– Мұқай Асанұлы, Қырғызстан осыдан бір жарым жылдан астам уақыт бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды мүшесі болып қабылданды. Сіздің ойыңызша, осы аралықта қандай нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылды?
– Қырғызстан үшін еуразиялық экономикалық интеграцияның орны бөлек. Біз үшін аталған Одаққа мүшелікке өтудің өзіндік маңызы бар еді. Нақтылай айтқанда, бұл бірлестік аясында экономикалық тепе-теңдік саясаты сақталады, сондай-ақ, өзара байланыстарда еліміздің ұлттық ерекшеліктері мен дәстүрлі моральдық және мәдени құндылықтары, қоғамымыздың тарихи аспектілері барынша ескеріледі.
Одақ аясында қабылданған шарттар мен келісімдердің, түрлі шешімдердің талаптарын орындау мүше мемлекеттер үшін міндетті болып табылады. Қазіргі таңда көптеген жоғары деңгейлі құжаттар қабылдануда. Мұндай құжаттарды дайындауда, оны қабылдауда Қырғызстан өзге мүше елдермен бірдей құқыққа ие. Яғни, Қырғызстанның келісімінсіз ЕАЭО-ның бірде-бір құжаты заңды болып есептелмейді.
Біздің еліміз Одаққа қабылданбай тұрған кезде де мүше мемлекеттер –Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресеймен түрлі салада тығыз байланыста болып келген. Дегенмен, өзара қарым-қатынастар теңгерімді жағдайда жүргізілуі тиіс болатын. Енді, міне, бұл қатынастар Одаққа ортақ ережелерге сәйкес тең құқықта жүзеге асырылуда. ЕАЭО – тек миллиондаған адамдардың нарығы ғана емес, ол жоғары бәсекелестік алаңы. Оның талаптарын еңсеру үшін бүкіл қоғамның тынымсыз еңбегі қажет.
Жалпы, ЕАЭО аясында көптеген игілікті істер атқарылуда. Қырғызстан Одаққа толыққанды мүше болған тұста бірінші кезекте қазақ-қырғыз шекарасындағы кедендік бақылау жойылды. Біздің азаматтарымыз өздерінің жүктерін Одақ аумағында еркін алып жүре алатын болды. Әсіресе, Қазақстан мен Ресейде жұмыс істейтін біздің еліміздің азаматтары үшін бұл өте ыңғайлы болып тұр.
Бұл сұрағыңызға қайтарған жауабымды қорытындылар болсам, Қырғызстан өзге мүше мемлекеттер секілді Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін біртіндеп пайдаланып келеді. ЕАЭО елдерінің барлығы еуразиялық интеграцияның игіліктерін көріп отыр.
– Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді іске асыру ортақ кеден саясатын жүргізуден бастау алды. Дегенмен, мүше мемлекеттер арасында аталған сала бойынша қатынастарды тереңдете түсу әрекеті байқалуда. Негізінде, өткен жылдарда осы мәселеге қатысты қандай табыстарға қол жеткізілді?
– Кедендік реттеу, бұл – интеграция үшін өте маңызды. Аталған саланың жұмысын ілгерілету бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Бірлестікті қалыптастыру барысында ортақ нарықта тауарларды өткізу бойынша 23 кедергі анықталды. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі жойылды.
Өткен жылы Комиссияның кедендік блогы тиісті рәсімдерді оңайлату және жеделдету бағытындағы 70 нормативті акт дайындады. Бұған қоса, тауарлар мен көлік құралдарын декларациялау бойынша талап етілетін ақпараттар санын азайтуға қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылды. Сондай-ақ, былтыр ЕАЭО елдерінің сыртқы экономикалық қызметіне байланысты «бір терезе» қағидатын іске асырудың дайындық кезеңі аяқталды.
Одақтың сауда саласындағы стратегиялық әріптесі Қытай Халық Республикасымен ақпарат алмасу бағытындағы келісім әзірленуде. Біз қытайлық әріптестерімізбен тауар және көлік құралдары туралы ақпарат алмасуға келістік. Мұндай мәселеде ақпарат алмасу ұлттық реттеуіштер арасындағы сенімді нығайтады әрі сыртқы экономика саласында қызмет ететіндердің жұмысын жеңілдетеді.
Бұдан бөлек, Вьетнаммен еркін сауда туралы келісім аясында кедендік ақпарат алмасу бойынша келіссөздер басталды.
