05 Маусым, 2017

Атақты айтыс болған жыл

3355 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бас газетіміздің осы жылғы 2-ші наурыз күнгі санында Н.Әлдібаевтың «Айтыстың алдаспаны − ақын Сара» атты көлемді мақаласы басылды. Онда автор «Арынды Ақсу өзенінің бойын жайлаған елде Тастанбек деген орта шаруаның отбасында Сара 1878 жылы өмірге келіпті. Негізі Біржан − Сара айтысы 1895 жылдың жазында Жетісу Алатауының бір сілемі Ешкіөлмес тауының баурайындағы Көшкентал жайлауында өткен екен», − деген деректер келтірді. Осы мақалаға байланысты өз пікірімді айтсам деймін.

Атақты айтыс болған жыл

Қазақтың айтыс өнеріндегі шоқтығы биік, көркемдігі мен мазмұны жағынан бай, әрі мол «Біржан-Сара» айтысы жайында өткен ғасырдың ІІ ширегінен бастап пікір білдірмеген әдебиетшілер мен зерттеушілер кемде-кем. Олардың бірі айтыс болған, екіншісі айтыс болмаған, оны Әріп Тәңірбергенов шығарған деген екі ұдай пікір қалыптастырды.

Меніңше, мұндай пікір кеңес дәуірінде тарихымыз бен әдебиетімізде деректер толықпай, дұрыс сараланбай, жүйеленбей зерттелуінен қалыптасқан. Айтысқа байланысты осындай көзқарастың болуы ақын Сараның өмірбаянының дұрыс зерттелмеуінен туындаған болуы керек. Қазақ Совет энциклопедиясының 10-шы томында, кеңес дәуіріндегі мектеп оқулықтарында «Сара Тастанбекқызы 1878 жылы туып, 1916 жылы 38 жасында қайтыс болған» деп жазылған.

Ал 1989 жылы шыққан «Қазақ ССР 4 томдық қысқаша энциклопедиясы мен Қазақстан ұлттық энциклопедиясында Сараның 1853-1907 жылдары өмір сүргендігі жазылған.

ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бері ақын Сараның өміріне қатысты деректерге үңілсек, 1977 жылы «жазушы» баспасынан шыққан Қанабек Байсейітовтың «Құштар көңіл» кітабында: «Әкем қырық бірге, шешем отыз жетіге келгенде 1905 жылдың көктемінде қазіргі Талдықорған облысы, Қаратал аудандағы Қалпе деген жерде мен дүниеге келіппін. Екінші бір ұмытпайтыным, әйгілі ақын Сараны көруім. Шамасы 1911-1912 жылдың жазы болуы керек. Жеті-сегіз жастардағы кезім.... тойға Сара келеді екен дегенді естуіміз бар .... елге сыйлы ақын, әнші әйел екендігін шамалаймыз, ел мақтаған кісіні бір көруге біз де ынтығамыз. Мен болсам екі көзімді жүзінен алмаймын.Олар өзара сөйлесіп отырғанда, мен ұрлана Сараға қараймын. Сол күнді қайта елестетіп байқасам, ат жақты, сары кісі сияқты. Бәлкім, менің шешемнен де егделеу ме деп те қалам», −деп еске алады. Ал, 1995 жылы жарық көрген Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері»  жинағында «Ілияс... Сараны жүзбе-жүз көргенін де айтып еді:

−Жасы елудің ішіндегі, ат жақты, биік қабақ, денелі сары кісі екен, − дейді.

Бұл кездесу қай жылы екені белгісіз. Біздің шамалауымыз бойынша, бәлкім, 1910-1914 жылдардың арасы  болса керек. Яғни, Ілияс та Сараны Қанабек Байсейітов сияқты көруі мүмкін деген тұжырымға келеміз. Үшінші бір дерек,  «Қазақ әдебиеті тарихының» 2006 жылғы 5-томының 396-шы бетінде «әдебиетші ғалым Б.Ысқақов Сараны көрген адамның әңгімесін тексеріп екеуінің (Біржанмен) айтысқанына және Сара 1910 жылдары 50-ге жақындап егде тартып қалған әйел екендігіне жаңа деректер» келтіреді.

Осы дерек көзінің 5-том 396-бетінде «Сараның өмірі туралы» дерек жинап жүрген Т.Қалилаханов Біржан айтты деген мына өлеңді келтіреді:

«Мінеки, жасым асты отыз бестен,

Өткіздім сауық-сайран мен бір десте.

