– Елші мырза, Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің басшылары арасындағы жоғары деңгейдегі кездесу жылына бірнеше рет өтіп жүр. Екі ел арасында осындай саяси сындарлы кездесулер мен үнқатысулардың жиі өтуі екіжақты байланыстарға оң әсер ететіні түсінікті. Егер нақтылай түссек, не қосып-алар едіңіз?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстан әлем елдерімен прагматикалық және конструктивті байланыстар орнатты. Сол елдердің бірі Қытай біздің жақын көршіміз және стратегиялық әріптесіміз болып табылады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара мәселесінің шешімін табуы өзара сенімді күшейтті, еларалық байланыстарды жоғары деңгейге көтерді.
Екіжақты ынтымақтастықты үйлестіруде мемлекеттер басшыларының жиі кездесіп тұруының мәні зор. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің тұрақты кездесулері мемлекеттер арасындағы қатынастардың қарқынын жоғары деңгейде сақтап тұруға мүмкіндік береді. 2015 жылы ҚХР көшбасшысы Қазақстан Президентін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне Бейжіңге, 2016 жылы қыркүйек айында Ханчжоу қаласында өткен G20 саммитіне, ал 2017 жылы мамыр айында Бейжіңдегі «Бір жол – бір белдеу» халықаралық ынтымақтастық форумына шақырды.
– Биыл Қазақстан мен ҚХР арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Осы орайда, еларалық байланыстарды қандай формуламен айшықтар едіңіз?
– Өткен 25 жылдағы Қазақстан-Қытай дипломатиялық қатынастарын басқа мемлекеттер үшін үлгі ретінде ұсынуға болады. Екі ел арасында реттелмеген саяси түсінбестік болған жоқ. Үстіміздегі жылы сауда-экономикалық байланыстарымыз, жаһандық-қаржылық дағдарыстың кері ықпалына қарамастан, оң өсімге бет бұрды. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарымыз, менің ойымша, бір-бірімізді жақыннан тануға мүмкіндік береді. Бұл біздің елдеріміз арасындағы байланысты одан әрі нығайта түседі.
– ҚХР Төрағасының Қазақстанға бұл жолғы сапарынан не күтеміз?
– КХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бұл сапары – соңғы төрт жылдағы үшінші сапар. Ол Астанаға алғаш рет 2013 жылдың қыркүйек айында келді. Сол кезде Назарбаев университетінде Жібек жолының қайта жаңғыруына себепкер болған тарихи ұсынысын айтты. Қазір сол кезде айтылған идея «Бір белдеу – бір жол» деген атаумен әлемнің бірқатар елдерінен қолдауға ие болып отыр.
Бұл жолғы сапар ынтымақтастықтың екіжақты және көп қырлы байланыстарын кең қамтуымен ерекшеленетіні анық. Мемлекеттер басшыларының алдағы кездесуінде сауда-экономикалық, көліктік-транзиттік, энергетикалық, қаржылық-инвестициялық, индустриялық-инновациялық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер талқыланады деп күтілуде. Сондай-ақ, жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмайды деп ойлаймын.
БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ сияқты халықаралық және аймақтық құрылымдар аясындағы ынтымақтастық мәселесі де осы жолғы кездесудің жеке-дара тармағы болуы мүмкін. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан мен Қытай сәйкесінше тұрақты емес және тұрақты мүше мәртебесіне ие екенін белгілі. Одан өзге, ҚХР Қазақстанның бастамасымен құрылған АӨСШК-ге төраға болып табылады. ШЫҰ-дағы төрағалық Астана Саммитінен соң Қазақстаннан Қытайға өтеді. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылады деп күтілуде.
– Қазақстан мен ҚХР арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – Жібек жолы экономикалық белдеуі. Бұл ұсыныс бойынша біздің еліміздің бірлескен жобалары туралы не айтасыз?
– ҚХР Төрағасы Астананы 2013 жылы Жібек жолы экономикалық белдеуін құру идеясын ілгерілетуші орын ретінде текке таңдап алған жоқ. Қазақстан теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ірі ел болса да, Еуразия құрлығындағы орны географиялық және геостратегиялық жағынан өте тиімді. Орналасуы жағынан Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір.
