Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген ой айтты. Яғни, қазақ мықты ұлт болу үшін түп-тарихынан ажырап қалмай, бүгінгісімен қабыса тағлымды өмір сүруі қажет. Ұлттық кодты сақтаудың бір жолы – өткенді ұдайы жаңғыртып отырып, ұлтқа еңбегі сіңген арыстардың еңбегін ұлықтау, жас ұрпаққа өнегелі өмірін өзек ете отырып тәрбие беру болмақ.
Бұл шаруа өңірлерде қалай орындалып жатыр? Біз бұл сұрақты Мемлекет басшысы «Отырар – өркениеттің алтын бесігі» деп баға берген бүгінгі Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановқа қойдық.
– Отырар өлкесі – өнер мен ғылымның ту тіккен жері десе де болады. Нақты сауалға істелген нақты жұмыстарды айтар болсақ, жергілікті ақын-жазушылардың, жалпы зиялы қауымның басын біріктіретін «Отырар әдебиеті мен өнері» атты қоғамдық бірлестік құрылып, жұмыстарын бастады. Уақыт тауып бірлестік мүшелерімен кездесіп, кеңесіп тұрамыз. Былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай «Тәуелсіздік толғауы» деген атпен жинақ шығардық.
Бұл жинаққа сонау Майлықожа, Ергөбектен бастап, халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен бүгінгі жас ақындардың өлеңдері топтастырылды. Биыл осы іс жалғасын табады.
Мұнан бөлек 2016 жылы ұлт мәдениеті мен өнерінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің 85 жылдық, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлының 80 жылдық, филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының 70 жылдық мерейтойлары тойланды. Бұл тойлардың ерекшелігі жас ұрпаққа берерінің мол болғаны. Себебі, жастарымыз осындай тұлғаларға қарап бой түзейді.
Сондай-ақ, биыл Қазақстанның халық әртістері, ән өнерінің корифейлері Сара Тыныштығұлова мен Нұрғали Нүсіпжановтар жеке концерттерін беріп, отырарлықтарды халық әндерімен, даңқты жерлесіміз Шәмші Қалдаяқовтың әндерімен сусындатты.
– Мемлекет басшысы «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жерге сүйіспеншіліктен басталады» деді. Осыған байланысты «Туған жер» деген бағдарлама түзілді. Туған жерге көмек жасаған жандарды құрметтеудің жолын табу керек деген ой айтты.
– Түсіндім. Елбасы Оңтүстікке келген сапарында облыстың зиялыларымен келелі кеңес өткізді. Жиынның өзегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы болды. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы елімізге белгілі кәсіпкер, «Саутс Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжановқа қаратып: «Серікжан, мен саған ризамын», деді.
Серікжан Сейітжанов – Отырар өлкесінің перезенті. Елге істеген басқа жақсылықтарын айтпай-ақ қояйық, өз туған ауылына мектеп, мешіт салып бергенінің өзі өзге кәсіпкерлерге үлгі болса керек. Сол өңірден шыққан атақты азаматтарға ескерткіш көтерді. Отырар өлкесінде игі істерге көмектесуден ешқашан бас тартқан емес.
Аталарымыз «бай болсаң, елге пайдаң тисін» деп ғибратты сөз айтқан. Бүгінде Серікжан ағамыздың ізін басып келе жатқан кәсіпкерлердің көбейіп жатқандығы қуантады. Мұндай азаматтарды елге үлгі етіп отырамыз.
Елбасы мақаласында қозғалған «Туған жер» бағдарламасы «кіші Отан» ұғымын пайдалана отырып жалпыұлттық патриотизмді жас ұрпақтың бойына сіңіруге апарар жол болмақ. «Туған жерге деген сүйіспеншілік, Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деп Елбасымыз атап көрсетті.
Отырар ауданында өткен жылдан бері «Туған елге тағзым», «Онжылдықтар тоғысында» акциялары тұрақты түрде өтуде. Былтыр аталған акциялар аясында 11 млн 232 мың теңге көлемінде ауылдар мен мектептерге, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға материалдық және қаржылай көмек көрсетілді. Биыл да игілікті іс жалғасын табуда.
