30 Қыркүйек, 2011

Уақыт талабындағы міндет

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әсем Астанамыздың күн санап өсіп, өркендеуі қосымша қызмет түрлерінің аясын да кеңітуде. Қазір елорданың айна­ла­сында тұтас алгомерациялық желі қалыптасып келеді. Осы­дан келіп туындайтын басты мақ­сат қалыңдай түскен тұрғын­дарды сапалы азық-түлікпен жыл бойы қамтамасыз ету екендігі белгілі. Елбасы бұл жөнінде іргелес Ақмола облысына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Қала­лық­тарға нан, ет, сүт өнімдері­мен қатар, көкөніс пен жемістерді тоқтаусыз жеткізіп беру де жауапты іс. Ал оны Астана дастарқанынан жыл бойы үзбеу арнайы қоймаларсыз шешіле қоймайды. Қоймалар бұрыннан болғанымен, уақыт талабын­дағы нысандар санаулы. Солар­дың бірі Аршалы ауданының орталығындағы «Формула успеха» компаниясы» ЖШС-ның жаңа үлгідегі қоймалары деуімізге болады. Біз ұжым басшысы Мұрат Шай­мерденовпен биылғы ақпан айында Көкшетау қаласында өт­кен ауылшаруашылық өнімдері­нің жәрмеңкесінде танысқанбыз. Қақаған аязда бұлардың алып рефрижератор көлігінің маңайы кісіден бір сәт үзілмеген. Қала­лықтар қаптап картоп пен қы­рыққабат, пияз, келілеп алма, ал­мұрт, жүзім алып, жүздері жады­рап сала берген. Бағасы да дүкен­дер мен жабық базарда­ғыдан 30 пайызға арзан. Бұл дел­далсыз сауданың артықшылығын көрсе­те­ді. Айтпақшы, жоғарыда­ғы жәр­меңкенің бір күнінде серіктестік Астана мен Көкшетауда 20 тонна картоп, 9 тонна сәбіз, 8 тонна пияз саудалапты. Біз осы­дан кейін ЖШС директорымен жиі кездесіп тұрдық. Жақында Аршалыда болудың да сәті түсті. Қыркүйектің 17-інде далада 30 градустан астам ыстық болып тұрды. Қаз-қатар тізілген қойма­лар­дың шеткісіне енгенімізде кә­дімгідей тоңуға айналдық. Мұ­­ның қос қапталында картоп, қы­зыл­ша, сәбіз, қырыққабат сақта­лады екен. Ұстап көргенімізде бақшадан жаңа ғана қазып немесе үзіп алынғандай әсерде бол­дық. Сондай-ақ, қоймалардың әр­қайсысында температура әртүрлі екендігін байқап келеміз. Ал термос қоймаларда әншейінде тез бұзылатын жемістер мен көк­өністер сақталады. Жылылық пен суықтық автоматты түрде рет­теліп, компьютермен басқары­лады. Мұрат бауырымыз қалдық­сыз жұмыс істейтіндіктерін айта­ды, тіпті, бір пайыздық шығын дабыл қағарлық оқиға саналады дейді. Қоймалардың жалпы сыйым­дылығы 3000 тонна ауылша­руа­шылық өнімін  сақтауға мүмкін­дік береді. Осының арқасында 2010 жылғы тауар айналымы 100 миллион теңгеге жеткен. Өнімдер «Сарыарқа» ӘКК-ден жалға алынған 17 павильонда сатылуда. Бүгінгі таңда компания Ас­танадағы «Шарын» база­рында сыйымдылығы 80 тонна­лық екі нүкте және «Метро» сауда-жәрмеңке кешенінен дүң­гіршек ашқан. Бұл кіріс көзен молай­татын қадам болғанымен, «Формула успеханы» уақыт тала­бын­дағы жаңа жоба-жоспарлар ма­за­лайды екен. – Қойманы жабдықтаумен іс бітпейді, – дейді кезінде 20 жыл кеңшар басқарған тәжірибелі маман М.Шаймерденов. – Сервистік дайындау орталықтарын құру керек. Осы бағыттағы инно­вациялық жобаны Үкімет те қол­дап отыр. Біз дайындық сатысын бастап та кеттік. Жаңа қойма салынып, өндірістік база қайта құрылды. Қазір өзіміз келісім-шарт түзген шаруашы­лық­тар мен шаруа қожалықта­рынан, оңтүстік өлкедегі әріптес­терден әртүрлі өнімдер жеткізілуде. Жұмысшы­ла­рымыздың бар­лы­ғы жергілікті азаматтардан іріктеліп, оларға қолайлы еңбек жағдайлары жа­сал­ған. Орташа жалақы 50 мың теңгеден айналуда. Монша­мыз, 60 орындық дәмханамыз бар, қуат­ты компрессорлар, техникалар алып жатыр­мыз. Бұған қы­руар қаржы жұм­салды. Ендігі жерде, жан-жақты сарапталған жо­бамыз қолдау тапса, таразы ша­руа­шылығынан бастап зерт­ханаға дейінгі өндірістік қуаттар­ды арттыру, дербес жеміс-көкөніс шаруашылығын құру, мал  өнім­дерін дайындау, шұжық цехын ашу ниетіндеміз. Құзырлы орындар осындағы жиырма жұмысшыны толғанды­ратын төмендегі мәселені шешуге септік жасалса деген тілек айтылды. Яғни, компания 51 пайыздық үлеспен «Сарыарқа» ӘКК-мен әріптестік байланыста болыпты. Биыл «Сарыарқа» Астана қаласының қарауына көш­кен. Сол  үлес аршалылықтардың меншігіне берілсе, ортақ істің аясы кеңіп, тиімділік арта түспек. Құлшыныс жетегіндегі ұжым бұған кепілдік береміз дейді. Үнемі қозғалыс пен ізденіс үстіндегі істің еселі қайтарымы болатындығы белгілі. Осы ретте, «Формула успеханың» талпы­ныс­тары табысқа бастайды деген ойдамыз. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы, Аршалы ауданы.