«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты біздің еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетін көтеретін инфрақұрылым қалыптастырып отыр. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен Жібек жолы экономикалық белдеуінің түйісуі Қазақстан аумағында орналасқан Қытай – Қазақстан – Ресей – Еуропа «Жаңа Еуразиялық құрлықтық көпірі», «Транскаспий бағыты» (Қазақстан – Закавказье – Еуропа) және Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Парсы шығанағы темір жол дәліздерін толыққанды пайдалануға мүмкіндік береді.
«Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ-тың мәліметі бойынша, 2016 жылы Қазақстаннан Қытайға темір жол мен жиырма футты эквивалент бойынша (ЖФЭ) 200 мың контейнер өткен. Ең қарқынды өсім ҚХР – Еуропа – ҚХР бағытында байқалуда – 104,5 мың контейнер ЖФЭ, 2015 жылмен салыстырғанда екі есе көп. 2017 жылдың төрт айының ішінде аталған бағыт бойынша 46 мың контейнер тасымалданып, былтырғы жылдың осы кезеңдегі көрсеткішімен салыстырғанда 2,5 есе өсім байқалады.
Елбасы өзінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында 2020 жылға дейін контейнер тасымалының жылдық көлемін 2 млн дана ЖФЭ-ға көтеру, одан түсетін жылдық табысты 4 млрд АҚШ долларына жеткізу міндетін қойды. Қазіргі таңда қазақ жері арқылы жүретін жүк пойыздарының бағыттарын көбейту, Ляньюньган портында (Қытайдың Цзянсу өлкесінде) орналасқан Қазақстан-Қытай терминалының мүмкіндіктерін кеңейту, әлемдегі ең мықты «COSCO Shipping» теңіз тасымалы корпорациясының «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ға құрылтайшы ретінде тартылуы бұл мақсаттың іскерлік сипатқа ойыса бастағанын көрсетеді.
– Индустриялық-инновациялық салада біздің еліміз үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылып жатыр?
– Қазіргі уақытта екі мемлекет арасында құны 28 млрд АҚШ долларын құрайтын 51 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жобалар мұнай химиясы, металлургия, машина жасау, инфрақұрылымдық құрылыс, коммуникация, құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтарын шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеу салаларын қамтиды.
Қазір көпшіліктің көңілінде аталған бағдарлама бойынша Қытайдан Қазақстанға экологиялық талаптарға сай емес, ескі зауыттар мен фабрикалар көшіріледі екен деген күмән бар. Шындығына келетін болсақ, бұлардың барлығы – заманауи жаңа кәсіпорындар. Менің ойымша, мұндай қате пікірдің қалыптасуына «кәсіпорындарды көшіру» деген терминнің пайдалануына байланысты болу мүмкін. Қытайда «кәсіпорындарды көшіру» деген сөз тіркесі саны Қытайдың өз қажеттілігінен асып кеткен жергілікті кәсіпорындарды шет елге шығаруға көмектесу шараларын білдіреді.
Қазақстанда 2015-2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылып жатқанын ескере отырып, керісінше, жоғары қосалқы құны бар өнім шығаратын кәсіпорындардың қажеттілігі сезілуде. Сондықтан да, менің ойымша, осы бағыттағы екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор.
– Үшінші жаңғыру – елімізде серпін алған жаңа бағыт. Оның Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына тигізер әсері жайлы пікіріңіз қандай?
– Үшінші жаңғыру Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына тек оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы өз Жолдауында айқындаған жаңғырудың басым бағыттары қазір ҚХР-да жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалармен үндеседі.
Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. «Экономиканы технологиялық жаңғыртуды жеделдету» басымдығы Қытайдың инновациялық бағдарламасымен үйлеседі. Бұрын Қытай барша үшін өнімін экспортқа шығаруға бағыттаған «әлемдік фабрика» ретінде қабылданса, қазір ол өндіріске енгізіліп жатқан ғылыми талдамалар мен ноу-хауларды патенттеу бойынша әлемде көшбасшы орынға ие. ҚХР экономикасының 50 пайыздық өсімі «үшінші индустрияға», яғни қызмет көрсету саласына тиесілі.
