30 Қыркүйек, 2011

Саади Каддафиді тұтқындауға ордер берді

361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Интерпол Ливияның бұрынғы президенті Муаммар Каддафидің ұлы Саадиді тұтқындауға ордер берді. Халық­аралық полиция ұйымы Каддафидің ұлының аса іздеу салынған қылмыскерлер тізіміне енгізілгенін хабарлады. Ордер Саадиге жылжымайтын мүлікке байланысты алаяқ­тыққа барды, адамдарды қорқытып-үркітті және жалға­сып жатқан азамат соғысында ливиялықтарды өлті­руге қатысты деген айып таққан елдегі жаңа биліктің сұрау салуы бойынша берілген. Соңғы мәлімет бойынша, Саади Каддафи көрші Нигер мемлекетінде отбасымен бірге жасырынып жүр. ӘСКЕРИЛЕРГЕ УЛЬТИМАТУМ ҚОЙЫП ОТЫР Мысырдың саяси партиялары егер ел билігіндегі әскерилер сайлау заңна­масына бірқатар түзетулер енгізбейтін болса, онда парламенттік сайлауға бойкот жария­лайтындықтарын мә­лім­деді. Осын­дай мәлімдемемен, қазіргі кездегі аса ықпалды «Мұсылман ба­уырлар» пар­тиясын қоса алғанда, түрлі саяси бағыт­тағы 60 партия өкілі шығып отыр. Партиялар талап етіп отырған түзетулер негізінен парламенттің төменгі және жоғарғы палаталарына депутаттар сайлау тәртібіне қатысты. Қарулы күштердің Жоғарғы кеңесі мақұлдаған заңға сәйкес, саяси партиялардан кандидаттар сайлауға тек тізім шеңберінде ғана түсулері тиіс. Партиялар өкілдері, сондай-ақ сайлауға тек партия тізімімен ғана емес, сондай-ақ тәуелсіз кандидаттар ретінде де қатысу құқын иеленбек. КОРОЛЬ КЕШІРІМ ЖАСАДЫ Сауд Арабиясында әйел баласына рөлге отырып, көлік жүргізуге заңмен тыйым салынған. Бұрнағы күні Саудия королі Абдулла мәшине жүргізгені үшін он мәрте дүре соғылған Джастаинаға кешірім жасау туралы шешім қабылдады. Бұл Саудия тарихындағы осындай алғашқы оқиға болып отыр. Бұған дейінгі әйелдердің барлығы айып төлейтін. Содан кейін тиісті орындар қыз-келіншектің жауапты адамынан болашақта рөлге отырғызбаймыз деген қолхат жаздырып алатын. Жалпы, Саудияда көлік жүргізгені үшін ең қатал жазаға жергілікті белсенді Манал әл-Шариф тартылған-тын. Ол 10 күнге бас бостандығынан айырылған еді. БАСШЫ БҰЙРЫҚ БЕРМЕПТІ Боливия президенті Эво Моралес полиция қатыгездікпен қуыпті таратқан де­мон- с­трацияға қатысушылар алдында кешірім сұрады. Амазонка үндістері тай­палары­ның өкілдері шеруге билік­тің Амазонка ойпа­тында автомагистраль саламыз деген шешіміне қарсы­лық білдіріп шыққан болатын. Эво Моралес сондай-ақ өзінің демонстрацияны жауыз­дықпен қуып тарату туралы бұйрық бермегенін атап көрсетті және болған жағдайды ел үкіметі үшін «қатерлі қоңырау» деп атады. Шеруге келсек, оған елдің түрлі қалалары бойынша ондаған мың адам қатысқан болатын. Шерушілер өкілдерінің сөздеріне қарағанда, 4 адам қаза тауыпты. КУБА ЕЛІ ӨМІРІНДЕГІ ЖАҢАЛЫҚ Куба үкіметі елде автокөліктерді еркін сатуға және сатып алуға рұқсат беретін қаулы жариялады. Бұған дейін осындай операцияларды 1959 жылға дейін шыққан мәшинелерге қатысты ғана қолдануға болатын. Сондық­тан көшелерде негізінен көнерген көліктерді көретінсің. Олар негізінен америкалық мәшинелер болса, кейіннен кеңестік көліктер де жеткізіле бастаған еді. Енді Кубада ешқандай арнайы рұқсатсыз-ақ көліктерді сатуға, сатып алуға немесе сыйлауға мүмкіндік беріле бастады. Мұндай құқық ел азаматтарына ғана емес, сондай-ақ Кубада тұратын шетелдіктерге де беріліп отыр. Дей тұрғанмен, автомобильдерді шет елдерден әкелу әзірше шет ел азаматтары мен билік арнайы рұқсат беретін ел азамат­тары үшін ғана мүмкін болмақ. Осы себепті кубалықтар бүгінде тек аралға әкелініп үлгерген көліктерді ғана саудаға салмақ. КАЗИНОҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ Қырғызстан парламенті казино мен ойын автоматтары залдарын заңға том­пақ келеді деп жариялады. 29 қыркүйекте ел аумағында ойын бизнесіне тыйым салу туралы заң жобасы бірден үш оқылымда талқыланып, қабыл­данды. Сөйтіп, 2012 жылдың 1 қаңта­рынан бастап атаған заң күшіне енетін болды. Заң жобасын 105 депутат қолдап дауыс берсе, бір адам қарсылық білдірген және бір халық қалаулысы қалыс қалған. Артынша құжат Қырғызстанның уақытша президенті Роза Отунбаеваға қол қою үшін жіберілген. Ресми дерек бойынша, қазіргі кезде Қырғыз Республикасының аумағында 21 казино бар болса, 3 мыңға жуық ойын автоматтары залдары тіркеліпті. Ойын бизнесінің өкілдері өздері үшін «жаманат хабарды» ести сала, митингке шықты. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Венесуэла президенті Уго Чавес бүйрек жетіспеушілігі диагнозымен шұғыл ауруханаға жатқызылды. Оның денсаулығы жазда және күздің басында өткізілген бірнеше химиятерапия курстарынан кейін күрт нашарлап кеткен. Бұрнағы күні Тайвань полициясы Қытайдың және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тағы жеті елдің арнайы қызметімен күш біріктіріп, алаяқ топтардың қылмысын ашу бойынша арнайы операция өткізді. Оның барысында 827 күдікті ұсталған. Сингапурдегі Shell компаниясының мұнай өңдеу зауытында шыққан өрттің аяғы жарылысқа әкеліп соқтырды. Осының салдарынан өрт қайта күшейе түсті. Егер тілсіз жау мұнай қоймаларына жетер болса, соңы үлкен  апатқа алып келуі мүмкін. Интернет материалдары негізінде әзірленді.