Дәл қазіргі кезде Медиа орталықтағы журналистерге арналған үлкен бір зал лық толы. Әлемнің түкпір-түкпірінен және еліміздің өңірлерінен келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тым көптігінен, аккредитация мен қатысушыларға қызмет көрсету орталықтарының залдары босатылып берілуде. Әр залдағы арнайы LED экрандардан отандық және шетелдік тілшілер әлем көз тіккен ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатын тамашалап, жаза алады.
«Бізде масс-медиаға арналған 500 орын бар еді. Алайда, келген журналистердің саны мыңнан асып кетті. Қазір мұнда шамамен 1200 журналист отыр. Оның 400-і өзіміздің БАҚ өкілдері болса, қалған 800-і – шетелдік тілшілер», дейді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов.
Алдын-ала мәлім болғандай, 19:00-ден кейін ЭКСПО аймағына мемлекет пен үкімет басшылары келеді. Ал ашылу салтанаты 20:17-ге белгіленіп отыр. С.Куяновтың айтуынша, тікелей трансляцияны барлық қазақстандық арналар алып отыр. Ал трансляцияның толық нұсқасын «Хабар» агенттігі мен «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсетпек. Бұдан бөлек, «Astana EXPO-2017» ресми сайты мен «Youtbe» ғаламтор арнасынан көруге болады. Сонымен қатар, тікелей эфирді «CNN» мен «BBC» арналары да сұрап отырған көрінеді.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»