Жалпы, Қытаймен тәжірибе алмасу еліміздің Үшінші жаңғыруының нәтижелі болуы үшін қажет деп ойлаймын. ҚХР – тұрақты дамып келе жатқан, біздің елмен байланысын стратегиялық деңгейге көтерген ел. Бүгінде Қытай экономикасының даму көрсеткішіне әлемдік қоғамдастық назар аударып, тәжірибесін ұдайы зерделеуде. Сондықтан біздің ел мамандарының олардың тәжірибесінен үйренері де, тағылым алар тұстары да жеткілікті.
– ҚХР Төрағасының Қазақстанға сапары ШЫҰ Саммиті мен ЭКСПО-2017 көрмесі ашылар тұсқа сәйкес келіп тұр. Қытайдың баламалы энергетика саласындағы қандай тәжірибесі бізге қызықты деп ойлайсыз?
– Қазақстан Сыртқы істер министрлігі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ және Қазақстанның КХР-дағы елшілігінің Қытайдың Халықаралық сауданы ынталандыру жөніндегі комитетімен бірлесіп жүргізген жұмыстарының нәтижесінде Астанада өткелі отырған халықаралық көрмеге Қытай тарапының жоғары деңгейдегі дайындығы қамтамасыз етілді.
Қытай баламалы энергия көздерін пайдалануға ерекше көңіл бөлетін, «жасыл энергетиканы» дамыту бойынша әлемде алдыңғы орындарды иеленген мемлекет болып табылады.
ҚХР-дың Халықаралық сауданы ынталандыру жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, ЭКСПО-2017-ге Қытайдың 24 провинциясы, автономды ауданы және орталыққа тікелей бағынышты қалаларынан 500-дей компания өкілдері қатысады. Олар ЭКСПО-дағы алаңын қазақстандық кәсіпкерлермен байланыс орнату мақсатында пайдалануға ниетті. ЭКСПО біздің кәсіпкерлерге Қытай өнімдерінің қыр-сырымен танысуға, өндірушілермен ынтымақтастықтың болашағы бойынша тікелей келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді .
Қытайдың негізгі павильонының ұраны «Болашақтың энергиясы, жасыл Жібек жолы». Оның жалпы алаңы – 1000 шаршы метр. Залды безендіру үшін интерактивті 3D-технологиясы қолданылған. Сондай-ақ, энергетикалық жиынтықтардың футуристік үлгілерінің нұсқалары, соның ішінде «жасанды күн», тағы басқа экспонаттар да қарастырылған.
2017 жылдың 5 шілдесі Қытай павильонының ЭКСПО-дағы Ұлттық күні болып белгіленді. Онда түрлі мерекелік шаралар, сондай-ақ, Қазақстан мен ҚХР-дың энергетикалық және туристік саладағы ынтымақтастық форумдары өтеді. ҚХР павильоны жұмысы кезінде, яғни 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында ҚХР әкімшілік бірліктерінің тақырыптық күндерінің тізімі жасалды.
Бұдан өзге, ҚХР-дың ЭКСПО-2017-дегі екінші павильоны «Қытай аспаздық өнері мен мәдениетіне» арналмақ. Екі қабаттан тұратын павильонның алаңы – 1700 шаршы метр. Бірінші қабатында қытайлық тағамдарды ұсынатын атақты брэндтер болады. Ал екінші қабатта Қытайдың аспаздық мәдениеті көрсетіледі. Онда Қытайдың әрбір аймағы өзінің тағам түрлерімен таныстырса, компаниялары келіссөздер жүргізіп, келісімшарттарға қол қояды. ЭКСПО-дағы «Қытайдың аспаздық өнері мен мәдениеті» павильонында 8 түрлі Қытай тағамдарын дайындау бағыттарымен танысуға болады.
Осы тұста Қытай аспаздық өнері мен мәдениеті» павильонының құрметті басшысы ретінде ұлты қазақ азамат, Қытайдың Халықтық саяси-консультативті кеңесінің мүшесі, жазушы Ақбар Мәжит ағамыз тағайындалғанын атап өту керек.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Астанада өткізілуі мен Қытай кәсіпкерлерінің оған қатысуға білдіріп отырған құлшынысы екі мемлекет арасындағы және аймақаралық байланыстарды жандандыру, кәсіпкерлер арасында байланыс орнату, жасыл технологияларды енгізу, мәдени байланыстарды кеңейту және туристер тарту, Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік пен достық байланыстарды тереңдету үшін үлкен мүмкіндік туғызары сөзсіз.
Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналиист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
АЛМАТЫ