«Ел іші – өнер кеніші» деген, облыс орталығынан шалғай тұратын еңбек адамдарының өнерге деген талпынысы көрерменді еріксіз тартады екен. Көркемөнерпаздардың жыл сайын өтетін дәстүрлі бәйгесі жаңа есімдерді анықтайды. Алтынсарин және Амангелді аудандарынан келген Гүлбақыт Жаңбырбаева мен кішкентай Аяулым Ақмырза айтқан «Бұлбұл» әні көрермендерді селт еткізді. Бұл әнге көркемөнерпаздар түгел, кәсіби әншілердің де тісі бата бермесі анық. Ал екі қыз классикалық әнді эстрада жанрында шырқағанда онсыз да бояуы әдемі ән тотыдай түрлене түсті.
«Жыл сайын көркемөнерпаздар фестивалінің аудандық, қалалық сатыларын өткізіп келеміз. Осыдан біраз жыл бұрын фестивальге негізінен ересектер, үлкен кісілер қатысатын. Қазір эстафетаны кейінгі толқын өкілдері алғандай сезіледі, қай ауданда да, қай қалада да негізінен жастар қатысады. Яғни ауылдарда клуб жұмыс істейді, оған жастар барады деген сөз. Соның нәтижесінде жаңа есімдерді ашып жатырмыз», – дейді облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Роза Олжабаева.
Халықтың рухани қажетін қамтамасыз ету үшін өңірде аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Концертті тамашалуға келген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарды айта келіп, жетістіктерге тоқталды.
– Елбасының әлеуметтік бағыттағы саясатының арқасында мәдениет саласына үлкен қолдау көрсетіледі, шығармашылық адамдарына қолайлы жағдай жасалады. Өткен жылы мәдениет саласындағы ғимараттардың жөнделуіне бюджеттен 800 миллион теңге жұмсалды. Осыдан бір-екі жыл бұрын Құсмұрын кентінде мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген еді. Биыл «Алтын микрофон» халықаралық ән фестивалінде құсмұрындық жас әнші бас бәйгені алды. Былтыр Амангелді ауданында 12 ауылдық клуб жөндеуден өтті. Амангелді ауданының көр-
кемөнерпаздары, міне, фестиваль жеңімпаздарының қатарында. Облыста бүгінде 700-ден аса мәдениет нысаны жұмыс істейді, олардың әрқайсысында халықтың рухани қажетін өтейтін қызықты жобалар жүзеге асып жатады, – деді Архимед Бегежанұлы.
Қорытынды концерт аясында облыстық фестиваль жүлдегерлері марапатталды. Үшінші орынды Жітіқара мен Әулиекөл аудандарының көркемөнерпаздары иеленіп, әрқайсысы 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Екінші орынға Федоров ауданының өнер ұжымдары лайықталып, 1 миллион 300 мың теңге алса, бірінші орынды Амангелді ауданы қанжығалады. Оларға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов 1 миллион 700 мыңның сертификатын тапсырды. Ал фестивальдің бас жүлдесі Рудный қаласының көркемөнерпаздарына берілді, оларға 2 миллион теңге сыйға тартылды.
– Қай ауданда, қалада мәдениет маманы қалай жұмыс істесе, фестиваль қорытындысында олардың нәтижесі де солай болады. Жүлдегер аудандарда мәдениет мамандары сахна мәдениетінің сақталуына, жанрларды әр алуандығына, шығарманың сауаттылықпен орындалуына дейін ескеріп отырады. Әсіресе, бас жүлдеге ие болған Рудный қаласының өнерпаздары сахнада өздерін өте жоғары деңгейде ұстайды, барлық талаптарға сай жұмыс істейді, – дейді біздің сұрағымызға жауап берген Роза Олжабаева.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