Қазақстан • 06 Маусым, 2017

Астана маңында жастар «жасыл» технологиялар бойынша оқытылады

328 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

6 маусым күні Ақмола облысының Арнасай ауылында (Астанадан 35 шақырым) ЕХРО-Camp жастар лагері ашылды. Бірінші кезеңге 130 елордалық оқушы қабылданды. Онда балаларға "жасыл" технологияларды қолдану тетіктері үйретіледі. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Астана маңында жастар «жасыл» технологиялар бойынша оқытылады

Күрке лагерінің сыйымдылығы - 300 адам, әр күркеде 4 адамнан. Жаз маусымы кезінде EXPO-Camp  8-ден 21 жасқа дейінгі 2000-нан астам адамды қабылдауға дайын.  

- Лагерь бағдарламасы бір аптаға жоспарланған, әр дүйсенбі сайын қабылдайды. Бізде екі жас санаты бар, тренингтердің қиындығына байланысты 8-17 жас аралығы және 14-21 жас. Мұндай лагерьді құру идеясы Қазақстан EXPO көрмесін өткізу мәртебесіне ие болған тұста пайда болды. Скауттар бізге Кореядан келеді әрі Германиядан да топ күтіп отырмыз, - дейді Қазақстан скаут қозғалысының президенті Ильдар Катенов.

EXPO-Camp бағдарламасы 12 тақырыптық маусымға бағытталған: «Төмен көміртекті дамыту», «Климаттық өзгерістер», «Болашақтың агротехнологиясы», «Экологиялық тұрақтылық», «Жасыл технологиялар», «Энергия үнемдейтін технологиялар», «Жасыл экономика негіздері», т.б.

– Лагерьді Арнасайда ашудың өз себебі бар: мұнда логистикалық инфрақұрылым жақсы дамыған әрі қалаға қатынау жеңіл. Бастысы мұнда 2015 жылдан бері 35 «жасыл» әдістемені сәтті жүзеге асырып отырған «жасыл» технология орталығы жұмыс істейді. Балаларға «жасыл» экономиканың не екенін тәжірибе арқылы көрсетіп, үйретуді жоспарлап отырмыз, - дейді  Ильдар Катенов.

Лагерь аумағында жылыжай және балық өсіретін тәлімбақ бар. Ал Арнасай Қазақстандағы алғашқы «жасыл ауыл» деп аталады, өйткені жергілікті тұрғындар «жасыл» технологиямен органикалық көкөніс өнімдерін өсіреді.

– Біздің асхана мәзірі тек қана экологиялық таза өнімдерден тұрады. Барлық көкөніс – қызанақ, қияр, пиязды – осында өсіреміз. Таңертеңгі ас та жергілікті үй сүтінен әзірленеді, - дейді ұйымдастырушылар.  

Лагерь тәрбиеленушілері нұсқаушылардың жетекшілігімен оқытылады:  қазір EXPO-Camp-да 22 үйлестіруші жұмыс істеп жатыр – әр жасаққа екеуден. Олар халықаралық сертификат алған нұсқаушылар, республикалық деңгейдегі мамандар, сондай-ақ, педагогикалық тәжірибені меңгерген Астана қаласының педагогикалық, политехникалық, гуманитарлық колледж студенттері.

– Скаут әдісіне сай бала мен тәлімгердің жас айырмашылығы 2-3 жас болуы тиіс. Себебі олар бір-бірлерімен тығыз байланысып, бір команда құрамында болады. Мұнда барлығы өзін-өзі басқаруға негізделген: нұсқаушылар балалардың ойлағанын жүзеге асыруға көмек беретін үйлестіруші ретінде жұмыс жасайды. Олар болашақта өз беттерімен шешім қабылдай алулары үшін біз оларға таңдау құқығын береміз, - дейді Ильдар Катенов.

EXPO-Camp лагерін құруға G-Global халықаралық хатшылығы, «жасыл» экономика және G-Global дамыту коалициясы, «Ақбота» ҚҚ, «Қазақстанның скаут қозғалысы» ҚБ бастама болды.