Найманға келіп сәлем беремін деп,

Еліңді іздеп келдім Ешкіөлмеске».

Ал 1988 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан айтыс жинағының 2-ші томында Төребай мен Мәйке және Төребай мен Сараның айтысы тұңғыш рет басылған. Төребай мен Мәйкенің айтысында Біржанның Жетісуға келуі туралы айтылады. Біржан сал қасына ерген 11 жігітпен Сараның даңқын естіп Жетісуға іздеп келуі үлкен бір оқиға болса керек. Оны ХХ ғасырдың басында болған Төребай мен Мәйкенің айтысынан аңғаруға болады.

Сонда Төребай Мәйкеге:

«Сыйынам Біржан салға ұстаз санап,

Біржанды ұлы ақынға қойдым балап.

Ертеде Жетісуға келгенінде,

Біржаннан бата алып ем құда қалап.

...    ...    ...    ....   ...  ...     ....         

Шамасын Шүкей жыршы білесіңдер,

Оны айтып сөздің соңын көбейтпеймін.

Бақтыбай жүйрік ақын болсадағы,

Қатардан Мәйке, Сара озса дағы.

 

Үшеуі сал Біржандай болған емес,

Қолдарын көктегі айға созса дағы.

Біржанның ол төртеуі алдын көрген,

Біржан сал оларға да бата берген.

 

Қазақтың әнші, ақыны Біржан ерге

Ойлашы, Жетісуда кім теңелген?» - деп айтқан екен. Яғни бұл деректер «Біржан мен Сара» өмірде кездеспеген, айтыспаған деген көзқарастағы зерттеушілердің пікірін теріске шығарады.

Енді, Біржан-Сара айтысының болғандығын дәлелдейтін тың дүние − жоғарыда аталған баспадан шыққан Төребай мен Сараның айтысы. Айтысты іздеп жинаған М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Қаратай Биғожиннің айтуына қарағанда,  бұл айтыс жинаққа тұңғыш рет енген. Айтыстың тарихына үңілсек, 1900 жылдары Тұрысбек қажының ауылында үлкен шілдехана тойында екеуі кездесіп, әуелі Сара бастап Төребайға:

 

«Белгілі әйелде ерке сал екенім,

Біледі үйсін, найман Сара екенім.

Атақты сал Біржаннан бата алғанмын,

Біледі ел өлеңге ебім бар екенін.

 

Қырықтың сегізіне жасым келді,

Екпінім өзге ақыннан басым келді.

Өзінің алшынынан бөлініп қап,

Жүз қырық үй жағалбайлы қаңғып келді»,- деп оның ұлы жүзге кірме екендігін айтқан.

Төребай Есқожаұлы 1844-1911 жылдары өмір сүрген, айтыс ақыны, руы-Жағалбайлы. Осы айтыста Төребай:

 

«Мен де білем сенің де бар екенің,

Найманда ақынсымақ Сара екенің.

Біржанға он сегізде мұңын шағып,

Құтылған Жиенқұлдан жан екенің.

 

Батасын Біржан салдың мен де алғанмын,

Айтыста қатарымнан кем қалмадым.

Өзіңді Бекбайға қосып бата беріп,

Білемін Біржан сені құтқарғанын.

 

...    ...    ...    ....   ...  ...     ....         

Тар шеке, көзің көкшіл, жүзің сары,

Әйелсің орта жаста қайқиған төс»,- деп сөзінің басында Сараны осал тұсынан ұстаған.

Осы сөз сайысында Сара Төребайға есе жіберіп:

 

«Жасым бар қырық сегіз, жылым сиыр,

Жасымнан әнші, ақынға болдым үйір.

Төребай дәлел тауып , жеңіп кеттің,

Кінәм жоқ саған қояр жалғыз түйір.

 

Кешегі он сегізде жолықпадың,

Кететін еріп саған қол ұстасып.

Қыз берем ұлың болса би Төребай,

Болайық құда-жекжат бек достасып», − деп өзінің сүрінгенін түсініп Төребайдың үстіне ішігін жауыпты.  Сонымен, осы айтыста көрсетілген деректер бойынша 1900 жылы Сара 48 жаста болса, ол 1853 жылы туған болады. Сонда Біржан мен Сара 1871 көктемде айтысқан.

