Отырысқа облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Бас Прокурордың орынбасары Андрей Кравченко, мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Жиынды ашқан өңір басшысы бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоғамымызда өзекті болып отырғанын айтып, әлеуметтік тұрғыда түрлі келеңсіздіктерге тап болып отырғанымызды жеткізді.
«Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі - адам құқын бұзатын құбылыс қана емес, сондай-ақ өскелең ұрпаққа тәрбие беруде кері әсерін тигізетін құбылыс. Өкінішке қарай, қазіргі кезде отбасыларына зәбір көрсетіп, күштеу жайттары кездеседі. Бұл адамның бүкіл ғұмырына қара таңба болып қалады. Сондықтан да отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жолында құқықтық және практикалық шараларды іске асырып, оның жасырын себептерін кешенді түрде анықтау қажет», - Ж.Түймебаев.
Өз кезегінде Бас Прокурордың орынбасары Андрей Кравченко көпшілікті жобаның жалпы тұжырымдамасымен таныстырып өтті.
«Өткен жылы Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесімен 500 жағдай орын алып, тергеу жұмыстары жүргізілген. Өкінішке қарай, бұл цифр жыл сайын өсіп келеді. Десе де, бұл мәлімет шынайы жағдайды көрсетпейді. Жанұядағы зәбір көрсетумен күресу – бұл құзырлы органдар ғана атсалысатын мәселе емес, қоғам болып жұмылу қажет. Сондықтан, азаматтарды осынау жұмысқа көптеп тартып, үйдегі келеңсіздікті мақсатты түрде шешу қажет», - деді А.Кравченко.
Сонымен қатар, ҚР Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі, басқосуда аталған жобаның жетекшісі Салтанат Тұрсынбекова зорлық-зомбылыққа қарсы әрекеттер реформасының негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Іске асырылып жатқан іс-шаралар аясында негізгі екпін осынау келеңсіздіктердің алдын алуға және отбасылармен кешенді жұмыс істеуге берілмек. Алғаш рет пилоттық режимде отбасындағы жанжалқойларды психологиялық әдістермен түзеу тәсілі қолданылатын болады. Ол үшін ЦВАД – УБДО-ны (Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы) агрессорлармен жұмыс істеу орталығына айналдыру көзделіп отыр. Мұнан бөлек, зорлықтың құрбандарына тегін көмек пен қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін әрбір ауданда әлеуметтік-психологиялық қызметтер құру жоспарланған.
Сондай-ақ, халыққа барлық әлеуметтік маңызды сауалдар бойынша көмек көрсетіп, кең масштабты жұмыстар жүргізу ісін аудан, қалаларда ғана емес, шалғай ауылдардан ұйымдастыру көзделуде.