Қазақстан • 06 Маусым, 2017

Елорданың мемлекеттік балабақшаларында 6,3 мың орын бөлінді

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада 3 жастан 6 жасқа дейінгі 33 мыңнан астам бүлдіршін мемлекеттік балабақшаға кезегін күтуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Елорданың мемлекеттік балабақшаларында 6,3 мың орын бөлінді

2017 жылы мемлекеттік балабақшаларға 6310 орын бөлінген, оның 2542-і берілген, деп мәлімдеді Астана қаласы Білім басқармасы басшының м.а. Әнуар Жанғозин.

- Жалпы орынның жетіспеушілігі екі факторға байланысты. Біріншіден, күн сайын кезек қатарын 90 бүлдіршін толықтырып отырады. Оның 20-ы қоныс аударуға байланысты және 70 бала туу есебінен. Екінші фактор – балабақша жетіспеушілігі, - деді Әнуар Жанғозин.

Балабақшаларда кезек кім, қашан өтініш бергеніне байланысты қалыптасады. Яғни, кім бірінші өтініш берсе, сол тиісінше бірінші болып тіркеледі, дейді Жанғозин.

- Бұны баланың туған күнімен, жылымен байланыстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл жерде әр жас ерекшелігіне әртүрлі орын беріледі. Яғни бұл балабақшаларда орындардың босауына байланысты. Қазір жалпы бізде туылған жылымен орын саны тең бөлінбеген. Алайда біз кезекте көп тұрған балалардың жас тобына қарап, көбірек орын бөлуге тырысамыз, - дейді Астана қаласы Білім басқармасы басшының міндетін атқарушы.

Бұл мәселеге қатысты жағдайды мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберіндегі мектепке дейінгі білім беру мекемесін салу шешеді, деп санайды, Әнуар Жанғозин.

- Таяуда ғана балабақшалар құрылысына қатысты мемлекеттік-жеке серіктестік аясында қол қойдық. 2018-2019 жылдары 6 балабақша салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, жеке меншік балабақшалар салу бойынша жұмыстарды қарқынды жалғастырып жатырмыз. Қазір өтініштер қабылдаудамыз. Биыл тағы мемлекеттік тапсырма бойынша жеке меншік 40 балабақша іске қосылады деп ойлаймыз, - деп толықтырды ол.

Жанғозиннің мәліметінше, 2006 жылы Астанада мемлекеттік тапсырыс бойынша 44 жеке балабақша жұмысын бастаған.

- Елордада жеке меншік балабақшалардың саны мемлекеттік балабақшалармен теңесті, тіпті саны одан да артты, - дейді ол.

Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы бұған дейін хабарлағандай, балабақшаға жолдама беру мерзімі 15 күннен 5 күнге қысқарды. 2017 жылы мемлекеттік балабақшаларда бөлінген орындардың тең жартысы бос болған.

- Біз электрондық поштаға смс хабарлама жібереміз. Алайда ол адамдардан ешқандай жауап жоқ. Мүмкін кейбірі Астанадан кетіп қалған шығар, бірақ кезекте тұр. Сәйкесінше, кезек басқа біреуге беріледі, - деп толықтырды Ә.Жанғозин.