Қазақстан • 12 Маусым, 2017

Көрме меймандарының лебізі

131 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Көрме меймандарының лебізі

Ли ДЕНСУ, 
ҚХР «Синхуа» агенттігі Еуразия бюросының тілшісі: 
– Бұл менің Астанаға ең алғаш келуім. Біз ЭКСПО-2017 көрмесі өте жақсы деңгейде өтеді деп күттік. Дайындық шараларына қарап, көп­шіліктің үміті ақталатынына сенімді болып жүрмін. Барлық ғимараттардың ажары таңдай қақтырады, өте әдемі. Кез келген нысанның заман талабына сай салынғанын көреміз. 
Менің ойымша, Қазақстан көрмені деңгейіне сай ұйымдастырады. Қытайлық «Синхуа» агенттігінен жиырма шақты журналист қазақ топырағына табан тіреді. Жалпы, Аспанасты елінен 100-ге тарта бұ­қаралық ақпарат құралының өкілі осында бас қостық. Біз тікелей эфир арқылы көптеген репортаждар жасайтын боламыз.

Дина СЕКОРСКАЯ, 
Ресей Федерациясынан келген саяхатшы:
– Мен энергетика саласының маманымын, сондықтан Астанада басталған ЭКСПО көрмесінің тақырыбы мені қатты қызықтырады. Халықаралық шараға жүзден астам мемлекет қа­тысатынын естідім. Ал олардың арасында баламалы энергия көздерін өндіруден шарықтап дамыған елдердің де бары сөзсіз. Осы көрмедегі ғылыми жаңалықтар мен жетістіктер тәжірибеге еніп, игілікке айналатын болса, пайдасы ұшан-теңіз болар еді. Біз сол кезде жаңа өркениеттің шыңын бағындырған дәуірді басымыздан өткереміз.
Мамыр айынан бері Қазақстан өңірлерін аралап жүрмін. Шымбұлақ, «Медеу», Шарын шатқалынан алған әсерлерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мұндай табиғат пейзажын әлі күнге көрген емеспін. Астана қаласының ажары тіпті бөлек. Зәулім ғимараттар көз арбайды, сәулет кешендері сүйсіндіреді.

Жеңіс НҰРЛЫБЕК, 
Тараз қаласының тұрғыны:
– Астанаға Әулиеата шаһарынан шыққан экскурсия тобымен ілесіп келдім. Бас қаламызға осы уақытқа дейін бірнеше мәрте табаным тиген. Әр келген сайын әртүрлі әсерге бөленетінім бар. Осы ЭКСПО көрмесінің ашылуын тамашаладым. Көрме қалашығындағы ғимараттардың сәні бөлек әңгіме, алғашқы күнгі мультимедиалық шоу, отшашу, өзге де мерекелік жиындар көңілімізді көтерді, айрықша әсер сыйлады.
Бірінен кейін бірі ашылып жатқан әр павильонда әртүрлі жаңалық барын сеземін. Өйткені, бір-бірін қайталамайды, ұқсамайды. Олардағы ғажайыптардың қай-қайсы да таң­дай қақтырмай қоймайды. Менің қуанғаным, дәл ортадағы дөңгелек сферада орналасқан еліміздің павильоны басқа мемлекеттердің павильондарынан еш кем емес. Біздің өнертабыстарымыз бен жаңалықтарымыз да көпке шапағатын тигізетіні сөзсіз.

Жазып алған 
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»