Аз қабатты үйлер құрылысының іргетасын салу ісі наурыз айынан бастау алады. Алдын-ала жасалған жоспар бойынша жобаның алғашқы кезеңін алдағы күзге дейін аяқтау ұйғарылған. Бұл осы уақыт аралығында тұрғын үй нысандары тұрғызылып бітуі керек деген ұғымды білдіреді. Қазіргі істің барысы осы межелі уақыт үдесінен шығуға алғышарт қалай ала ма? Бұл сауалға әзірше біржақты жауап қайтару қиын-ақ.
Өйткені дәл бүгінгі күні құрылыс қарқыны жоғары деп айтуға ауыз бара бермейтіндей. Мұндай іркіліс пен кідірістің басты себептерінің бірі жоба шеңберіндегі кейбір жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткені деуге болады. Екіншіден, кез келген құрылыс конвейерлік тәсілге арқа сүйей алмаса, «сақалды сипатқа» ие болуы оп-оңай. Демек, құрылыс материалдарымен қамтуда іркіліс болмауы керек.
Осы арада Президент пен Үкіметтің қолдауына және құптауына ие болған айырықша құрылысқа жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылып отырғанын айта кеткен орынды. Өңірдегі құрылыс индустриясы аталған жобаның басы-қасында жүрген мердігерлердің сұраныстарын өтеуге әзір ме? Қазір осынау сауал төңірегінде екіұшты көзқарас қалыптаса бастағанын қалай түсінсек екен? Айталық, мер-
дігерлердің айтуы бойынша, кірпіш пен қиыршық тас жеткіліксіз екен. Нағыз жергілікті материалдар дәл осы екеуі емес пе? Кейбір жасалған есептер мен деректерге қарағанда Ақтөбе қаласында әр күнге шаққанда өндірілетін кірпіш саны көлемі жобаны жүзеге асыруға жұмылған құрылысшылар сұранысын қанағаттандыруға толығымен жетеді. Сонда қалай болғаны? Бар гәп осында болып жүрмесін. Мұндай кереғарлық аймақтағы құрылыс индустриясы кәсіпорындарының қуатына тағы бір мәрте барлау жасау қажеттігін ұқтырады. Сонымен бірге жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілер мен жоба құрылысын жүргізушілер арасындағы байланыстарды тереңдету керектігін көрсетеді. Құрылыстың ойдағыдай қарқын ала алмай отырғанына бұған дейін мердігер ұйымдардың нақты жұмыс кестесі бекітілмей келгені де салқынын тигізгені сезіледі. Сондай-ақ, жергілікті құзіретті мемлекеттік мекемелер тарапынан құрылыстың жүру барысын күн сайын қатаң бақылау ісі де босаңсып кеткендей көрінеді.
Қанатқақты жоба облыстағы үй құрылысы комбинатының жобасы бойынша жасалған. Мұндай жағдайда бұл құрылым өз өнімдерінің көлемін шұғыл көтеруі керектігі де басы ашық мәселе. Құрылыс әзірге бір ауысым бойынша жүргізілуде, дегенмен алдағы кезде кестеден кешігу көріністері қайталана берген жағдайда екі ауысымдық жүйеге көшу жөнінде шешім қабылдау белгіленген.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
қтөбе облысы