Ал ұлттық патриотизм, азаматтық ұстаным деген қасиеттің бәрі де таңдаған мамандыққа деген құрметтің белгісі. Біз әдетте мамандыққа адалдық туралы көп айтамыз. Ел алдындағы парыз дегенді де жиі әңгіме қыламыз. Ал мамандыққа адалдық іс аясында көрініс тапса, туған ел алдындағы парыз өмір сүру барысында өтеледі.
Осыдан алты жыл бұрын қарашаның қара суығында Тараз көшелерінде қиғылық салған қылмыскерді құрықтау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі бүгінде аңызға айналды. Туған халқының есінде өнеге болып өрнектелді. Елбасы Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, халық жадында мәңгі сақталды. Ал ерлік те ұрпақтанұрпаққа жалғасып, буын сайын алмасып тұратын ерекше құбылыс. Ол кімнің тағдырына жазылған, кімнің жүрегінде қалыптасқан, ешкімге белгісіз. Әлгі айтылған іс аясында, өмір сүру барысында белгілі болатын тағдыр жазуы.
Өткен жылы да Тараз қаласында атыс орын алып, ел үшін төбеден жай түскендей болған еді. Әрине, мұндайда халық тағы да тәртіп сақшыларынан көмек күтеді. Себебі, арқа тұтар айбар еліміздің ішкі істер саласы. Талай қылмыстың алдын алып, талай қылмыскерді қия бастырмаған тәртіп сақшыларының қызметі шынында да ерлікпен бірдей. Оқиға былай болған.
Тәртіп сақшыларына қаруланған белгісіз біреулердің бейбіт тұрғындарға шабуыл жасағаны туралы хабар келіп түседі. Расында да шаһардың алтыншы шағын ауданында белгісіз біреу қару қолданып, елді үркіткен. Сол маңда кезекшілік қызмет атқарып жүрген полиция сержанты Бекжан Тіленшиев бірден қырағылық танытып, шұғыл түрде қылмыскердің ізіне түседі. Ал тура сол жердегі бір үйге шақырту бойынша келген полиция аға лейтенанты Данияр Зәуірбек бұл жағдайды байқап қалып, ол да бірден қылмыскерді құрықтауға әрекеттенеді. Бірақ сол кезде көпқабатты үйлердің кіреберісіне жасырынған қылмыскер Бекжан Тіленшиевті ауыр жарақаттайды. Оқиғаға куә болған Данияр Зәуірбек болған жайды былай баяндайды.
«Былтыр 19 маусым күні алтыншы шағын ауданда ішімдік ішіп, мас күйінде жүрген адам туралы хабарлама келді. Бірақ күтпеген жағдайға куә болдым. Шақырту түскен бойда сонда келгенімде, полиция сержанты Бекжан Тіленшиевті әлгі қылмыскер ауыр жаралапты. Мен де оқиға орын алған №18 көпқабатты үйдің кіреберісінде тұрып, оған қару кезену арқылы сыртқа сытылып шықтым. Шықтым да талдың түбінде әлгі қылмыскерді күтіп тұрдым», дейді Данияр Мәскеубекұлы.
Содан біраз уақытқа созылған текетірестен соң, Данияр өзі қорғана жүріп, екі рет көздеп ату арқылы қылмыскерді залалсыздандырады. Полиция аға лейтенантының қырағылығы және жедел әрекет етуі нәтижесінде бейбіт тұрғындарға қауіп төндірген қылмыскер оқшауланады. Өміріне қауіп төнген қос азамат міндетін мүлтіксіз атқару арқылы аман қалған.
Данияр Зәуірбек 2012 жылдан бері ішкі істер саласында қызмет етіп келеді. Бүгінде полиция капитаны атанған ол «Туған еліме адал қызмет ету және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қорғау – азаматтық міндетім», дейді. Тараз қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып жүрген жас жігіт бұл әрекетін ерлік деп ойламайды. Қайта мұны қызметтік міндетім деп түсінеді.
Алайда, қылмыскерге қарсы күрес ерлікке саналады. Әйтпесе бейбіт тұрғындардың жазатайым оққа ұшуы мүмкін. Бір-бірімен жолы қызмет ету барысында түйіскен қос азаматқа жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі берілді. Сондай-ақ, Данияр Зәуірбек Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, генерал-полковник Қалмұханбет Қасымовтың Алғыс хатын алған. Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Тілеген Маткеновтің қолынан да сыйлық алыпты. Мұның бәрі де ерлікке көрсетілген құрмет екені сөзсіз. Ерліктің ешқашан ұмытылмайтынын дәлелдеген жағдай осы.
Полиция сержанты Бекжан Тіленшиев те 2012 жылдан бері ішкі істер саласында қызмет етіп келеді. Бекжан Мамырұлы – мамандығын мақтанышы көретін азаматтардың бірі. Қылмыскерді қолға түсіру кезінде дене жарақатын алып, тағдыры сын сағатта сергелдеңге түскен сәтте де мойымады. Қайта қаруланып, күш-қайраты арта түсті. Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш. Тап сол оқиғадан зардап шеккен адам жоқ. Бұл да үлкен жетістік, айта қаларлық абырой. Әрдайым жақсы жағынан ғана көрініп, мамандығына адалдық танытып жүрген қос азамат талай елге қауіп төндіруі мүмкін қылмыскердің жолын осылай кесті.
Қылмыскерді құрықтаған қос қыранның, халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ешқашан аянбайтын азаматтардың әлі де абырой биігінен көрінетініне сенім мол. Өміріне қауіп төнсе де қара басын арашалап қалуға ұмтылмай, орын алуы мүмкін апаттың алдына шыққан азаматтарға кейінгі буын да құрметпен қарайды.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы