Театр • 06 Маусым, 2017

Театр дарабозы

312 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Өнер деген – бір түсініксіз құдірет. Өнер туралы сөз қозғап, қалам тербесең әрі қарапайым, әрі түсінікті болу керек. Кемел сөз шәкірттің үрейін ұшырады. Дана сөз – жүректі қозғамай, миды қозғайды.

Театр дарабозы

Ма­ман Бай­сер­кеұлы. Қара қыл­ды қақ жаратын әділдігі бар, кейде балаша таза, кейде қартша адуын мінез танытып жүретін жан. «Турасын айтқан туғанына жақпас» мінезі анау-мынау көксоқы әрекеттерден аулақ жүруіне се­бепші екені де рас. Артық ойын-күлкі, арзан мақтау-мадақ, ерсі сөз, қатты зіл көрсетпейді. Бірақ, көр­ген кісі сескеніп тұрады. Ол дегеніміз – Маман ағаның терең білімі, бай парасаты, кә­сіби шебер­лігі қасында тұрған адамның мысын басып кететіні. Ол сөзсіз. Өнердің зиялы ортасын қа­лыптастырған талант иесі. Өнер құдіретін бағалаған қайраткер.

Мен бір кездері Маман аға туралы жан-жақты білмек болып белгілі театр сыншысы, өнертану ғылымының Қазақстандағы жал­ғыз докторы атанған профес­сор Бағыбек Құндақбаевтан сыр тартқан едім. Ол кісі сонда былайша ақтарылған: «Маман Байсеркеұлы – ерекше талантты тұлға. Мұндай ізденімпаз, іскер, қайраткер режиссерді мен әлі көрген жоқпын. Өткен ғасырдың орта тұсында Маман Қы­зылорда театрының бас ре­жис­сері қызметіне барды. Құдай-ау, Қызылорданың бес кісі айналмайтын аядай сахнасында Всеволод Ивановтың «Бронепоезд - 1460» спектаклін қойды. Қырылдауығыңды да, Матросовты да күшті шығарды. Оны біз Ілияс Омаров екеуміз барып көрдік. Тамаша жасады. Сол жолы Жастар сыйлығын алды. Ол режиссер ретінде бар әрекетті жинақтап, мизансценаны мықты жасайды. Одан соң Штейннің «Между ливней» спектаклін қойды. Оқиғалар жылдам, Лениннен басқа кейіп­керлер өз реквизиттерін өздері әкеліп, тамаша ойнап шықты. Маманның ерекшелігі – талапқа күшті, өзі де, актерлері де аямай еңбектенеді, қатты дайындалады. Сөйтіп, Қызылорда театрының көркемдік сапасын биік дәрежеге көтерді.

Содан соң Маман Жамбылға барды. Оны да биікке көтерді. Онда А.Чеховты қойды. Маман сөзге ерекше мән береді. Өзі де шешен, актерларды да сайратады. Осы театрлардың Алматыға келіп шығармашылық есеп беруі – ол да Маманның ойлап тапқаны. Ол кездегі астана – Алматы ғой. Өзі басқарған театрды әкеліп, астана жұртшылығына таныс­тыру әрі өсу жолын көрсету, кем- кетіктерін түгендеу – осы Ма­­ман режиссердан басталған.

Кейін мына өзіміздің ТЮЗ-ға келді. Сәкен Сейфуллиннің «Қы­зыл сұңқарын» қойды. Сәкен ақынның поэзиясы керемет қой. Драматургия жағын Ма­ман екеуміз ойластырдық. Ал енді Сәкеннің рөлін сол кездегі өрімдей жас актер Нұрқанат Жақыпбай ойнады. Бір қарасам, алдыңғы қатарда отырған Қапан Бадыров ағамыз жылап отыр. Мен: Не болды, аға? – деп едім, мы­нау нағыз Сәкен ғой! – деп егілді. Міне, ойынның шындығы. Маман бұл арада С.Жүнісовті де, басқа драматургтерді де қойды. Мық­ты режиссер. Енді біржола шәкірт тәрбиелеуге көшті ғой. Берері көп». Бұл белгілі сын­шы, профессор Бағыбек Құн­дақбаевтың бізге көзі тірі кезінде өз аузымен айтқан пікірі.

Маман Байсеркеұлы – Қазақ­станның халық әртісі, белгілі театр режиссері, киноға да түсіп жүрген дара актер, Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры. Ағаның шығармашылық жолы туралы фильм-портрет жасап беру үшін сұхбат алған едім. Жалпы қазақ өнері, оның ішінде қазақстандық театрлар тынысы мен даму ба­ғыты, драматургия жайында біраз ой толғады. Айтары бар кісімен қанша сұх­баттассаң да ой өріле береді, өріле береді...

– Маман аға, сіз үшін теа­тр неден басталды? Қандай оқуды бітірдіңіз?

– Мына Алматы облысы, Талдықорған маңайында дүниеге келдім. Мектепті бі­тірген соң жоғары білім керек екенін сезіп Алматыға тарттым. Жасымнан «өнерді қуамын, әртіс боламын» деп армандаған адам емеспін. Келіп ана Ауыл шаруашылығы институтына түсіп кеттім. Содан мына консерваторияда бір досым оқитын еді, соған келіп жүріп, осы өнер­ге жабыстым да қалдым.

– Содан бері өнердің «жі­лі­гін шағып, майын ішіп» келе­сіз. Өнер деген не өзі сіз үшін?

– Өнер деген – бір түсініксіз құдірет. Өнер туралы сөз қозғап, қалам тербесең әрі қарапайым, әрі түсінікті болу керек. Кемел сөз шәкірттің үрейін ұшырады. Дана сөз – жүректі қозғамай, миды қозғайды. Соның салдарынан шығармашылық шабыт сәтінде біздің өнеріміздің бағыты бойынша аса маңызды рөл жүктелетін санадан тыс се­зім мен әртістік тебіреністі, эмоцияны айтам, адами парасат басып тастайды.

– Сонда да өнерге жақын­даған кісі сол арадан шыға ал­май дал болатыны несі? Қан­дай құпия? Сіз оқулықтар жа­зып жүрген білгір ұстазсыз ғой.

– Иә, жазып тастағанымыз бар, бір-екі кітап. Негізінен «аруа­ғыңнан айналайын» Кон­стантин Сергеевич Ста­нис­лав­ский дана осы актер шеберлігі мен режиссура жүйесін жасап, айтып кеткен ғой. Одан асып керемет ой айту қиын. Негізінде аса күрделі шығармашылық про­цесс туралы әшейін айтып, не болмаса қалам тербеп отыру оңай да емес. Ұстатпайтын, санадан тыс сезімдерді тасымалдауға келгенде сөз тым ебедейсіз әрі икемсіз келеді.

– Сонда қалай, сіз шәкірт­теріңізді қалай үйретесіз?

– Мен сол баяғы, Константин Сергеевич айтқандай, «шәкірт­терімнің жаттығулар мен этюд­теріне олардың өздері мектеп қабырғасында жасаған жұ­­мыстарын жазып отыруы ар­қылы образдық мысалдардың жәрдемі бойынша қол жеткеруге талпыныс жасатамын». Өйт­кені, адам баласының «ұс­тат­­пайтын» секемшіл сезім иі­рімдерін, психологиялық те­рең толғаныстарын мөлдіретіп ақ қа­ғазға тізіп шығу, әрі қара­пайым, әрі түсінікті етіп айтып жет­кізу қиынның қиыны дер едім.

– Маман аға, осы «актер табиғаты» деп жатамыз. Ол ак­тердің ойыны ма, адами болмысы ма, не өзі?

– Өнер мен творчество дегеніміз – актердің өз таби­ғаты, оның жаны мен тәні. Бар тетік, бар тылсым адамның та­биғат қойнауларында болып шықты. Ал актер табиғаты – кәусар се­зім, қуаныш пен қай­ғы, мақсат-мұрат, ой мен арман, қимыл-іс, рөл табиғатынан бастау алатын ойын өрнегі. Оқи­ғалар ошағы, идея ізгілігі, шы­ғармашылық шабыт сияқты көңіл-күй перне­лерінен үн төгетін күрделі құ­былыс. Шығармашылықта ең басты көркемдік критерий таби­ғатқа ғана тиесілі болса, сол табиғат тудырған творчество іргетасы – актер сезімінің түйсігі. Яғни, актер табиғаты өз сезімінің түйсігінен тамыр тартады, анығын айтсақ, қуану үшін де, жабырқау үшін де адам әуелі түйсінеді, сосын барып не қуанады, не жабырқайды.

– Түсінікті. Маман аға біз студенттік шағымызда, өт­кен ғасырдың жетпісінші жыл­да­ры мына жердегі ТЮЗ-дан, ана әкемтеатр­дан шықпаушы едік. Қазір драматургтер әлсіз бе, актерлар ойыны қы­зық­тырмай ма, зиялы ортаны театр­лардан сирек көреміз?

– Ол сөзіңнің жаны бар. Өзіңіз айтып кеткен анау Кү­ләш, Қаллеки, Құрекең, Сераға, Қапан ағалар, солар үшін баратынбыз. Ана Нұрмұхан жасаған Шоқан, Макбет, Яго қайда қазір? Әнуарлар, Сәбира апамыз, Бикен апамыз сияқты алыптар театрлар көркі еді ғой, несін айтасың. Олар қазір шыңына жеткізбейтін, көз тартатын – Алатау сынды биік тұлғалар. Бүгінгі тоқыраудың себебі, мынау сахна тілінің, бейне шығарудың іргетасын қалаған олар аса білімді болмаса да «табиғи талант» иелері еді ғой. Орыстың да театр өнерін қалыптастырған анау Коратели, Мочалов, Щепкин, Ермолова... Олар да мектеп көрмеген, өздері бастап мектеп қалыптастырды. Біз қазір жоспар бойынша оқуға қабылдаймыз, жоспар бойынша бітіртеміз, олар әрі қарай маман болып, нанын адал жей ала ма, оған бас қатырмаймыз. Шын тума таланттар оқуы керек. Теориялық білімді солар алу керек.

– Қазіргі театрларда бетке ұстар жігіттер мен қыздарды кө­ресіз бе, режиссерлардан ше?

– Бүгін де жақсы, тәуір ой­най­тындар бар, алда-жалда театр фестивалі болса, ондай таланттар көрініп қалады. Режис­серлардан ана Батыста жүрген Гүлсина деген қызым бар, Шы­ғыста да Рүстем деген балам бар еді, өмірден ерте кетті, өкі­нішті...

– Осы театр төңірегінде сөз қозғалса, драматургияның ақ­сап жатқанын көп айтамыз. Шы­нында солай ма? Кешегі Қалтай Мұхамеджанов, Сәкен Жүнісов сынды көкелеріміздің ізін басып жүргендер қайда? Дулат Исабеков, Иран-Ғайып, Исраил Сапарбай сынды дарын иелері жап-жақсы қалам тартып жүр емес пе?

– Біздің қазақта оза дамыған әдеби жанр – поэзия. Сонау Бұқар жырау бабамыздан бастап, бергі Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов сынды қаламгерлердің бәрі өлеңнен бастаған. Ал енді кенже қалып қалған жанр, ол – драматургия. Әсіресе, біздің, театр драматургиясы. Актердің өсуі, режиссердің өсуі соған байланысты, оны өзіңіз менен де жақсы білесіз. Драматургия жоқ емес, бар. Әйткенмен, айтарлық жаңалық, жаңаша ой туыңқырамай қынжылтып жатыр ғой. Сон­дықтан да әлі же­тілмей келе жатқан сала – драматургия. Қазір ол ма­мандыққа да академия шәкірт тәрбиелеп жатыр, мүмкін, жақын арада жа­ңалық болып қалар.

– Адам баласының арманы таусылмайды. «Армансыз адам – қа­натсыз құс» деп жата­ды. Бұған не айтасыз?

– Өзің айтпақшы, адам болған соң арман болады. Арман – тіршіліктің өзегі. Біреу бақты, біреу тақты армандайды. Біреу аса бір бай болсам деп армандайды. Көп нәрсені көре жүре, байлықты да, қызметті де көріп келе жатқан мен дәл қазір тек денсаулықтың мықты болғанын армандаймын. Байлық, бақ, тақ менің ұғымымда жоқ! Денім сау болып, өнерге қызмет ете берсем болғаны.

– Әңгімеңізге рахмет. Өзі­ңіз тілегендей, Алла сізге қуат берсін, зор денсаулық иесі болып, елге қызмет етудің жар­қын үлгісі болып арамызда жүре беріңіз.

Жақында ғана өмірден өт­кен, аса бір білгір адам, театр педагогикасының негізін салғандардың бірі, Қазақ еліне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ­станның білім беру ісінің үздігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Рабиға Мұқайқызы Қаныбаева пікіріне құлақ салайық: «Маман – талантты әрі ақылды режиссер. Ол сияқты актерлармен, жалпы шығар­машылық ортада жанын салып жұмыс жасайтын адам кемде-кем. Ол кезінде М.Шолоховтың «Тынық Донын» қойды. Оны осы Алматыға алып келді. Ха­лық залға лық толды. Бірнеше қайталап қойғызды. Еш жерде оқымаған актерлермен алып шықты. Маман кейіпкерді жақ­сы ашады. Бар болмысын тәптіштеп шығуға тырысады. Олардың ішкі жандүниесін суы­рып алады. Кейіпкердің мінез-құлқын іздегенде Маманға тең келер ешкім жоқ. Мен өзім Ма­манды адам ретінде де, шын маман режиссер ретінде де, ұстаз ретінде де қатты сыйлаймын. Ол кісінің білімі ұшан-теңіз. Оқымағаны жоқ шығар-ау. Көп жасасын!».

Маман ағаның болмысын танымау мүмкін емес. Ол кісімен жолығыса кетсеңіз, ол театрдың іші мен сыртындағы әдемі әзіл-қалжыңға дейін, кешегі үлкен ағаларымыз бен апаларымыз салып кеткен сара жолдағы іздер жөнінде сыр шертіп төгіледі кеп... Сіздің тыңдай бергіңіз, тыңдай бергіңіз әрі ойға түйе бергіңіз келеді. Маман ағадан дәріс алып жүрген шәкірттер бақытты жандар екенін сезіне ме екен деп те ойлайсың...

Ғайнижамал ӘБІЛДИНА,  
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры

АЛМАТЫ