Былтыр Еуразиялық экономикалық комиссия мен Дүниежүзілік кеден ұйымы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бізге кеден саласындағы халықаралық озық тәжірибелерді зерделеуге мүмкіндік береді.
Бұл барлық қадамдар Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасу кезеңінен өткенін, сондай-ақ, әлемдік экономикалық қоғамдастық алдында күшті, сенімді, ұзақ мерзімді ойыншы ретінде мойындалғанын білдіреді.
Әрине, бірлестіктің 2016 жылғы басты жетістігі ретінде Кеден кодексін әзірлеу жұмыстарының аяқталғанын айтуға болады. Кеден кодексі – ЕАЭО-ны құру жөніндегі шарттан кейінгі маңызды құжат. Ол Одаққа мүше елдердің мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері қатыстырыла отырып, ыждаһаттылықпен дайындалған ауқымды құжат болып табылады.
– Мұқай Асанұлы, аталған Кеден кодексінің негізгі жаңалықтарына тоқтала кетсеңіз.
– ЕАЭО-ның бұл жаңа Кеден кодексі толықтай электронды технологияға сәйкестендірілген. Қағазбастылық мәселесі болмайды. Тауарларды декларациялауда азаматтар тиісті орынға келіп әуре-сарсаңға түспейді.
Біз жаңа Кеден кодексін сыртқы экономикалық қызмет жүйесіндегі «бір терезе» қағидаттарына негіздедік. Бұл ЕАЭО аумағында бизнес істерін цифрлық әдіспен жүзеге асыру бағытындағы маңызды жоба болып саналады. Тауарлар декларациясын тіркеу, тауарды өткізу туралы шешімдер автоматты режімде, инспектордың қатысуынсыз жүзеге асырылады. Қосымша тексеру жұмыстары да адамдардың қатысуынсыз, яғни компьютер арқылы жүргізіледі. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеуге, адамдар тарапынан жіберіліп жататын кейбір қателіктерді болдырмауға мүмкіндік береді.
Цифрлық технологияға негізделе түзілген жаңа Кодекстің арқасында тауарларды өткізу уақыты алты есеге қысқарады. Бұл – жай ғана айтыла салған сөз емес. Жаңа Кодекс талабы бойынша тауар декларациялық тіркеуден өткен сәттен бастап 4 сағаттың ішінде өз бағытымен жіберілуі тиіс. Сонымен қатар, бұл жаңа Кеден кодексінің тағы бір ерекшелігі ретінде уәкілетті экономикалық оператор (УЭО) мәртебесінің нақтылана түскенін айтуға болады. Бұл бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Тасымалданатын тауарларды бақылаудың жоғары стандарттарын ұстану ісінде оператор айтарлықтай артықшылықтарға ие болады. Уәкілетті экономикалық оператор институты мемлекетпен сенімді әріптес бола алады.
– Еуразиялық экономикалық комиссия өз қызметін жүзеге асыру барысында қандай ұстанымдарға көбірек назар аударады?
– Комиссия өз жұмысын ашық жүргізеді. Бұл өз кезегінде Комиссияға деген сенімділікті күшейтеді. Негізінде, Одаққа мүше мемлекеттердің бизнесмендері интеграциялық процестерге толық қатыса алады. Нақтылай айтқанда, бизнес-қоғамдастықтардың уәкілетті өкілдері Комиссия тарапынан жарияланатын барлық нормативтік-құқықтық актілерді әзірлейтін жұмыс және сараптамалық топтардың толық мүшелері болып табылады.
Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия министрлерінің жетекшілігімен консультативтік комитеттер жұмыс істейді. Біз бұл комитеттерді бизнес ісінде кездескен қиындықтарды әділ әрі ашық талқылап, олардың заңдық тұрғыда шешімін табуына жол ашу мақсатында құрдық. Кедендік блокта Кедендік реттеу және ЕАЭО-ның кедендік шекарасындағы бақылау органдарының өзара ынтымақтастығы жөніндегі екі консультативтік комитет жұмыс істейді.
Қорыта айтқанда, Комиссия ұсынған шешімдердің жобаларына қатысты қандай да бір ескертпелер мен ұсыныстар айтылып жатса, ол жоба қайта қарауға жіберіледі. Бұл орайда бірде-бір шешім бизнес-қоғамдастықтың келісімінсіз қабылданбайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»