Көрме аясында концерттік бағдарламалар, қолданбалы қолөнер, киіз үйлер көрмесі, театр қойылымдары, жыр кеші, Есенғали Раушановтың шығармашылық кешін өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, 10-20 тамыз аралығында этноауыл аумағында орнатылатын 2 киіз үй облыстық мұражайлар қоры есебінен жабдықталып, туындыларын сатуға, шеберлік сабақтар өткізуге 20 қолөнер шебері қатысады.
Ассамблея хатшылығының ұйымдастыруымен 120 қатысушысы бар 15 шара «Арай» саябағында өтсе, 7 шара этноауыл аймағында, 6 шара «Жерұйық» саябағында, 6 шара «Студенттер» саябағында, 6 шара «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, 6 шара қала әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда, 2 шара М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында, 1 шара қуыршақ театрында, С.Адайдың шығармашылық кеші «Шабыт» сарайында, Маңғыстаудың дәстүрлі ән-күй-жыр саздарының концерті конгресс-холлда өтеді деп белгіленген.
Мәдениет күніне облыстан көркемөнерпаздардан, кәсіби ұжымдар мен әртістерден құралған барлығы 447 адам қатыспақ. Қазіргі таңда өнерпаздар үшін 247 бюджет есебінен, 36 демеушілер есебінен 273 жаңа киімдер тігіліп, жаңа бағдарламалар жасақталуда.
Қазіргі таңда 31 кәсіпорын, сонымен қатар, мекемелер мен ұйымдар, 5 аудан және Ақтау қаласы әкімдіктерінен 37695 адам, оның ішінде 5328 бала ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысқалы отыр.
Маңғыстаулықтардың алғашқы легі ЭКСПО-2017 көрмесіне қонақ ретінде аттанып кетті.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы