«Ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаған Құрасбек Тыныбеков шығармашылық жұмыспен айналысу кезінде символизм, метафоризм, таңбаларды зерттеуге талпынды, көркем туындысын мәдени мұраға айналдыруда ежелгі және ортағасырлық жауһар туындылар жасаған шеберлердің эстетикалық қалыптастыру тәртібі, ырғағы мен қалыптасқан канонына сүйенді. Оның шығармашылығындағы ең басты жетістік – ұлттық көркем тоқыма өнерінде өзінің қайталанбас авторлық қолтаңбасын қалыптастыруы. Суретшінің туындылары Қазақстан көркем тоқыма шеберлері үшін көркем өнер каноны - эталоны болды, − дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректорының кеңесшісі, педагогика ғылымдарының докторы, академик Садыбек Бейсенбаев. − Бүгінгі таңда Қазақстандағы сәндік өнерінің ешбір саласында гобелен өнері қол жеткізгендей, осыншалықты жан-жақты авторлық көркем стиль мен бағыт жоқ екен».
Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты Есенәлі Ералы сән және қолданбалы өнер саласында Қ.Тыныбеков жан-жақты кәсіби білім алған алғашқы қазақ екенін атап өтті. Заманауи формаларға негізделген көптеген сәндік ою-өрнектер, нобайлар, жобалар, ұлттық сәндік-қолданбалы өнерінің барлық жанрымен айналысып, көркем туындылар жасаған Құрасбек бау-басқұр, терме алаша тоқудың қайта жандануына көп еңбек сіңірді. Жібек матаға сурет салумен – батик өнерімен де айналысты. Киіз басудың дәстүрлі технологиясын жетік меңгерді. Халық ішінде текеметті тұрмыстық зат ретінде бағаласа, Қ.Тыныбеков текеметті нағыз өнер туындысына айналдырды. Өз қолымен бірнеше текеметті дайындады.
Иә, жүрегі өте нәзік те сезімтал, арманшыл да әсершілдігі, туған елге деген сарқылмас таза махаббаты туындыларынан аңғарылатын суретші 1980 жылы «Қазақстан шұғыласын» жасағаны үшін Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Өкінішке қарай, өмірден өткен соң. Одан бері отыз жеті жыл өтсе де оның өлімінің ерте және кенеттен болуы бақталастық, күндестік, іштарлықпен, сол кездегі солақай саясатпен байланыстырылады.
Аз ғана ғұмырында өшпес мұра қалдырған Құрасбек Тыныбеков ұлттық өнерге небәрі 10 жыл қызмет етіпті. Сол бір қысқа уақытта нағыз шығармашылықтың шынайы үлгісін айқындап, Қазақстан өнері үшін маңызын ешқашан жоғалтпайтын өте құнды жауһар дүниелерді өскелең ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Бар-жоғы 33 жыл өмір сүрген Қ.Тыныбековтің өлімі әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр.
«Сол кездегі солақай саясаттың да ағамның өліміне себепші болуы әбден мүмкін. Неге ұлттық гобеленге жалғыз қазаққа беріледі деген көзқараспен екі орыс ұлтының өкілі және Бәтима Зәуірбекова қосылып «теңдік» сақталды. Сондай-ақ, ағамның ұлтшылдық көзқарасы әлдекімдерге ұнамаған да болар. Бәлкім ұлтшыл болған соң у берілді ме деп те ойлаймын», – деді інісі, шәкірті, суретші Құттыбек Тыныбекұлы.
Отызында орда бұзған дарабоз дарынның денесі әйгілі Әбілхан Қастеевтің бейітіне таяу тұсқа жерленіпті. Бүгінде Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы орталық мемлекеттік музейде Құрасбек Тыныбековтің туындылары сақтаулы. Республикалық ғылыми-конференцияда баяндама жасаған өнертанушы, ЮНЕСКО өнертанушылар қауымдастығының мүшесі К.Ли суретшінің сақталған әрбір туындысының ерекшеліктеріне жекелей тоқталып, студент-жастарға терең мағлұмат берді.
Сондай-ақ, баяндамашылар өнер мектептерінің, оқу орындарының атына, көшелерге қазақ қолөнеріне өшпестей із қалдырған Қ.Тыныбековтің есімін беру жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»