Еуропалық қалпына келтіру және дамыту банкі мен қазақстандық тарап арасында кезекті ірі жоба жүзеге асады. Бұл жолы банк Жамбыл облысындағы «Бурное Солар» күн электр станциясын қаржыландырып, өндіріс қуатын 50 МВт-тан 100 МВт-қа дейін арттыруға көмектеспек.
"Еуразиялық қалпына келтіру және даму банкімен кредиттік келісімге қол қою 15 млрд теңге мөлшеріндегі ұзақмерзімдік заемдық қаржыландыру мен 10 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі таза технологиялар қоры тарапынан заемдық қаржыландыру тартуға мүмкіншілік береді", деді «Самұрық-Қазына» АҚ Активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры Берік Бейсенғалиев.
«Бурное Солар-2» ЖШС – қазір тек Қазақстандағы ғана емес, Орта Азиядағы ірі күн электр станиясы. Ал бүгінгі келісім оның бүкіл ТМД елдері арасында көш басына шығуға мүмкіндік береді.
"Қазақстандағы баламалы қуат көздерін дамыту мақсатында өткен жылы 200 миллион еуро бөлуге келістік. «Бурное Солар» компаниясымен жасалған келісім соның сәтті жалғасы болады деп сенемін. Ал жалпы біздің банктің Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы 1 миллиардқа жетті", деді ЕҚДБ Энергетика және табиғи ресурстар бөлімінің басшысы Аида Сыдықова.
Жоба аясындағы инвестициялардың жалпы көлемі 26 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар жобаны қаржыландыру 7,8 млрд теңге мөлшерінде «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС жеке қаражаттары есебінен және британдық UGEnergyLimited серіктестігі есебінен жүзеге асырылады.