Ауданымыздан шыққан кәсіпкер, бүгінде алматылық Айтқұлбек Сұлтанов өз қаржысына туған ауылы «Ынталыдан» саябақ салып, жерлестерінің демалуына жағдай жасады.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне орай еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып этноауылды ұйымдастырған жеке кәсіпкер Алмас Сыздықбеков. «Алаш» этноауылы қазақтың байырғы тіршілігімен, ұлттық салт-дәстүрлерімен таныстыруды дамыта беретін болады.
Елбасы мақаласында дін мен дәстүр, рухани құндылықтар мен таланттарға жол ашу сияқты мәселелер атап көрсетілген. Осыған орай, ауданымызда өткен аптада дінтанушылар мен осы тақырыпта жазатын журналистердің басын қосқан Республикалық форум өтті. Форумда өзекті мәселелер қозғалып, болашаққа бағдар түзілді.
Сондай-ақ, ауыл ішіндегі дарындыларды анықтайтын, елге таныстыратын «Отырар таланттары-2017» өнер фестивалі кеше ғана мәресіне жетті. Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов осы өнер мерекесінде қазылар алқасының төрағасы болды.
– Отырар ауданы ғасырлардан сыр шерткен, тарихы терең, туризмге сұранып тұрған өлке. Бұл салада қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мақаланың төртінші міндетінде «Жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек» – деп атап көрсетілген. Мұндағы басты мақсат киелі де қасиетті орындарымызды дұрыс насихаттап, ішкі және сыртқы туризмді халықаралық деңгейде дамыту болып табылады. Біздің ауданымызда күллі мұсылман халқы қастер тұтатын Арыстанбаб кесенесі мен тарихы тереңде жатқан Отырартөбе қалажұрты мен жүзден аса тарихи төбелеріміз бар. Осы мәдени-тарихи ескерткіштерімізге алыс-жақын шетелдік туристерді тарту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар болашақта іске асатын «Мәдени-географиялық белдеуге» дайындық десек болады.
Арыстанбаб кесенесі мен Отырар төбе қалашығына дейінгі 1,7 шақырым аралықты сервистік орталық салу, демалыс аймағын жасау, абаттандыру көгалдандыру жобасы қолға алынып жатыр. Алдын ала болжамды есеппен жоба құны 480 млн теңге болады. Қазіргі таңда абаттандыру мақсатында жобалық сметалық құжаттамасы жасалынуда. Ағымдағы жылдың маусым айында әзірлеп, бітіру жоспарланған.
Сондай-ақ, ауданымыздағы туристік, тарихи нысандардың, яғни «Арыстанбаб» кесенесінің кіре беріс қақпасының аумағын абаттандыру жобасының жобалық сметалық құжаттамасы дайындалды. Жоба құны 329 млн теңге 2017 жылдың маусым айында мемлекеттік сараптамалық қорытындысы алынатын болады. Бұл нысанда автотұрақтар, сауда қатарлары, күн сәулесінен энергия алатын жарықшамдар мен ішкі аяқ жолдар, қоршаулар көлеңкелі орындықтар, кіші архитектуралық кескіндер, анықтамалық тақтайшалар орнату және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Одан бөлек, бүкіл әлемнің туристерін қызықтырған ежелгі «Отырар төбе» қалажұртының кіре берісін абаттандыру мақсатында жобалық сметалық құжаттамасы дайындалды. Жоба құны 317 млн теңге. Бұл нысанда автотұрақтар, сауда қатарлары, күн сәулесінен энергия алатын жарықшамдар мен ішкі аяқ жолдар, қоршаулар, көлеңкелі орындықтар, кіші архитектуралық кескіндер және әжетхана салу және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізінен Отырар ауданымен қиылысатын тұстан бастап туристік нысандарға, атап айтсақ, «Арыстанбаб» кесенесі, «Отырар төбе» қалашығы, «Оқсыз», «Отырар мұражайына» бағыттайтын бес дана сілтеме, Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалашығына екі дана ақпараттық тақтайша орнатылды. Барлық орнатылған тақтайшалар туристік нысандардың арақашықтығы мен қысқаша тарихын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сипаттайды.
«Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», деді Елбасы еліміз үшін өзекті мақаласында.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы мақалаға байланысты әр аудан, қалада істелетін жұмыстардың бағытын айқындап берді. Біз өз тарапымыздан нақты іс-жоспарды бекітіп, кезең-кезеңімен орындап жатырмыз.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы