Мемлекеттік хатшы биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толғанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасында жылы әрі достық қарым-қатынас орнағанын айрықша атап өтті. Екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейі, сенімді диалог, әріптестікті нығайтуға деген өзара мүдделілік соның нәтижесі болып саналады. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы қытай медицинасының тамырын тереңнен алатынын, дәрігерлердің мыңдаған жылдар бойы жинақтаған тәжірибесіне негізделгенін айтты.
– Біздің азаматтар ем алудың баламалы әдістеріне жиі жүгінетін болды. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында ашылып отырған Қытайдың дәстүрлі медициналық орталығы қазақстандықтардың емделу мүмкіндіктерін арттыруға септігін тигізеді. Бұл орталық халық денсаулығын сақтаудың үздік ресурстарының бірі болатынына сенімім мол, деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Лэ Юйчэн Қытай елі үшін Қазақстан Орталық Азиядағы ең сенімді әріптес болып отырғанын, бүгінде әлемнің көптеген елдері дәстүрлі қытай медицинасын тани бастағанын жеткізді.
Ал еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Мемлекет басшысының медицина саласының экспорттық әлеуетін дамытуға тапсырма жүктегенін, осы орайда қазақстандықтар мен шетелдіктердің Қазақстанда ем алуына жан-жақты жағдай жасау бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Президенттің Іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Валерий Бенбериннің айтуынша, бұл орталықта Қытайда жасалған түрлі тұнбалар мен қайнатылатын дәрілер сататын дәріхана болмақ. Еліміздің кез келген азаматын қуана қарсы алатын бұл орталық келушілерді дәрілік шөптер мен массаж, ине, сүлік салу және түрлі гимнастикалардың көмегімен емдейді. Яғни, мануальды терапия, рефлексті терапия, фитотерапия сынды Шығыс медицинасы кеңінен қолданылады. Ақылы түрде қызмет көрсететін орталықта Қытайдан келген білікті мамандар еңбек етеді. Сонымен бірге, отандық мамандар да қытайлық дәрігерлермен өзара тәжірибе алмасып, пациенттерді Шығыс медицинасымен емдеуді үйренбек. Яғни, аталған орталықта Қытайдың дипломды, өз елдерінде беделі, үлкен тәжірибесі бар мамандары жұмыс істейді, деді ол.
Шараға қатысқан Beijing Tong Ren Tang International Information Technology Co., Ltd. кәсіпорнының басқарма төрағасы Джи Гуанфейдің айтуынша, аталған кәсіпорын әлемнің 26 мемлекетінде өздерінің 150-ден астам дәріханасын ашқан, дәрілік шөппен емдеу арқылы даңқы шыққан кәсіпорын саналады. Ал CITIC GROUP компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чанг Женминг қытайдың дәстүрлі медицинасының негізгі ерекшеліктері туралы әңгімелеп, ертедегі Цин империясының 8 билеушісі аталған дәстүрлі медицинаны тұтынғанын жеткізді. Сондай-ақ, қытай мамандары өз компанияларының тарихымен, жұмыс жүйесімен және іскерлік әріптестерімен таныстырып, сапалы әрі нәтижелі ем көрсететіндеріне сендірді.
Думан Анаш,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан»