ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Астанада 11-19 маусым аралығында өтетін мәдени шараға құрамында эстрада майталмандары, қолөнершілер, түрлі шығармашылық ұжымдар бар 400-ден астам адам қатысуда. Өнер бәсекесі алғашқы күні «Махаббатпен, Алматыдан!» деген атпен «Қазақстан» орталық концерт залында шымылдығын түрді.
Алматының мемлекеттік қуыршақ театры Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрында күніне екі рет «Құлыншақ пен Бөлтірік», «Веселые медвежата» атты үздік спектакльдерін қазақ және орыс тілдерінде ұсынады. «Аталған қойылым жаңашылдығымен, санқырлылығымен көрменің кішкентай көрермендерін баурап алады», дейді театр ұжымы.
Астананың «Жастар» театрында Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Асқақтай бер, қазақтың сазды әуені» атты музыкалық кеші көрерменге жол тартып, «жан біткенді жадыратар» әсем сазды әуендер сиқырлы сазымен көптің көзайымына айналмақ.
«Этноауыл Алматы» көрмесінде үздік қолөнершілер мен суретшілер өз туындыларын ұсынып, шеберлік сыныптарын өткізеді. Шет елдерден келген меймандар қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан, таным-тарихымыздан сыр шертетін түрлі бұйымдар арқылы ұлттық ерекшеліктерімізді тани алады. «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі арнайы концерттік бағдарлама ұсынады. Сондай-ақ, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің амфитеатрында мәдени күндердің «Асқар таулы Алматы!» атты қорытынды концерті өтеді.
Үш ай бойы көрме қонақтарын ән мен күйге сусындататын іргелі өнер ұжымдарының сапында Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияның ұжымы да бар. Бір кездері Ахмет Жұбанов сияқты қазақ өнерінің қаймақтары іргетасын қалаған өнер ошағының атынан әлемге белгілі Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, Бақытжан Байқадамов атындағы Азиядағы тұңғыш Мемлекеттік хор капелласы, Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, сондай-ақ, Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартеті, Мемлекеттік қарағайлы-үрмелі аспаптар квинтеті өз кәде сыйларымен жетті.
Жоғарыда аталған шығармашылық ұжымдары мен өнер иелері көрме кезінде Алматыдан елордамызға аттанатын өнерпаздардың бір парасы ғана.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