­ғармасақ екен, – дейді, Студенттер альянсының көшбасшысы. Иә, елімізде жүздеген оқу ор­ын­дары бар. Олардың бәрінде төрт аяғын тең басқан студенттер жа­тақ­ханасы жұмыс істейді десек, артық айтқандық болар. Аты дардай бол­ғанмен, затында адам төзгісіз жағдай­лардың қатар жүріп жатқаны рас. Кейбіреулерінде білім беруден гө­рі, оқу ақысын жинау алға шы­ғып, ол “сыннан” сүрінбей өткен­дерге дип­лом беру әлі күнге тыйы­ла қойған жоқ. Жасыратын несі бар, ондай қа­тырма қағаздардың қазір кей азамат­тардың қалтасында біреу емес, бір­не­шеуінің жүргені­нен хабардармыз. Сапа болмаса, жалған санның қажеті қан­ша? Тіпті маман деп саналатын олар­дың көбі жұмыссыздар қатарын то­лық­тырып жүргенін де жоққа шы­ғара алмай­мыз. Осындай әттегенай-лардың алдын алу мақсатында студент­тердің іске кірісуі құптарлық деп білеміз. Сүлеймен МӘМЕТ. МАТЕМАТИКА – ҒЫЛЫМДАР ХАНШАЙЫМЫ Жәутіков атындағы олимпиада табысты аяқталды Биыл Астанада өтетін Дүниежүзілік математика олимпиадасының қарсаңында Алматыда VІ халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтіп жатқанын айтқан едік. Енді, міне, алтыншы рет өткізілген білім сайысы аяқталып, командалық есеп бойынша биыл да олимпиаданың бас жүлдесін Мәскеу мемлекеттік университетінің мамандандырылған оқу-ғылыми орталығының (СУНЦ МГУ) оқушылары жеңіп алды. Ал І орынды О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатының (РМФМОМИ) командасы иеленді. Осылайша тағы да 16 елдің есеп­ке жүйрік оқушылары білім дода­сын­да бақ сынап, Студенттер сарай­ында естен кетпестей салтанатты ма­рапаттау рәсімінде мерейлі сәттерді бастан өткерді. – Жәутіков олимпиадасының ерек­ше­лігі – оған өлке, мемлекет емес, арнаулы мамандандырылған мектеп, гимназиялар­дың командала­ры қатыса алады. Биыл Қазақстан­нан білім жарысына 10-нан астам команда қатысты. Нәтиже жаман емес. Сайыста 49 команда (312 қатысушы) 126 алтын, күміс, қола медальді сарапқа салса, оның 42-сі қа­зақстандық оқушы­лардың үлесін­де. Қонақтардың айтуынша, олим­пиа­даның тапсырмалары және ұй­ымдастыру деңгейі өте жақсы. Мұн­дай жарыстар есептердің, яғни тап­сырма­лардың күрделілігімен бағала­нады. Бұл жағынан Жәутіков олим­пиадасы осал емес. Ал, жарысқа қа­зылық етуге 8 елден білікті маман­дарды, ғалымдарды шақырдық. Жылда солай, бұл бұлжымас дәстүр­ге айналып келеді. Жәутіков олим­пиада­сының тағы бір ерекшелігі, басқа білім сайыстары мекенін ауыс­тырып отырса, бұл дода тек Алма­тыдағы РМФМОМИ база­сында өткізіледі. Мәселен, химия пәнінен өтетін халықаралық Менделеев жа­рысы да көшпелі. Тағы бір ерекше­лігі, олимпиада математика, физика, инфор­матика сияқты үш пәнді қатарынан қамтиды. Соңғы бірнеше жыл қатарынан бас жүлдені Ресей балалары бермей жүр. Біздің оқу­шы­лар биыл бірінші орынды алды. Егер олим­пиадаға 49 команда қатысқа­нын ескерсек, бұл тамаша жетістік, – деді О.Жәутіков атындағы республикалық мамандан­дырылған физика-математика орта мектеп-интернатының директоры, “Тарлан” сыйлығының иегері Қайрош Мақышев. Әрине, мұндай халықаралық жарыс­тың талантты балаларға берері көп. Білім­дерін шыңдап қана қой­май, ҰБТ-дан бо­са­тылу мүмкіндігіне және беделді универ­ситеттердің грант­­тарына ие бола алады. Мәсе­лен, Жәутіков олимпиадасына қол­дау көрсетіп келе жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де биыл бірқатар ғылымға бейім, есепке жүйрік балаларға таңдауы түсіп отыр. Сол сияқты ҚБТУ да жүлделі орындардан көрінген жет­кіншектерге білім грантын тағайын­даған. Оған қоса, олимпиаданың тұ­рақты демеушілері – “РМФМОМИ түлектері” қоғамдық қоры, “Exxon­Mobіl Kazakhstan Іnc” және “Mіc­rosoft Kazakhstan” компаниялары үздік қатысушыларды бағалы сыйлықтармен марапаттады. Салтанатты марапаттау өткен Студент­тер сарайында дарынды балаларды толқытқан сәттер аз болмады. ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев мінберге көтеріліп, Абайдың бес нәрсеге асық болуға, бес нәрседен қашық болуға шақырған өлеңін шабытпен оқып кетті. