Аймақтар • 06 Маусым, 2017

«Лесная» мен «Береговаядан» қашан құтыламыз?

151 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылжар аудандық «Қызылжар» газетінің 7 сәуірдегі санында көшелердің атаулары өзгертілетіні туралы ақпарат жарияланды. Оны оқып шығып, көңілім су сепкендей басылды. Себебін түсіндірейін.

«Лесная» мен «Береговаядан» қашан құтыламыз?

Архангельское ауылы тұр­ғындарының қолдауымен Восьмая көшесіне – Жастар, Одиннадцатая көшесіне – Береке, атауы жоқ көшелерге: Болашақ, Достық, Бірлік атау­ларын беру туралы шешім қабылданған. Жөн-ақ. Сол сияқ­ты Третья, Репейная, Пар­тизанская көшелерін біріктіріп, Жеңіс көшесі деп атауды ұй­ғарған. Әрі қарай көшелерді қазақшалауға сөздік қорлары таусылып қалған сыңайлы. Ал но­вокаменкалықтар бір­қатар көшелердің атаула­рын өзгертуге талпыныс ж­а­са­ған. Ленин көшесін – Тәу­елсіздік, Красная көшесін – Жа­ңаталап деп өзгертсе, атау­лары жоқ көшелерге – Лес­ная, Юбилейная, Жұлдыз деген аттарды таңа салған. Бұ­лар да заман талабына лайық атауларды таппағанға ұқ­сайды. Первая мен Береговая кө­шелерін – Береговая, Третья, Центральная және Чапаев кө­шелерін – Центральная деп атау­мен шектелген. Тізім осылай жалғаса береді. Петерфельд ауылдық округінің Боровское ауылындағы Первая көшесін – Садовая, Вторая көшесін – Парковая, Третья көшесін – Лесная деп өзгерткеннен кім не ұтты деген орынды сауал туады. Қатты қынжылтатыны, жер-су атауларын өзгерту кезінде өңірдегі тарихи тұлға­лардың есімдері әлі күнге дейін еленбей келеді. Еңбек арда­гері Сағат Қуандықовтың Октябрь көшесіне Мағжан Жұмабаевтың есімін беру туралы тілегі ескерусіз қалған.

Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыс бөлімінің жетекшісі Ернияз Сұлтанов бізді бұлар тұрғындардың бір бөлігінің ғана ой-пікірлері, түпкілікті шешім аудандық әкімдік пен мәслихаттың, ауылдық округ әкімдерінің бірлескен отырысында қаралып, қабылданады деп жұбатқанмен, көңілді күпті ететін жайттар жоқ емес. Атап айтқанда, жұртшылықтың ұсы­­ныстарына жергілікті би­лік өкілдерінің өзгеріс-то­лық­тырулар енгізуіне құ­қы жоқ екені белгілі. Олай бол­са, өзгертілмеген күйі, ша­ла қарпылған киіз құсап, қа­был­данып кетуі әбден мүмкін ғой. Көше атауларын таңдау ха­лықтың иелігіндегі мәселе бол­ғанымен, оларға ішкі сая­сат және тілдерді дамыту жө­ніндегі бөлімнің мамандары жалпы бағыт-бағдар беретінін жұрт жақсы білсе керек. Біз­діңше, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жете жүргізілмегенге ұқ­сайды. Осы сияқты немқұ­райдылыққа, жалпақше­шей­лікке салыну салдарынан Петропавл қаласының өзінде көшелерге еш мән-мағынасы жоқ жеңіл-жел­пі атаулар беріліп жүр. Абылайхан, Қожаберген жы­рау, Сегіз Сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбы­рай секілді тұлғаларды айт­па­ғанда Қызылжар өңі­рінде еңбек еткен, елдің дамуы­на өлшеусіз үлес қос­қан Сма­ғұл Сәдуақасов, Жұма­бек Тәшенов, Сафуан Шай­мер­денов, Шахмет Құсайы­нов және тағы басқа да асыл­дары­мыздың есімдері қашанға дейін ескерусіз қала береді?

Елбасы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», – деді. Демек, еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, мықты әрі жауап­кершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы айтылып жатқан шақта таптаурын болған ескі атауларға жабысып қалмай, санамызға серпіліс беретін уақыт жеткен сияқты. Ендеше, осы ке­зеңді пайдаланып, ел мен же­ріміздің, көшелеріміздің атау­ларын ұлттық кодымызды сақ­тай отырып, жаңа тұрпатта жаңғыртып алғанымыз жөн емес пе?

Ләйла ЖАНЫСОВА, 
журналист

Солтүстік Қазақстан облысы