ЭКСПО-2017 • 10 Маусым, 2017

Астанада ЭКСПО кезінде 700-ге жуық шара ұйымдастырылады

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана тұрғындары мен қонақтары Қазанат ипподромының аумағында орналасқан бірегей этноауылды тамашалауына болады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Астанада ЭКСПО кезінде 700-ге жуық шара ұйымдастырылады

Елордалық Қазанат ипподромының аумағында бірегей этноауыл өз құшағын ашты. Қала тұрғындары мен Халықаралық ЭКСПО көрмесінің қонақтары жан-жақты бұқаралық-мәдени іс-шаралады тамашалай алады. Ол ЭКСПО-2017 көрмесіндегі мәдени-туристік бірегей жоба. Кешен келушілерін қазақ халқының салт-дәстүрі, өнері мен бай мәдени мұрасымен таныстырады.

Меймандар өткенге саяхат жасап, көшпенділер өркениетімен танысып, батыр, шебер немесе бүркітшінің образына ене алады. Астанадағы этноауыл 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында жұмыс істейді. Осы үш ай ішінде шамамен 700-ге жуық шара өткізу көзделіп отыр.

«Қазақ әуендері» АҚ вице президенті Сәкен Шакеевтің мәліметінше, шетелдік қонақтар үшін күнделікті концерттік шаралар өткізу жоспарланған. Мақсаты – ЭКСПО қонақтары мен келушілерін тек нано технологиялармен ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының бай тарихы мен зор мәдени мұрасымен кеңінен таныстыру.

Импровизацияланған ауыл «Қазанат» ипподромы аумағына 2500 шаршы метр аумаққа тігілген 30 киіз үйден тұрады. Сондай-ақ, ойын-сауыққа да арнайы бағдарлама бар. «Сайыс», «Қыз қуу», «Күміс алу, «Алтыбақан» ойындары да өз көрермендерін табады деп күтілуде.

Ауыл аумағында қазақтың ұлттық музыкалық және театр өнері мен атбегілік және ұлттық спорт түрлерінен арнайы бағдарламалары да әзірленді. «Дәстүрлі аңшылық түрлері» секторында ұлттық аңшылық өнері таныстырылады. Мергендер мен саятшылар келушілерге бекзада өнердің қыр-сырын таныстрады.

Ұлттық кешеннің тағы бір ерекшелігі қолөнер шеберлері болмақ. Үш ай бойы меймандар ұлттық қолөнер туындыларын тамашалап қана қоймай, олардың дайындалу барысына атсалыса алады.