Ұлы Жібек жолының жаңа парағы ашылды
Қазақстан астанасында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Үндістан мен Пәкістан ресми түрде ШЫҰ мүшелігіне қабылданып, ұйым әлем халқының 40%-ның, дүние жүзі экономикасының 30%-ын иеленген бірлестікке айналып үлгерді.
Саммитті ұйымдастырушы әрі төрағалық етуші елдің басшысы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның бүгінге дейінгі атқарған жұмысына жоғары баға бере келіп, жаңадан қабылданған Үндістан мен Пәкістанның премьер-министрлерін мүшелікке қабылдануымен құттықтады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы мүше мемлекеттердің өзара сауда-экономикалық қатынастары Ұлы Жібек жолын жаңғырту идеясын ілгерілетіп отыр. 25 жылдық тарихы бар Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық қатынасы жыл санап артып келеді. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының биылдан бастап коммерциялық пайдалануға беріліп, Қытай тауарының Қазақстан мен Ресей арқылы Батыс Еуропа елдеріне жете бастағаны анық.
Осы орайда, ұйымға мүше Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев ШЫҰ елдерінің жаһандық экономикадағы маңызы транзиттік әлеуетіне де байланысты екенін айта келіп, Қырғызстан мен Өзбекстан арқылы да тасымал нарығын құру керектігіне назар аударды. Атамбаевтың пікірінше, соңғы жылдары Қырғыз Республикасында қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар мен Өзбекстанның сыртқы экономикаға ашыла бастауы Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасымен үндесері анық.
ШЫҰ елдерінің экономикалық әлеуеті
Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғалы бері ұйым елдерінің өзара тиімді экономикалық және сауда қатынастарының орнауына мұрындық болып жүрген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылдан бастап сегіз елдің басын біріктіріп отырған алпауыт ұйым елдерінің өзара еркін сауда аймағын құру керектігін айтты.
Экономикалық даму үшін ортақ нарық пен экономикалық интеграцияны басшылыққа алатын Қазақстанның бұл жолғы бастамасы Қазақстан-Қытай сауда қатынасының екі ел ішінде ғана емес, жалпы Еуразия кеңістігінде арта түсуін мақсат ететіні анық.
«Өзара сауда көлемінің артуы болашақта ШЫҰ-ның еркін сауда аймағын құруға септігін тигізетіні анық. Бұл жерде біздің еліміз экономикалық өзара іс-қимыл саласындағы өздерін қызықтыратын жобаларды зерделеуді бастау арқылы кезең-кезеңімен ілгерілей алады. Мұнан бөлек, біздің қызметіміздің маңызды векторы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саналады. Бұл тұрғыда ШЫҰ университетін құру және жұмысын жолға қою туралы келісімге қол қоюды қолдаймыз», – деген Қазақстан Президенті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2017-2018 жылдарға арналған туризм саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын ұйымдастырудағы бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдау аталған саладағы өзара іс-қимылға тың серпін беретіндігін атап өтті.
Өз кезегінде Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев ШЫҰ Даму банкін ашу керектігін айтты. «Біз сауда-экономикалық ынтымақтастықтың белсенділігін қолдаймыз. Сондықтан ШЫҰ Даму банкін құру мәселесі туып отыр. Қырғызстан да ШЫҰ-ны құрушылардың бірі болды. Сол себепті аталған банк Бішкек қаласында орналасуы керек деген шешімді ұсынып отырмыз», – деді А.Атамбаев.
Дайындаған
Бауыржан МҰҚАНОВ,
«Егемен Қазақстан»