22 Қаңтар, 2010

ЕЛОРДАДА ТӘРТІП НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ

1239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Астана қаласы ІІД-де 2009 жылдың жұмыс нәтижесін қорытындылау кеңесі болып өтті. Өткен жылдың 12 айында 3243 қылмыс тіркелсе, бұл 2008 жылғы тіркелген қылмыс санынан біршама аз. Өйткені, ауыр және аса ауыр қылмыстар азайған. Кісі өлімі, қарақшы­лық, денеге ауыр зақым келтіру, бопсалау мен тонау саны кеміген. Адам өлтіру, тонау, көлік айдап кету, бұзақылық пен бөтеннің мүлкін ұрлау фактілерінің ашылуы жақсара түсті. Астана қаласы ІІД негізгі жұмысының бірі – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, сондықтан осы бағытта жұмыс күшейтілді. Полиция нарядтарының жұмыс режімі және орналастырылу схемасы қарастырылып, маршрут­тар саны мен қаланың шет аймақтарының қауіпсіздігін сақтайтын полиция саны көбейтілді. Тәулік бойына қаладағы құқықтық тәртіпті 1000-ға жуық полиция қызметкері мен ішкі әскердің 220 әскерилері сақтайды. Қылмысты болдырмау және алдын-алу мақсатында жеке секторлар мен саяжайларда күн сайын рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға 563 адамнан тұратын “консьерж қыз­меті”, 11 жоғары оқу орындарының 352 сту­дентінен құрылған 32 жедел жасақ, мемлекеттік емес күзет қызметінің 305 қызметкері қатысады. ІІД ұсынысы бойынша қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарлама басқармасында есепте тұрған 120 жұмыссыз азаматтар қоғамдық тәртіпті күзетуге шығады. Сөйтіп, 12 айда қоғамдық құрылым өкілдерінің қатысуымен 327 қылмыс ашылып, 5782 адам әр түрлі құқық бұзушылық үшін ұсталды, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі. “Егемен-ақпарат”.