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде майын тамызып сөйлеген академикке балалардың көрсеткен қошеметі де ерекше болды. Асқар Серқұлұлының Жәутіков олим­пиадасын халықаралық деңгей­ге көтеруге көп еңбек сіңірген РМФМОМИ дирек­то­ры Қайрош Ма­қышевке, “Дарын” респуб­ли­ка­лық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен қаржылық көмек көрсетіп келе жатқан компанияларға ерекше алғысын білдіру­інің де өз жөні бар. Жыл сайын 16 мем­лекеттен 300-дей оқушыны алып келіп, апта бойы Ал­матының көрікті жерлерін аралатып, қонақүйлерге орналасты­рып, азық­тандыру, ақпараттық технология­лар­мен қамтамасыз ету аз қаражат емес. Ұйымдастыру ісіне де қажыр-қайрат керек. Қысқасы, кезекті олимпиада да абыроймен аяқталды. Жеңімпаз командалар, жекелеген дарынды балалар өз елдерінің туларын қайта-қайта желбіретіп, төстеріне алтын, күміс, қола медальдар тақты. Сонымен екінші орынды Т.Шев­чен­ко атындағы Киев ұлттық уни­вер­ситетінің физика-математика ли­цейі мен Бухарестегі TUDOR VІANU Natіonal Hіgh School of com­puter scіence командасы жеңіп алды. Үшінші орынды – Талдықорғандағы №20 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейі, Софиядағы Sofіa Hіgh School of Mathematіcs командасы және Анкарадағы Prіvate Samanyolu Scіence Hіgh School командалары бөлісті. Енді алда, яғни шілде айында Ас­танада 51 халықаралық Математи­ка олимпиадасы өтеді. Вьетнамда 2007 жылы өткен дүниежүзілік математикалық олимпиадада 93 ел бірауыздан 2010 жылғы олимпиа­даны Қазақстанда өткізу туралы ұсынысты қолдаған. Одан бері де олимпиадаға қатысуға тілек білдірген елдердің саны артып келе жатқан­дықтан 2010 жылға қарай коман­да­лар саны 100-ден асып жығылуы әбден мүмкіндігі мәлімденген-ді. Яғни, Қазақстан ТМД елдерінің ішін­де бірінші болып математика пә­ні бойынша халықаралық олим­пиа­да өткізу құқығын жеңіп алып отыр. Бұл олимпиаданы халық­ара­лық дегеннен гөрі, дүниежүзілік дегенге келеді. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. ШӘМШІНІҢ ШЫРАЙЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ тірі нота, жанды дауыстың құдіретін танытты Шәмші Қалдаяқов атындағы көше. Осы көшенің бойын ендеп жатқан Жамбыл атындағы Қазақтың мемлекеттік филармо­ниясында Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдығына арналған концерт өткен. Сол күнгі Алматыдағы қаңтардың аязды түнін Қалдая­қовтан қалған шабыт жылытқандай әсер қалдырды. Алдымен “Арыс жағасында” әнін Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы орындап, оны дирижер Бейімбет Демеуовтің басқаруымен Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық “Отырар сазы” оркестрі сүйемелдеген. Иә, бұл Алматыда күн сайын өтіп жататын концерттердің бі­реуі­не де ұқсамайды. Ш.Қалдаяқовтың әндерінен попурри орындаған ор­кестрге халықаралық фестиваль­дер­дің жеңімпазы Юрий Дороховский дирижерлік етсе, “Ақерке-Ақжай­ық”, “Ақ бантик”, “Мойынқұмда”, “Қай­ықта”, “Қайдасың”, “Бәрінен де сен сұлу”, “Әнім сен едің” ән­де­рін тыңдармандар сағынған-ақ екен. Әрбір сөзін жатқа білетін жан жас­тық шақтың әдемі түнінде көрген тү­сіндей, тамсанып еске алып отырды. Қазақстанның халық әртісі Нұр­ғали Нүсіпжан сахнаға шыға кел­генде залда отырған тыңдарман дүр етіп орнынан қозғалақтап, қо­шеметін білдірді. Әнші осыдан кейін “Теріскейді” әуелеткенде жұрт теріскейдегі ауылына барып келгендей, тамаша күй кешіп, ризашылықтарын риясыз білдірген. Сондай-ақ жақсының көзі, асылдан қалған тұяқ Дінзухра Тілен­дие­ва­ның “Отырар сазына” дирижерлік еткен сәттер көрермендерді аз толқытқан жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ермек Әбілдаев компози­тор­дың “Құшақ жайған қандай ада­мын”, ал “Сыр сұлуын” Жеңіс Ысқақова орындады. Дәл бұл концертте Құрманбек Әлім­ғазы, Риза Қайырбай, Болат Қанағатов, Марат Жамбабаев, Әсем Махмұтжан, Мәдина Рахман сияқ­ты таланттар кез-келген орындау­шы­ның дауысына бағына бер­мей­тін ноталардың нақышын келтірді. Құлақ құрышы қанды, деген осы болар! Қазақстанның халық әртісі Са­ра Тыныштығұловаға жұрт: “Менің Қазақстаным” әнін әлі сізден асы­рып айтқан адам жоқ десе” зәредей жасандылығы да жоқ деп біліңіз. Алдымен“Шынарымды” айтып көптен сағынған сахнасына еркелеп шық­қан әнші “Алтын күн ас­па­ны...” деп шабыттанып шырқай жө­нелгенде бүкіл зал орнынан тұ­рып композитордың рухына да, әннің құдіретіне де, елдіктің ұра­нына да шынайы ықыластарын аяған жоқ. Айнаш ЕСАЛИ.