30 Қыркүйек, 2011

Алматыда алып қуыршақтар жүр

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Дәл осы күндері Алматының орталық көшелерінде алып қуыршақтар жүр. Өйткені, әлемнің әр түкпіріндегі танымал қуыршақ театрлары І Дүниежүзілік қуыршақ карнавалына қатысу үшін Алматыға келген. І Дүниежүзілік қуыршақ карнавалының Қазақстанда өтуі­нің де өз жөні бар. Егер оқырмандарымыздың есінде болса, өткен жылы Алматы қа­ласындағы мемлекеттік қуыр­шақ театрының «Қаңбақ шал» атты қойылымы Прага қала­сында өткен XIV Дүниежүзілік қуыршақ өнері фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Осылайша еліміз І Дүние­жүзілік қуыршақтар карнава­лын өткізуге қол жеткізді. Алматы қаласын қуыршақ өнерінің ордасына айналдырған ауқымды мәдени шараны өткі­зуге Алматы қаласының әкім­дігінен бастап, мемлекеттік қуыр­шақ театры, Дүниежүзілік қуыршақшылар ассоциациясы және «Tanaris» кинокомпаниясы атсалысып отыр. Сонымен карнавалда Швейцария, Португалия, Франция, Германия, Иран, Чили, Норвегия, Ресей, Испания, АҚШ, Италия, Румыния, Украина, Перу, Армения және т.б. елдерден келген қуыршақ театрлары тоғысып отыр. Мұндай салмақты шара кез­дейсоқ ұйымдастырылып отыр­ған жоқ. «Алматы-2011 Дүние­жүзілік қуыршақ карнавалы» ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған. Алматы көшелерінде кетіп бара жатқан алып қуыршақтар, қызыл-жасылды киінген ертегі кейіпкерлері қала тұрғындарын елеңдетіп, балаларды елітті. Өз әртістеріміз шетелдік әріптес­терімен бірігіп, көшеде халықты балалық шаққа шақырды. Ал Куба делегациясының сальсо билері көпшіліктің делебесін қоздырып, карнавалды қызықты ете түсті. Сонымен «Өмір мерекесі» ұранымен өткізіліп жатқан бұл шара күздің салқын күндеріне жылылық сыйлап жатқан жайы бар. Карнавал бағдарламасына халықаралық қуыршақ театр­лары фестивалі, халықара­лық қуыршақ фильмдері фестива­лінің салтанатты шеруі, сондай-ақ балалар үйлері мен қарттар үйлері және емдеу мекемелері үшін қайырымдылық шарала­рын ұйымдастыру енгізілген. Ең маңызды оқиға 1 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы саябақтан бастау алады. Ол күні саябақ 21 елден келген қуыршақтардың қатысуымен аспан астындағы үлкен сахна алаңына айналады. Бір айта кететін жәйт, 25 қыркүйек пен 2 қазан аралы­ғында Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театры ғима­ратында және «Artишок» театрын­да халықаралық қуыр­шақ театрлары фестивалі өтуде. Онда балаларға да, ересектерге де арналған қойылымдар көр­сетілсе, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының кинозалында халық­аралық қуыршақ фильмдері фестивалі өтіп жатыр. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.