АУДАН ТЫНЫСЫ ӘКІМ БАҚЫЛАУЫНДА
Сарыарқа ауданының әкімі С.Мұстафинаның тұрғындар алдындағы есебін тыңдауға халық көп жиналды.
Аудан бойынша мектептер мен балабақшалар салынып, олардың саны арта түскенін көлденең тарта келе, Елбасы тапсырған балабақша мәселесінің шешімін табу үшін бұрынғы ескі 8 балабақша ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жопарланғанын жеткізді.
Сарыарқа ауданының әкімі С.Мұстафинаның тұрғындар алдындағы есебін тыңдауға халық көп жиналды. “Тұран-Астана” университетінің акт залында бір бос орын жоқ. Университет қаладағы Технопарктің аумағында орналасқандықтан болар, негізінен осындағы мекемелердің қызметкерлері мен жоо-лардың ұстаздары жиналғанға ұқсайды.
Қала әкімінің орынбасары Е.Қожағапанов аудан әкіміне сөз берген соң мінберге көтерілген Сәбила Сапарқызы аудан бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды жұртшылық назарына жайып салды.
Сарыарқа ауданы – Астана қаласының ескі бөлігі, қала тұрғындарының жартысына жуығы шоғырланған (321 мың адам тұрады), қай сала бойынша да өндірістің өндіру аймақтары мен дамыған темір жол және қатынас жүйесі бар, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аудан. Мысалы, мұнде 80 ірі және орташа өндіріс пен құрылыс кәсіпорындары болса, ірі салық төлеушілердің өзі 12,7 мың екен. “Әлемді шарпыған экономикалық-қаржылық дағдарысқа қарамастан, Астана қаласы әлемдегі серпінді дамушы қалалардың бірі болып табылады. Бұл мойындалған дерек”,– деп сөзін бастаған аудан әкімі жылдық есебін сала-салаға бөліп тұрып айтты.
Алдымен инвестициялық және құрылыстық даму бойынша әкім келтірген деректерге біраз тоқтала кетейік. Сарыарқа ауданында қазіргі уақытта салынып жатқан 12 азаматтық құрылыс нысандары болса, 13 нысан Астана әкімдігінің пәтерлерді өтеп алуы бойынша салынуда, 4 нысан пайдалануға берілген. Ал үлескерлерді елеңдететін “АҚҚБ Жаңа Құрылыс” ЖСШ-нің күшімен салынып жатқан 4 проблемалы үйдің 2-уі: “Европейскийдің” 2-кезегі және “Оқжетпес” пайдалануға берілген, ал “Европейскийдің” 1-кезегі мен “Возрождение” тұрғын үйлерін жылдың аяғына қарай пайдалануға беру жоспарланыпты.
Бұлардан тыс 20 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүруде. Оларды құрылыс компаниялары өздерінің күшімен аяқтамақ. Мемлекеттік бағдарлама бойынша да Сарыарқа ауданында көптеген тұрғын үйлер салынып жатыр екен. Олар негізінен Тілендиев көшесінен орын тепкен. 13 тоғыз қабатты, 38 бес қабатты үйден тұратын, ұзын саны 51 үйдің құрылысы жүруде көрінеді. Үлестік құрылыс нысандарына байланысты арнайы ведомствоаралық комиссия жұмыс жасайтынын назарға салған әкім “NSK”, “Шаһар-Астана” ЖШС мекемелері басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Сонымен бірге, аудан бойынша мектептер мен балабақшалар салынып, олардың саны арта түскенін көлденең тарта келе, Елбасы тапсырған балабақша мәселесінің шешімін табу үшін бұрынғы ескі 8 балабақша ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жопарланғанын жеткізді. Расында, балабақша мәселесі Астана үшін шешуі үлкен күшті қажет ететін аса қиын түйінге айналғанына біраз уақыт болды. Әкім осы салмақты жеңілдететін жаңа екі балабақша құрылысының Кубрин және Мәскеу көшелерінде жүріп жатқанынан да хабардар етті.
Әкім есебі жан-жақты шығып, аудан өмірінің бар саласын қамтыды. Жол жөндеу мен қала ішіндегі жолаушылар тасымалы, аулаларды абаттандыру, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы, аудан құрамына еніп, жапсарлас жатқан “Көктал”, “Өндіріс” кенттерінің мәселелері, санитарлық тазалық, әлеуметтік сала дейсіз бе, қай-қайсы бойынша да атқарылған істер мен болашақтағы жоспарлар жайлы ой бөліскен аудан әкімі мұнан соң жұртшылық тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Алғашқы болып №14 автобус маршруты жүрісінің алшақтығына сын айтқан тұрғынға жауап берген әкім: “Осы есеп беру жиналысында сіздердің тараптарыңыздан қойылған бірде-бір сауал назардан тыс қалмайды, көңілдеріңіздегідей жауап дәл қазір айтылмаса да, олардың барлығы қала әкімінің бақылауына қойылады, әр мәселе бойынша жауапты адамдар оның қалай шешілгені турасында мәлім етеді”,– деді. Ауданның келесі бір тұрғыны “Казахстанская правда” газетінде жазылған Қызылорда облысындағы қолға алынған учаскелік полицияларға сайлау өткізу жайын үлгі етіп, тұрғындардың учаскелік полиция қызметкерлерін көрмейтінін сынға алды. Оған Астана қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Е.Бауэр жауап берді: “Бұл – республика көлемінде әр облыстың бірер ауданында байқап көру үшін жасалған жоба. Біздің қаламызда ол Алматы ауданында жүргізілуде. Мен бұйрықты орындайтын адаммын, егер Сарыарқа ауданында да осы жұмыс жасалу қажет деген тапсырма берілсе, орындаймыз”, — деді ол.
Есепті кездесуде ең бір жиі көтерілген мәселе технопаркке қатысты болды. Көптеген ірілі-ұсақты кәсіпорындар мен бірнеше жоо орналасқан осы аумақ үшін автобус қатынасы, оның ішіндегі тазалық жәйі мен жолдың нашарлығы айтылды. Әкім технопарк ішінде ғана жүретін арнайы автобус маршруты ашылатынын, ал жол жөндеу үшін жер астындағы инженерлік коммуникация желілерінің сараптамасы жоқтығына байланысты бұл істің кешеуілдейтінін жеткізді. Барлық құжат қолға тимей, жол жөндеуді бастамаймыз, ал жолдың ойылған жерлерін жамау ақшаны желге ұшырғанмен парапар. Сондықтан менің сіздерге өтірік уәде бергім келмейді, осы себепті күте тұруға мәжбүр боласыздар, деп сөзін сиырқұйымшақтатты.
Сәбила Мұстафина жазбаша және ауызша берілген сауалдардың барлығына жауап бере келіп, олардың кейбіреулерін шешуге байланысты жекелеген азаматтарды өзінің қабылдайтынын айтты және көмекшісіне олардың аты- жөндерін жаздырып алғызды.
Жалпы, аудан бойынша жұмыс жасайтын 28 ақпараттық-насихаттық топтар бар екен. Олар жұртшылықпен 90 рет кездесу өткізіп, оларға 24 375 адам қатысыпты. Әр кездесуде әлеуметтік мәселелер, денсаулық сақтау, білім беру жұмыстарының сапасын арттыру, тұрғын үй мәселесі көтеріліп отырыпты. Сол кездесулерден соң жүргізілген әлеуметтік сауалдамаларға жиі сүйене отырып есеп берген әкіммен жүздесу аудан тынысының бақылауда ұсталатынын танытқандай.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.