Люксембургтің премьер-министрі Ксавье Беттель өз сөзінде Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарды нығайта түсуге мүдделі екенін жеткізді.
– Мен Астанаға осымен екінші рет келіп отырмын. Осы қалада Люксембург Ұлы Герцогтігі консулдығының ашылғанына қуаныштымын. Бұл біздің еліміз үшін де, Қазақстан үшін де маңызды оқиға деп ойлаймын. Астанаға алғаш келгеннен бергі аралықта Қазақстан туралы көп мәліметке қанықтым. Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері, дін өкілдері тұратынын білдім, сан қилы мәдениеттердің шоғырланған жері екенін түсіндім. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері әлем елдерімен дипломатиялық қатынас орнатуға дайын екенін көрсетті. Астанада ашылған консулдық Қазақстан-Люксембург арасындағы байланыстарды одан әрі кеңейте түсуге ықпал етеді деп сенемін,– деді Ксавье Беттель.
Қазақстан мен Люксембург арасында дипломатиялық байланыстар орнағанына биыл 25 жыл толатынын айта кету керек. Содан бергі аралықта сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық бағыттарда байланыс жолға қойылған.
Астанадағы басқосуда сөз алған Люксембургтің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан-Клод Кнебелер:
– Бүгінгі жиынға екі елдің экономикасы мен ішкі қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың қатысқаны ашылу рәсімінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Өз басым бұл консулдыққа жиі келіп, елдің түрлі құрылымдарының өкілдерімен жиі кездесіп тұруға тырысамын. Біз бұл жерде ортақ бастамалар мен жобаларды іске асыратын боламыз,– деді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 60 пайызға өсіп, 18 млн доллардан асқанын айтып өткен жөн. Люксембург Қазақстанға негізінен көлік құралдарын, электр-техникалық жабдықтар, тоқыма маталары мен металл экспорттайды.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»