Астана экономикалық форумы (АЭФ) – экономикалық міндеттерді талқылап, шешім қабылдайтын Еуразиядағы тұңғыш үнқатысу алаңы. АЭФ- тің мақсаты әлемдік сарапшылар қауымдастығын жаһандық экономиканың ең өзекті деген мәселелері бойынша нақты шешім шығаруға жұмылдыру болып табылады. Форумда ірі шарттар мен келісімдерге қол қойылады. Форум жұмысының басты қорытындысы – әлем сарапшыларына жаһандық экономиканың даму бағыттары үшін нақты кеңес беру. Биылғы АЭФ-2017-нің мінберлерінде әлемдік экономиканың ағымдағы даму ерекшеліктері, тұрақты экономикалық өсімнің жаңа модельдері, жаһандық әріптестікті нығайту, әлемдік сауда мен инфрақұрылымды дамыту, «жасыл экономика» болашағы және оны жаңғыртудың инновациялық әлеуеті атты кешенді тақырыптар талқыланады. Экономикалық форум Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің шеңберінде өткізілетіндіктен «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша жинақталған жаңа технологиялар мен инновациялар да әлемдік экономиканың қаймағын қалқыған ғалымдар мен экономистердің талқысына түспек.
Биылғы жылы форум жұмысында ең жоғары тиімділік пен мазмұнға басымдық беріліп отыр. Талқыланатын мәселелер саны қысқартылып, негізгі тақырыптарға баса назар аударылады. Мәселен, 2012 жылы V-АЭФ күн тәртібі бойынша 70 сессия өткізілген болса, АЭФ-2017-нің аясында 36 сессия өткізілетін болады. Сессия жұмыстары негізгі үш бағыт – Тұрақты экономикалық өсім, Әлемдік сауда және инфрақұрылым, Инновация және «жасыл экономика» бойынша жүргізіледі. «Тұрақты экономикалық өсім» тақырыбы бойынша 13 панелдік сессия, 1 дөңгелек үстел және 1 воркшоп өткізілу көзделінуде. Бұл тақырыптағы негізгі шараларды «Бреттон-Вудсты жаңарту жөніндегі комитет», Бүкіләлемдік банк, Азия даму банкі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Даму» қоры және басқа да беделді ұйымдар жүргізетін болады.
Форум аясында «Әлемдік сауда және инфрақұрылым» тақырыбы бойынша 6 панелдік сессия өткізу межеленуде. Бұл сессияларды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, The Boston Consulting Group, «Бәйтерек» ҰӘҚ» АҚ, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы, Боао Азиялық форумы хатшылығы және басқа халықаралық ұйым-
дар мен компаниялар ұйымдастыратын болады. «Инновация және «жасыл экономика» тақырыбы бойынша 4 панелдік сессия және 3 дөңгелек үстел өткізуге де әлемге танымал халықаралық ұйымдар жұмылдырылып отыр.
Астана экономикалық форумының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей қатысуымен өткізіліп келе жатқаны белгілі. Осыған байланысты әлемдік ірі экономикалық форумда Мемлекет басшысының тікелей қатысуымен өтетін дәстүрлі пленарлық отырыс 16 маусымда елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өткізіледі. Форумның пікір алысу алаңдарында әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, Нобель сыйлығының лауреаттары, белгілі экономистер бүгінгі жаһандық экономиканы дамыту мақсатын
дағы келелі ойларын ортаға салады.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Х Астана экономикалық форумына құрамында әлемдік деңгейдегі саясаткерлерді, Fortune Global – 500 тізіміне кіретін компаниялардың басшыларын, Нобель сыйлығының лауреаттарын топтастырған 3000-нан астам делегат қатысады. Олардың қатарында «JPMorgan Chase» төрағасы Джейкоб Френкель, БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы Питер Томсон, Бүкіләлемдік банк төрағасы Джим Ен Ким, Goldman Sachs төрағасы Жозе Маануэль Баррозу, Оңтүстік Корея жаһандық экономика институтының президенті Иль Саконг, ҚХР Бүкіләлемдік экономика жөніндегі орталықтың директоры Давид Даокуи Ли, Нобель сыйлығының лауреттары Рае Квон Чунг, Святослав Тимашев және басқаларды атауға болады.
Астана экономикалық форумының басты нәтижесі – әлемдік экономиканы сауықтыру және оны одан әрі дамытудың жолдары туралы G-20 елдеріне арналған ашық хат дәс түрі бойынша G-8 және G-20 ұйымдастыру алқаларына, Халықаралық валюта қорына, Дүниежүзілік банкке, БҰҰ және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына форумның күн тәртібінде талқыланған мәселелер бойынша қабылданған ұсыныстарды жолдау болып табылады. Астана форумының аясында қабылданған осындай жаһандық шешімдердің әлем экономикасын тұрақты дамудың даңғыл жолына түсіретін баламасыз бастама болуы да әбден мүмкін. Оған әлемнің белгілі ғалымдары мен саяси тұлғаларының Астана экономикалық форумының жұмысына жаһандық деңгейдегі Давос, Санкт-Петербург және Боао Азиялық экономикалық форумдары дәрежесінде берген бағалары дәлел болмақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»