Аймақтар • 08 Маусым, 2017

Петропавлда 150 пәтерлі жатақхана апатты жағдайда тұр

128 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан 35 жыл бұрын тұрғызылған жатақхананың бүгінгі сиқы адам шошырлық. Үйдің төбесі сыр беріп, бірінші қабаттың едені опырылып түскен. Шатыры, қабырғалары ажырай бастаған.

Петропавлда 150 пәтерлі жатақхана апатты жағдайда тұр

Тұрғындардың алды көшіп,  пәтер жалдап кеткен. Мүмкіндіктері жоқтары жандарын шүберекке түйіп, өмірлеріне алаңдап отыр.  Ғимаратты жөндеуге келген құрылысшылардан ұшті-күйлі хабар жоқ. Шенеуніктер болса, жатақхана тұрғындарының жаңғырту бағдарламасына қатысуын міндеттейді.Бірақ тілек білдірушілер жоққа тән. Өйткені, пәтер иелері күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін  жобалау-сметалық құжаттарға енгізілген 20 миллион теңгені  төлеуге  шамаларымыз келмейді дейді. Оның үстіне көбі    пәтерлерді жалдап тұратын көрінеді.

«Үй 15-20 сантиметрге  қисайып кеткен.  Суағарлар орнатылмаған.  Кірпіштер дымқылданып, құлап жатыр.  Басқа да олқылықтары жетерлік.  Тиісті орындар үйдің апаттық жағдайда  тұрғанын  қаперлеріне алғылары  келмейді.  Шешім шығарылса,  жаңа  пәтерлер берілуі керек.  Ондай қадамға барғылары жоқ», дейді тұрғындар.

   Шенеуніктер болса, пәтер иелерінің үйді талапқа сай күтіп ұстамағанын алға тартады. Бастапқыда  жергілікті қазынаның қаражаты есебінен   тегін жөндеп беруге келіскенмен, кейін жаңғырту бағдарламасына қосылуды  ұсынған. Бұған тұрғындар толық келіссе, кезектен тыс қалпына келтіру жұмыстары басталатын болады.

 Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».