Сол себептен әрқайсымызды алуан түрлі сұрақтар мазалайтыны да анық. Бұл маған не үшін керек? Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді? Менің міндетті сақтандыру қорына аударған жарналарым өз бағытында пайдаланыла ма? Өткен жылдарда орын алған келеңсіз оқиғалар қайталанбай ма? Осы іспетті сауалдарға БАҚ арқылы мамандар жауап беруде.
Бүгінде денсаулық сақтау саласында реформалар жүргізудің қажеттілігі айқын. Неге десек, осыған дейін азаматтар мен жұмыс берушілер арасында денсаулық сақтауда ортақ жауапкершілік болмай келді. Ден-
саулық сақтаудағы жауапкершілік тек мемлекеттің еншісіндегі дүниедей көрініп, азаматтардың өз денсаулығына деген көзқарасы тиісті деңгейде қалыптаспағаны шындық. Азаматтар уақтылы тексеруден өту, сауықтыру шараларына қатысу, зиянды әдеттерден арылу сынды маңызды істерге тиісті деңгейде мән бермеді. Сонымен бірге, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақсыздығы көзге ұрды. Мемлекеттің денсаулық саласына жұмсайтын қаржы көлемінің өсуіне қарамастан, тұрғындарға қажетті медициналық қызметтерге деген сұранысты толығымен өтеу бюджет үшін қиындық тудырды. Өйткені, елімізде бала туу деңгейі мен адамдардың өмір сүру ұзақтығының артуымен бірге созылмалы, инфекциялық емес науқастар қатары да кемімейді және салаға инновациялық технологиялардың қарқынды енгізілуі өз кезегінде үлкен шығындарды талап ететіні айқын болды.
Денсаулық сақтау саласын басқарудың осыған дейінгі әдісінің тиімсіздігін мынадай жайттардан да білуге болатындай. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсету барысындағы медициналық қызмет сапасының төмендігінен стационарлық көмекке бөлінетін шығындар көлемі де өсті. Статистика тілімен айтсақ, еліміздегі денсаулық сақтау саласына кететін қаржының 51 пайызы стационарлық көмекке жұмсалады, ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 34 пайызды құрайды екен. Бұған қосымша медициналық ұйымдардағы адамдар сарыла күтетін кезектер мен көрсетілетін қызметтердің сапасыз болуы азаматтарды ақылы емханаларға жүгінуге және өз қалтасынан ақша төлеуге мәжбүрлейді. Қаржылы азаматтар қымбат ем мен дәрі-дәрмек сатып алуға қауқарлы, алайда, материалдық жағдайы төмен азаматтар үшін бірқатар медициналық қызметтер қолжетімсіз болғанын жасыра алмаймыз.
Пациенттер тарапынан медициналық қызмет сапасына, дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің төмендігіне, ауруханалар мен емханалардың жұмысының тиімсіздігіне байланысты түсіп жатқан арыз-шағымдар жалпы денсаулық сақтау жүйесі туралы жағымсыз пікір қалыптастырды. Осындай жайттарды есепке ала отырып, МӘМС жүйесін енгізу өмірдің өзі тудырған қажеттілік деп білемін.
Ендігі кезекте әрбір азаматтың денсаулығы үшін жауапкершілік адамның өзіне, жұмыс берушіге және мемлекетке жүктеледі. Қаржы шығындары да ортақ жауапкершілік қағидатымен, «мұқтаждығы аз адамдар көмекке зәру адамдарға төлейді» қағидатымен бөлінеді және осы ортақ жауапкершілік қағидаты барлық сақтандырылған азаматтарға табыс пен төлем көлеміне қарамастан, сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Оның үстіне әрбір аза-
маттың өзі емделетін медициналық жеке немесе мемлекеттік ұйымды таңдай алуына жағдайдың тууы да мәселенің оң шешімін табуына үлкен көмек болмақ. Ауруханалар мен емханалар пациент үшін бәсекеге түсіп, медициналық қызмет сапасы мен дәрігерлердің біліктілігін көтеруге мүдделі болады. Әрі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жарналық төлемдер есебінен өсіп, медициналық көмектің ұлғайып келе жатқан шығындарын өтеуге мүмкіндік туады. Әлеуметтік сақтандыру қоры жоғары сапалы мердігерлерді таңдайтын болады. Медициналық қызмет сапасы қор тарапынан күнделікті бақыланады. Қор ең үздік мердігерлер рейтингін анықтап, оны баспасөз бен порталдарда жариялап отырады.
Жаңа жүйенің енуімен бірге жалпы практика дәрігерлерінің саны 1,8 есе көбейіп, әр дәрігердің жүктемесін 1500 адамға төмендетуге мүмкіндік береді (қазір бір жалпы практика дәрігеріне 2140 адамнан келеді). Бұл кезекті азайтып, қабылдау мен науқастарды емдеу сапасын арттырмақ.
Сонымен бірге, медициналық сақтандыру қоры төлемдерінің ұлғаюымен қатар, медициналық қызметтер көлемі артатын болады. Бұл – жаңа мердігерлерді тарту арқылы кезекті азайтуға мүмкіндік беріп, қазақстандықтар үшін көп артықшылықтар туғызады.
Саида АРЫСПАЕВА,
Республикалық қан орталығы директорының орынбасары