Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев: «Жас отау» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 90 пәтерлік үй пайдалануға берілген еді. Енді екінші үйдің қоныстанушылары қуанышқа кенеліп отыр. Бұл - Елбасының халыққа, соның ішінде жастарға деген қамқорлығының көрінісі, елдің әлеуметтік жағдайын, тұрмысын жақсартуға бағытталған саясатының жемісі» - деді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, «Жас отау» бағдарламасы бойынша 29-ға толмаған, отбасында мүгедек жан бар, спортта, өнерде, басқа да салаларда жетістіктерге жетіп жүрген жастар, сондай-ақ, бюджеттік мекеме мен мемлекеттік органдар қызметкерлері, әскери қызметшілер баспаналы бола алады. Тұрғын үй заемдарын ресімдегенде жалақыларының мөлшерлері жетпей қалған жас отбасыларға ата-аналары кепілдік берген.
«Жас отау» үйлерінің құрылысын «Ақ қайнар» ЖШС жүргізген. Алғашқы қоныстарына қол жеткізгендер қатарында Қарабалиндер отбасы да бар. Шаңырақ иесі Айдос –журналист, ал жұбайы мұғалім. Қоғам өміріне белсенді араласып жүрген жастар баспаналы болғандарына айрықша қуанышты.
Қазір өңірлік бағдарлама шеңберінде 100 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Ол жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 30 пәтерді тапсыру жоспарда бар.
Бақытгүл Бабаш,
«Егемен Қазақстан».
Атырау.