Аймақтар • 06 Маусым, 2017

Атырауда 120 жас отбасы баспаналы болды

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы «Нұр­сая» шағын ауданында «Жас отау» өңірлік бағдарламасы аясында салынған бес қабатты тұр­ғын үй тапсырылды.

Атырауда 120 жас отбасы баспаналы болды

Сал­танатты рәсімге қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев: «Жас отау» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 90 пәтерлі үй пайдалануға берілген еді. Енді екінші үйдің қоныстанушылары қуанышқа кенеліп отыр. Бұл – Елбасының халыққа, соның ішінде жастарға деген қамқорлығының көрінісі, елдің әлеуметтік жағдайын, тұр­мысын жақсартуға бағыт­талған саясатының жемісі», деді.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, «Жас отау» бағ­дар­ламасы бойынша 29-ға тол­маған, отбасында мүгедек жан бар, спорт­та, өнерде, басқа да салаларда жетістіктерге жетіп жүрген жастар, сондай-ақ, бюджеттік ме­кеме мен мемлекеттік органдар қызметкерлері, әскери қызметшілер баспаналы бола алады. Тұрғын үй заемдарын ресімдегенде жалақыларының мөл­шерлері жетпей қалған жас отбасыларға ата-аналары кепілдік берген.

«Жас отау» үйлерінің құ­ры­лысын «Ақ қайнар» ЖШС жүргізген. Алғашқы қоныс­та­рына қол жеткізгендер қата­рында Қарабалиндер отбасы да бар. Шаңырақ иесі Айдос – журналист, ал жұбайы мұғалім. Қоғам өміріне белсенді араласып жүрген жастар баспаналы болғандарына айрықша қуанышты.

Қазір өңірлік бағдарлама шеңберінде 100 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Ол жыл аяғына дейін пайдалануға бері­леді. Сонымен қатар, «Қол­жетімді баспана-2020» бағдар­ламасы аясында жас отба­сы­ларға 30 пәтерді тапсыру жос­парда бар.

АТЫРАУ