Бұл қобыз Молықбай өлген соң, иесіз қалып, соғыс кезінде керегеде ілулі тұрыпты. Ел қамығып, қара жамылғанда күңіренген үн шығарады екен дейді бір аңыз. Қарағайдан шабылған, темірмен ұсталған, жиегі күмістелген. Аздаған жарығы бар. Сол жақ бүйіріндегі бұтақтың тұқылы әбден кеуіп, түсіп қалған. Бұл бертінде аспапқа реставрация жасаушылардың пікірі. Ел аузында бұл жарықтың пайда болуы туралы да аңыз бар. Байсақ бірде әлдекімнің босағасын аттай бергенде, босанған әйелдің жолдасы көмілген, былқылдап жатқан шұңқырға аяғы кіріп кетіп, жығылыпты. Сонда Байсақтың өз үйінің төрінде ілулі тұрған қобыз да өздігінен құлап түскен көрінеді. Сол сапар Байсақтың жіліншігі сынып, қобыздың әлгі жаңқасы ұшып кетіпті. Осы оқиғадан кейін ел-жұрт қобызға кие қонды деп есептеп, «жарық қара қобыз» атап кетіпті. Жарық қара қобыз өзінің киесін бертінде де көрсеткен көрінеді. 1978 жылы түгел жанып кеткен үйдің ішінен осы қобыз ғана аман қалыпты.
Әйгілі Молықбай әулиенің қобызы Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіровтің әдеби музей үйінде тұр. Музейге 1984 жылы өткізілген. Молықбайдың өзі түрмеде өлгенше қасынан тастамаған (тіпті түрмеде де) қобыз 1930 жылдан бастап келіні Адасқанның үйінде сақталыпты.
Қобыз қазір де тартуға жарап тұр. 2007 жылы Молықбай қобызшының 150 жылдығы қарсаңында реставрацияланған. Соңғы рет 2017 жылы мамыр айында, Музейлер күні қарсаңында тартылған.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы