30 Қыркүйек, 2011

Өңірлердің өскен өркені

529 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Астанада Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының күндері өтті ҚҰТ ҚОСТАНАЙ ТАРТУЫ Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту ауқымында белгіленген шаралар аясында 28, 29 қыркүйек күндері Астана қаласында Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын газетіміздің өткен санында хабарлаған болатынбыз. Төменде астаналықтар мен елорда қонақтарының көңілінен шыққан осы бұқаралық шаралар туралы мақалалар топтамасын жариялап отырмыз. Екі күн бойы Астана қаласындағы «Отан қорғаушылар» монументі жа­нындағы алаңда өтіп жатқан Қос­танай облысы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі қала жұртшылығының ерекше наза­рын аударды. Облыс әкімінің ауыл шаруа­шылығы жөніндегі орын­басары Нұралы Сәдуақасовтың ай­туынша, Қостанай облысының аза­мат­тары Тә­уелсіздіктің 20 жылдығы қар­са­ңында бас қаламызда өткізіліп отырған облыстың мәдени күндеріне жан-жақты дайындалған. Кәсіпкер­лерден басқа, облыс күндерін өткізуге өңірдің үлкен шығармашылық ұжым­дары да келіпті. Қостанай облысы елордадағы жәр­меңкеге 250 тоннадан астам әр­түрлі ауылшаруашылық өнімдерін әкелген. Еліміздің орманмен өрілген құйқалы да өрісті өңірінен әкелінген бұл тауарлар тұтынушылардың жоға­ры сұра­нысына ие болуда. Атап айтқанда, облыстың ауыл еңбек­керлері бас қаладағы жәрмеңкеде саудаға салған ет, сүт өнімдері және картоп, сәбіз, қырыққабат сияқты көкөніс түрлері, өсімдік майы мен жұмыртқа «пышақ үстінен» бөлініп әкетіліп жатты. Себебі, мұнда мака­ронның 1 килосы 125 теңге, ұнның 1 килосы 62-75 теңге, сүттің 1 литрі 140 теңге, картоп, сәбіз, қырыққабат­тардың әрбір килосы тиісінше 35, 45 және 15 теңгеден ай­налды. Сиыр етінің әрбір килосы 800-850 теңгеден саудаланды. Жәрмеңкеге келушілерді, әсіресе, Рудный қаласының «Карагулина» жеке кәсіпкерлігінің нан және нан өнім­дері қатты қызықтырды. Қостанай­дың қуатты да сапалы бидайынан пісірілген тәтті тоқаштардың 200-ден астам түрі саудаға салынды. Любовь Карагулина басшылық ететін бұл наубайхана Рудныйдың 100 тұрғынына жұмыс беріп отырған көрінеді. Қостанайлықтар Астана жұртшылы­ғын жоғары сұранысқа ие азық-түлік тауарларымен ғана қуантып қойған жоқ, сонымен бірге, мәдени күндер аясында ауқымды рухани-мәдени шаралар да өткізді. Атап айтқанда, Ұлттық акаде­миялық кітапханада Қостанай облы­сының күндері аясында үлкен мәдени-көпшілік шаралар өткізілді. «Туған өлкем – Қостанай» көрмесімен ашылған бұл мәдени шаралар өңірдің рухани-мәдени жетістіктерін паш етумен жалғасты. Көрермендерге Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы торқалы тойы қарсаңында облыстың қол жеткізген толағай табыстарын әр қырынан бейнелеген бейнефильмдер көрсетілді. Бұл шараларға өнерлі де шежірелі өңірден шыққан мәдениет, өнер және әдебиет майталмандары да көптеп қатысты. Астанадағы қазіргі заманғы өнер мұражайында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы келушілер­дің ыстық ықыласына ие болған көрме ұйымдастырды. Оның өзіндік себебі де бар. Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы еліміздегі ең көне мұражайлардың бірінен саналады. Ол 1915 жылы шаңырақ көтерген. Міне, осы көне мұражай көрмесіндегі тек Қостанай өңірінің ғана емес, сонымен бірге, еліміздің ғасырлар бойғы шежіресінен сыр шертетін жәдігерлер келушілерді зор танымдық әсерге бөледі. Иә, ежелден ауылшаруашылық саласының дамуына өзіндік қолтаң­басын қалдырып келе жатқан Қостанай облысы шын мәнінде еліміздің астықты құт қамбасы болып танылады. Биылғы жылы қостанайлықтар ел тарихында бұрын-соңды болып көрмеген бітік егін өсірді. Өңір диқандарының биылғы қол жеткізген жетістігі шын мәнінде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тар­тылған лайықты тарту еді. Бүгінгі күнге дейін облыс диқандары 7 миллион тонна бадана дән бастырды. Әлі де егіс көлемінің 12 пайызы орылмай жатқан көрінеді. Ауа райы қолайлылық танытса, қостанайлықтар тағы да қосымша 1 миллион тоннадан астам астық жинамақ. Іске сәт, ел ырыздығы еселене берсін! * * * ЫРЫСТЫ, КҮРІШТІ ҚЫЗЫЛОРДА Ақ күріштің отаны – Сыр өңірі республика Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арналған Астана қаласын­дағы облыс күндеріне ерен тарту-таралғымен келді. Қызылорда облы­сының ауылшаруашылық тауар өндірушілері мерекелік жәрмеңкеге 400 тоннадан астам әртүрлі тауарлар әкелді. Күрішті өлке елордалық тұтынушыларға Сыр маржанының неше түрлі сорттарын ұсынды. Жал­пы, облыстың мәдени күндері аясында өткізілген азық-түлік тауар­ла­рының жәрмеңкесінде 60 тоннадан астам Сыр маржаны сатылған көрінеді. Қызылордалықтар жәрмеңке күн­дері қала тұтынушыларына 200 тоннадан астам көкөніс түрлерін жеткізіпті. Қасіреті қаншалықты қалың болса да ел үміті мен Елбасының ерен ерік-жігерінің арқасында қайтадан арнасын толтыра бастаған Арал теңізінің балығы сауда сөрелерінен көптеп орын алды. Арал балықшылары Астанадағы жәрмеңкеге 30 тоннадан астам теңіз балығын әкелген көрінеді. Сауда сөрелерінде Аралдың сазаны, ақмарқа, түйетабан және мөңке сияқты балық­тың неше түрі алыстан көз тартады. Балық өнімдерін саудалауда, әсіресе, Қазалы ауданының «Бақыт» шаруа қожалығының үлесі зор. Біз осы шаруа қожалығының бас­тығы Аманбай Ерхатовқа жолығып, әңгімеге тарттық. «Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде өңірімізде балық шаруашылығын қалпына келтіру мақсатында айтарлықтай жұмыстар атқарылды, деп бастады ол әңгімесін. Арал өңірінің тұрғындары ежелден-ақ өздерінің тұрмыс-тіршілігін теңізбен, яғни балық аулау кәсібімен ұштас­тырған. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Назарбаевтың сара саясатының нәтижесінде ХХ ғасырдың апаты саналған Арал теңізі трагедиясының орны толғандай болды. Біздің Бөген ауылы осы қазынасы да, қасіреті де қалың Арал теңізінің жағасында орналасқан. Мемлекет басшысының тікелей тап­сырмасымен жүзеге асырылып жатқан елімізді индустрияландыру бағдар­ла­масы аясында мен басқаратын «Бақыт» шаруа қожалығында «Балық­ты өңдеу өндірісін ұйымдастыру» жөніндегі инновациялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның құны 33 миллион теңге тұрады. Осы жоба шеңберінде жүзеге асырылып жатқан шаралар ауқымында біз жылына 500 тонна балық өңдейтін зауытты іске қостық. Жоба ауқымында жылына 850 тонна балық аулау цехы іске қосылып, шаруа қожа­лығы мұздатылған балықта­рын көршілес Ресей облысына импорттауда. Қазіргі таңда бұл индустриялық жобаның екінші кезеңі – сұрпы ет дайындайтын цех құрылысы іске қосылмақ. Жобаны іске асыру аймақтағы балық ша­руашылығының дамуын жаңа белеске көтермек. Бүгінгі мереке шеңберінде өтіп жатқан облыс күндері аясындағы жәрмеңкеге, «Ба­қыт» шаруа қожалығы 5 тонна Арал балығын әкелді. Өзім басқаратын бұл шаруа қожа­лығында қазір 100-ге тарта балықшы еңбек етеді. Біз Германия технологиясы бойынша балық өнімдерін шығару тәсілін іске қостық. Атадан балаға мұра болған балықшы кәсібін игерген Төребек Діл­жанов, Марат Келімбетов сияқты балықшылардан құ­рал­ған ұжымымыз күніне 4-5 тонна балық аулайды. Ендігі мақсатымыз айдынды Аралдан өндірілетін балықты ел игілігіне жарату, дейді «Ба­қыт» шаруа қожалығының бас­тығы Аманбай Ерхатов. Қызылорда облысының Астанадағы мәдени күндері шеңберінде жәрмеңке аумағында Байқоңыр мұражайының көрмесі ашылды. Онда ғарыш айла­ғының жарты ғасырлық шежіресі, адамзаттың алғашқы ғарышкері Юрий Гагариннің суреті және өмір шежіресі орын алыпты. Сондай-ақ бұл көрмеде Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің, ғарышкер Талғат Мұсабаевтың ғарыш кеңістігін бағындырудағы ерен еңбектері жан-жақты көрініс тапқан. Байқоңырдан келген мамандар осы жәрмеңкеге жиналған халық алдында аспанға жүздеген ракеталар ұшырып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне отшашудан тарту тартты. * * * ОҢТҮСТІКТЕН ЕСКЕН ЖЫЛЫ ЛЕП Оңтүстік Қазақстан об­лысының Астана қа­ла­сындағы мәдени күн­дері қала әкімдігі жа­нындағы орталық алаң­да қанат жайды. Ұлы Абай ескерт­кішінің жа­нын­да кең құлаш жайған үлкен сахнада шырайлы оңтүстік өңірінен келген жезтаңдай әншілер мен мың бұрал­ған бишілер ұзақты күн алаңды ән мен күйдің мерекесіне бөледі. Облыс­тың ауыл­шаруашылық тауар өн­дірушілері арнайы ұй­ым­дастырылған жәр­мең­­келерде азық-түлік та­уар­ларының неше түрін қала тұрғындарына тарту етті. Ерекше атап көрсе­тетін мәселе, Оң­түстік Қа­зақстан облы­сының ауыл еңбеккер­лері өздері­нің табан ақы, маңдай терімен өндір­ген өнімдерін ел Тәуел­сіздігінің 20 жыл­ды­ғы құрметіне ұйым­дасты­рыл­ған жәрмеңкеде ел­ор­да тұрғындары мен қала қонақ­тарына базар бағасынан 30-40 пайыз төмен бағамен сатты. Иә, ұлттық рухымыздың ұйытқысы болып танылатын Оңтүстік Қазақстан облысының еңбеккерлері Тәуелсіз­діктің 20 жылы ішінде қарышты қадам­дармен алға басуда. Облыстың жалпы өнім өндіру көлемі 1991 жылғы 7 миллиард теңгеден 2010 жылы 163 есе өсіп, 1,1 триллион теңгеге жетті. Өңірдегі жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 121 есе артып, 1991 жылғы 3,7 мың теңгеден 2010 жылы 447,8 мың теңгеге жетті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ішінде өңірдегі халық саны 650 мың адамнан 2,6 миллион адамға өсті. 20 жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция 225 есе, облыс бюджетінің көлемі 25 есе өсті. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде өңірдегі өнеркәсіп өндірісі де артып, 2010 жылы 305 миллиард теңгені құрады. Облыста 280 жаңа кәсіпорын ашылып, 17 мың жаңа жұмыс орны іске қосылды. Еліміздегі үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарла­масы аясында қазірдің өзінде 57 ірі жоба іске қосылды. Соның бірі өңірде ірі құс етін өндіретін кешен – «Ордабасы құс» ЖШС болып табылады. Астана қаласында өтіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының күн­дері аясында Шымкент өңіріне күр­кетауық етін өндірумен атағы кең жайылған «Ордабасы құс» ЖШС-ның фирмалық дүкені ашылды. Астана қа­ласында алғаш ашылып отырған «Ор­дабасы құс» ЖШС-ның күркетауық етін сататын бұл арнайы дүкеннің ашылу салтанатына серіктестік басшылары, «ҚазАгроФинанс» АҚ және Қазақстан құс өсірушілер одағының өкілдері қатысты. Елбасының тікелей бастамасымен жү­зеге асырылып жатқан үдемелі ин­дус­триялық-ин­новациялық даму бағ­дар­ла­масы шең­берін­де іске қосылған ірі жоба – күр­кетауық етін өн­діру және қайта өңдеу жө­нін­дегі үлкен кешен өт­кен жылы құ­рылған бо­­ла­тын. Орда­ба­сы ау­да­нындағы Бадам ауылында қоныс тепкен «Ор­да­басы құс» ке­шенінің жал­пы құны 3 мил­лиард 802 мил­лион тең­гені құрайды. Құс фа­бри­касы­ның ди­ректоры Мұрат Та­ғаевтың ай­ту­ын­ша, қазір бұл үл­кен өн­діріс ор­ны 1150 тонна күрке­тауық етін өнді­реді. Жыл аяғына дейін бұл меже 2900 тоннаға жеткізілмек. Бү­гінгі заманның озық техно­ло­гиясы бо­йын­ша жабдық­талған құс фабрикасында 298 адам еңбек етеді. Қазір «Ор­дабасы құс» ЖШС-ның Шымкент, Алматы қа­лаларында арнайы дүкен­дері болса, енді елордада облыс күндері аясында бой көтер­ген жаңа дүкен қосылды. Оңтүстік Қазақстан об­лы­­сының күндері өткі­зілген Астана қаласы әкім­дігінің алдындағы үлкен алаңда азық-түлік тауар­ла­рының жәрмең­кесімен қо­са, оңтүстік өңірдің он саусағынан өнер тамған шеберлерінің қолынан шық­­қан неше түрлі бұйым­дардың көрмесі ұйым­дас­тырылған. Әсіресе, оңтүс­тік өңірінің атағы кеңге жайылған қолөнер шебер­лерінің туындылары жәр­мең­кеге келуші қала тұрғындарын ерекше әсер­ге бөледі. Қазақстан Тәуел­сіз­ді­гінің 20 жыл­дығы қар­саңында Астана қаласында ұйым­дасты­рылған Қостанай, Қызыл­орда және Оңтүстік Қазақстан облыс­тарының мәдени күндері мен азық-түлік та­уарларының жәрмеңкесі қала тұр­ғындары мен қонақтарының көңілінен шықты. Сәтті басталған бұл дәстүр алдағы уақытта да лайықты жалғасын таппақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.