Бүгінде республика көлемінде 2 миллионға жуық адам кәсіподақ ұйымдарында тіркелсе, Шығыс Қазақстан облысында 2073 бастауыш кәсіподақ ұйымында 157027 адам мүшелікке өткен. Мерекелік шарада баяндама жасаған облыстық кәсіподақтар орталығы директорының міндетін атқарушы Айжан Садықова өңірдегі салалық бірлестіктердің нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқанын атап өтті.
«Мәселен, білім мен ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымы жастардың форумын ұйымдастырып, нәтижесінде жоғары оқу орнының 100 түлегі жұмысқа орналасып, 50 студент өндірістік тәжірибеге жіберілді. Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі қызметкерлерінің кәсіподақтар ұйымы өз еңбеккерлерін былтыр «Үздік жас жұмысшы», биыл «Үздік орман шаруашылығы» аталымдары бойынша марапаттады. Бұл кәсіподақ ұйымы жаз маусымында мектеп оқушыларына орманшылық кәсіптің қыр-сырларын үйретеді, ғылыми жобаларға қатыстырады. Бұған мысал ретінде Катонқарағай ауданының оқушыларының Ресейде өткен халықаралық орманшылар байқауына қатысып, жүлделі орыннан көрінгенін айтуға болады», - деді.
Айжан Садықова қазіргі уақытта өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін республикада алғаш болып бірыңғай ақпараттық база құрумен айналысып жатқандықтарын жеткізді. Сонымен қатар облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдармен жасалатын ұжымдық келісімшарттардың сапасын жақсартуды, қызметкерлерге жасалатын жеңілдіктер санын көбейтуді де жоспарлап отырғандықтарын айтты.
Мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов та қатысып, өңірдегі кәсіподақ ұйымының бірқатар қызметкерлерін облыс әкімінің алғыс хатымен және Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суретті түсірген Насихат Өркешбаева