Ендеше осы Төребай мен Сара айтысына күмәнмен қарау бекершілік болар. Сонымен Сара Тастанбекқызына қатысты соңғы деректерді саралай келе оның туған жылы 1878 жыл емес, 1853 жыл деп, оның дүниеден қайтқан уақытын 1907 жыл емес, 1916 жыл деген дерек тарихи шындыққа жанасады. Яғни ақын Сара 38 жас емес, 63 жыл өмір сүрген.        

Енді Біржан-Сара айтысының болғандығы туралы тағы бір тың деректерге тоқталсақ, 1894 жылы тамыз-қыркүйек  аралығында Қытайдың Шәуешек қаласы мен Бақты ауылының арасындағы Шұбарағаш деген жерде екі елдің даулы-түйінді мәселелерін түйіндейтін съезд болып, сол жиында Әсет пен Кәрібай айтысқан.

Айтыста Әсет Кәрібайға:

 

«Алаштың жігін бөлген Сара бейбақ,

Біржаннан о да көрді талай зардап.

Не шабақ, не шортан ілінерсің,

Жазылды сенен қашан біздің қармақ?» - дегенде, сонда Кәрібай:

 

«Ол Сара бейбақ емес, анық саңлақ,

Бетіне бар арғынның салған таңлақ.

Қаңғып келген Біржанды итше көріп,

Әлі сенен кеткен жоқ өткен зардап.

 

Сараның жауабының міні бар ма

Айтпапты қарағайды талға жалғап» , − деп жауап береді. Яғни Біржан мен Сараның айтысқанын Әсет те, Кәрібай да сөз қылады. Әсіресе, 1889 жылы Сарамен айтысқан Әсет жақсы білген деген ойдамыз.

Жүсіпбек қожа Шайхсламұлы айтысты анағұрлым толықтырылған қисса болып жатталып қалған уақытта, 1890 жылы Сараны іздеп барып жазып алып, 1898 жылы Қазан баспасынан шығарған. Айтыс болғаннан баспаға берілгенге дейінгі уақытта бірнеше рет айтылып мазмұны жағынан толығып, көркемделіп, сол кездегі қаріппен хатқа түскен. Демек, айтысты таратып насихаттаушы ақын Сараның өзі болған.

«Біржан мен Сараның кездесуі анық. Мүмкін, алғашқы айтыс бұл көлемде болмай,  артынан өңделіп толықтырылуы, сол толықтырған ақын Әріп болуы;....көпшілікке де қажеті бұл айтыстың айтыс жанрының ішіндегі мазмұн жағынан ең маңыздысы, түр жағынан ең көркем екендігі.  Біржан мен Сараның айтысы ақылмен өлшеніп шыққан ішінде көлденең артық сөз жоқ, жазба әдебиеттің жақсы үлгілері сияқты»,- деп кезінде С.Мұқанов өз пікірін білдірген. Бұл пікірді М.Әуезов  қуаттап былай дейді. «Анығында Біржан Сараның айтысы болған. Бірақ дәл қалпында толық күйінде алғашқы айтысқан жердегі қалпымен түгел сақталған жоқ. Кейін көпшілікке өз редакциясымен айтып беруші Сара болады. Ал кейін сол Сараның айтқаны да көпке шейін ауызда жүреді. Көп айтушы ақындардың  аузынан өтеді. Сол тірлігінде, хатқа түскенде бұл айтыс көп өзгерістер көреді. Осындай айтушының және ең алғаш хатқа түсірушінің бірі Әріп болады. Әріп өзі ақын және қазақша - орысша оқыған адам. Ақындығы, шешендігі, тапқыр тілділігі бар ірі ақынның бірі. Сол Әріптің Біржан-Сара айтысына, кейінгі айтушының бірі дәрежесінде ат салысқаны анық»,- деп орынды дәлме-дәл пікір айтқан екен.

Сонымен, қорыта айтқанда, мақалада жазылғандай, ақын Сараның туғанына келер жылы 140 жыл емес, 165 жыл толады. Ал Біржанмен айтысы 1895 жыл емес, 1871 жылы көктемде деп көрсетілгені дұрыс. Келер жылы ақынның 165 жылдық мерей тойында ғылыми конференция ұйымдастырылып, Біржан − Сара айтысына және ақын Сараның шығармашылығы мен өміріне байланысты жаңа пайым тұжырымдар жасалып, ақиқаттар айқындалады деп ойлаймыз.        

Өмірбек ТӨЛЕМБАЕВ,

Кәрім Нұрбаев атындағы Ақсуат орта мектебінің мұғалімі

Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауылы