Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бастаған үкіметтік топ өңірдегі индустриялық бағдарламаның іске асырылу барысымен танысу үшін Қарағанды облысында болды.
Сапар барысында үкіметтік топ «Kazplast» ЖШС қазақстандық-болгар кәсіпорнына барды. Онда кең ауқымды полиэтилен бұйымдары өндірісі іске қосылған. Кәсіпорын жылына 390 тонна полимер өнімін шығарады. Кәсіпорынның құрылысында және өнім өндірісінде тек қана қазақстандық құрылыс материалдары мен шикізат пайдаланылды.
Бұдан басқа, үкіметтік топ «Машзавод №1» ЖШС-ның прототиптеу кешені жұмысымен және қызметімен танысты. Кәсіпорын өнімі тау-кен өндіру және мұнай-газ өнеркәсібінде, металлургияда және көлік саласында сұранысқа ие. Зауыт шығаратын гидравликалық жабдықтың 90%-ын ТМД елдеріне экспорттайды.
Бұған қоса делегация «Караганда Энергоцентр» ЖШС өндірістік қуаттылығын жаңғырту және кеңейту бойынша жұмыс барысымен танысты. Қазір объектіде жаңа жабдық орнату бойынша құрылыс- монтаж жұмыстары жүргізілуде. Объектінің өндірістік қуаты – 425 МВт, 1157,5 Гкалл/сағ. Жобалық қуатқа шығу келесі жылға жоспарланған.
Жалпы, Индустрияландыру картасы шеңберінде осы жылы Қарағанды облысында 24 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 9 жоба бірінші жартыжылдықта қолданысқа енгізілді.
Кәсіпорындарды аралағаннан кейін, облыстық әкімдікте ҮИИДБ шеңберінде бизнесті қолдау құралдарына арналған кеңес өтті.
Әсет Исекешев жаңа индустриялық саясат шеңберінде мемлекет, ең алдымен, ҮИИДБ-ның стратегиялық бағыттарын іске асыруға тартылғандарды қолдайтынын еске салды.
«Егемен-ақпарат».